– Президенттің сөзі бар еді, «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, атқарушы билік азаматтардың өтінішіне уақытылы әрі мазмұнды жауап беруі тиіс деген. Алайда іс жүзінде олай болмай тұр. Қаншама депутаттық сауал көтеріп жатырмыз. Иә, біразы шешімін тауып та жатыр. Бірақ біздегі министрліктердің немқұрайлы, жаттанды, формалды жауап беруі жиілеп барады. Жауаптарына қарап отырсаң, кейде не жазғандарын өздері де түсінбейтін сияқты.
Өткенде “Ауыл аманаты” жобасы жайында мәселе көтердім. Иә, 2023 жылы 100 млрд теңге көлемінде шағын несие бердік. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты былтыр 20 млрд теңге ғана бөлінді. Ауылдағы ағайынның табысын арттыруға бағытталған жалғыз жоба осы болғандықтан, тұрғындардың үміті де, айтар өкпе-назы да көп. Әкімдік үш-төрт айлап құжат жинатады. Бірақ беретін ақша жоқ. Бұл – бір.
Екіншіден, Ұлттық экономика министрлігіне айтылған негізгі ұсыныс – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында барлық ауылдық елді мекенде «Агросауат» оқу орталығын құру туралы болатын. Пилоттық жоба Жамбыл облысының Меркі ауданында ойдағыдай жүзеге асып жатыр ғой. Жоба аясында ауыл тұрғынына жеңілдетілген несие берілген соң, оларды ауыл шаруашылығы бойынша кәсіби оқыту және жыл сайынғы қолдау көрсетуді жалғастыру керекпіз.
Мемлекет басшысы аталған бастаманы қолдады. “Агросауат” орталықтарын басқа өңірлерде ашу туралы Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге тапсырма берді. Алайда Ұлттық экономика министрлігінің жауабына қарасам, ұсыныс ескерусіз қалған. Әлі күнге дейін нақты шаралар қабылданбаған. Яғни, жоспарлары жоқ, жауапсыздық деген сөз.
Мәселе жеңілдетілген несиені таратып берумен шектелмейді. Тауар өндірушілерге жүйелі қолдау қажет. Оқыту, тоқыту, үйрету, кооперативтерге біріктіру, өндірілген өнімдерді өткізу жолдарын бірден меңгерту маңызды. Қысқасы, “Агросауат” оқу орталықтарының жоқтығынан, қаржылық тұрақсыздық, несиенің уақытында қайтарылмауы сияқты мәселелер туындап отыр.
“Несие алатын адамдардың тізімін толтырдық, мәселе бітті” деген қөзқарастан арылыңыздар. Қандай жақсы жоба еді?! Бірақ немқұрлықпен “Ауыл аманатына” қиянат жасап жатырмыз. Сондықтан тез арада өңірлерде «Агросауат» оқу орталығын құру жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, бұл орталықтардың қызметін қаржыландыруды, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын дамыту шарасын қамтитын бюджеттік бағдарламаны нақтылау керек, – дейді депутат.