Жер мәселесі қай уақытта да ең маңызды. Оның ішінде заңсыз берілген жерді қайтару, ауыл тұрғындарына жетіспейтін жайылым және басқа да жер қатынастарды ретке келтіру бойынша «AMANAT» партиясы еліміз бойынша «Жер аманаты» жобасын іске қосып, түйткүлді мәселелердің шешілуіне мұрындық болып отыр.
Қызылорда облысында «Жер аманаты» жобасының аясында соңғы екі жылда 300 мың гектардан аса жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Қайтарылған алқаптар мал өсіріп, егін егіп, игеруге ниетті азаматтарға беріліп жатыр. «Жер аманаты» жобасының игілігін көріп отырған азаматтың бірі – Сырдария ауданы Айдарлы ауылының тұрғыны Қожахмет Сүйіндіков.
Қожахмет Сүйіндіков «Жер аманаты» жобасы аясында өзіндік кәсіпкерлікке негізделген фермер қожалығын жүргізу үшін 2023 жылы ауыл шетінен 320 гектар жер алған. Мал шаруашылығын дамыту мақсатында 50 бас мал алып, аталған жерге бағып, мал қора соғып, ет-сүт өнімдерін ауыл халқына өткізіп жатыр. Қазір ол алқапқа 100 түп жеміс ағашын, сонымен қатар мал азығы үшін 5 га жерге жоңышқа егіп, игілігін көріп отыр. Қолдан көл жасап, балық шаруашылығын да игерген. Алдағы уақытта қожалықты кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Зейнетке шыққан соң атакәсіпті жалғастырып, мал ұстағым келді. Әрине, ол үшін жер керек. Ауыл іргесінде қолайлы да жер болмады. Осылайша, жер іздеп жүргенде «AMANAT» партиясы игерілмей, заңсыз пайдаланып отырған жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып жатыр дегенді естіп, партияның аудандық филиалына бардым. Ондағы жігіттер жер алу жолын көрсетіп, конкурстық негізде осы жерді алдым. Басына үй, қора салып, ірі қара мал ұстап отырмын. Одан бөлек, жеміс ағашын егіп, бақшаға айналдырып жатырмын. Жерді құнарландыру әрі мал азығы үшін 5 гектар жерге жоңышқа егіп отырмын. Қолдан көл жасап, балық асырап та жатырмын. Сыртта отырғаннан кейін омарташылық кәсіпті де осы жерде қолға алып жатырмын. Осындай мүмкіндік беріп отырған «AMANAT» партиясына шынайы алғысымды айтамын. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтысам деген де жоспарым бар», – деді Қожахмет Сүйіндіков.
Атап өтейік, биыл өңірде «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмаған 60 мың га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланып, жыл басынан 30 787 га мемлекет меншігіне қайтарылған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.