Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Журналистика факультетінің магистранттары ерекше жобаны жүзеге асырды. Олар жасанды интеллектің көмегімен қазақ тілінде алғашқы ғылыми-танымдық, конвергентті әрі инклюзивті газетті жарыққа шығарды.
Білім алушылардың креативті ойлауы мен заманауи технологияны игеру қабілетінің нәтижесінде басылып шыққан газет «AI-Tamyz» деп аталады. Басылым ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына ғана емес, ғылымға қызығушылық танытқан қалың оқырманға арналған. Жаңаша форматтағы газетте ЖИ құралдарының көмегімен жасалған материалдар топтастырылған. Жоба авторларының айтуынша, газетті шығару туралы идея сабақ барысында кездейсоқ пайда болған.
– Data-журналистика пәні бойынша кезекті семинар сабағында дәріскеріміз Қанат Әуесбайұлы Италияда жасанды интеллект көмегімен жасалған тұңғыш газеттің шыққаны туралы ақпаратты талқылауды ұсынды. Ол ізінше «осындай газетті неге қазақ тілінде өзіміз жасамасқа?!» деген ой тастады. Осылайша біз тобымызбен бірлесіп, нейрожелі арқылы жасалған қазақ тіліндегі тұңғыш газетті жасап шығуға бекіндік. Сапалы мақала, қажетті сурет пен бейнені генерациялау үшін ондаған ЖИ бағдарламаларын сынақтан өткізіп, жүздеген тапсырма беріп, діттегенімізге ақыры жеттік. «AI-Tamyz» – конвергентті, инклюзивті газет. Бүгінде ЖИ саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатыр. Сондықтан алдағы уақытта газет әлдеқайда сапалы әрі жылдам жасалады деп ойлаймын, – деді газеттің бас редакторы, «Халықаралық журналистика» мамандығының 1-курс магистранты Нұр-Алтай Өмірзақ.
Ал шығармашылық топ жетекшісі Қанат Әуесбайұлы жасанды интеллект бағдарламаларының 2024-2029 жылдарға арналған мемлекеттік даму стратегиясы қабылданғанын назарға ала отырып, магистранттар әзірлеген жоба осы бағытта әзірленген игі бастамалардың бірі екенін жеткізді.
– Мемлекет басшысы мемлекеттік тілде контент әзірлейтін нейрожеліні дамытуға аса зор мән беріп отырғаны белгілі. Ректорымыз Жансейіт Қансейітұлының тікелей басшылығымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі білім беру мен мамандар даярлау ісінде жасанды интеллектінің қолданыс аясын кеңейту басым бағыттың біріне айналды. Бұл орайда университетімізде Орта Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. Оның игілігін студенттер мен жас ғалымдар көріп, өз тәжірибесі мен ғылыми ізденісін іске асырады. Нейрожелі көмегімен әзірленген қазақ тіліндегі алғашқы «AI-Tamyz» газеті – Журналистика факультетінің магистранттары қолға алған тың бастамалардың жарқын көрінісі, – деді Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Қанат Әуесбай.
Цифрлық технология мен жасанды зердені ұштастыра білген студенттер газеттің тек дәстүрлі нұсқасымен шектеліп қалмай, оның аудиомәтіндік және бейнеконтенттік түрлерін де қатар ұсынды. Басылымның басты ерекшелігі де сол, газетте жарияланған барлық ақпарат нейрожелі көмегімен даярланған. Мақалалар, суреттер, бейнеконтенттер мен аудионұсқалар толығымен жасанды интеллектің түрлі платформалары арқылы генерацияланған.
Газеттің инклюзивті сипаты да ерекше атап өтуге тұрарлық. Көру қабілеті төмен жандар үшін барлық материалдың аудионұсқасы QR-код арқылы қолжетімді. Мұндай кодтар әр мақаланың соңында, газеттің төменгі оң жақ бұрышында орналасқан. Жас мамандар бұл әдіс арқылы ақпараттың барлық аудитория үшін қолжетімді болуын көздегенін айтады. Одан бөлек газет атауы да ерекше мазмұнға ие.
– «AI-Tamyz» атауының бірнеше түсіндірмесі бар. AI – ағылшынша «Аrtificial intelligence» – «жасанды интеллект» деп аударылады . «Ai» және «Tamyz» сөзімен бірігіп, дыбысталуы жағынан «Айтамыз» етістігін білдіріп тұр. Ол ғылым мен білімде, күнделікті өмірде болып жатқан өзекті оқиғалар мен мәселелерді айтамыз дегенді меңзейді. Оның үстіне, тамыз айы жеміс-жидек пен көкөністің мол өнім беретін айы екені белгілі. Сол себепті «бұл басылымның елге берер өнімі көп болсын» деген ізгі ниетпен қойылды. Бір жағынан көркемдік әдеби тұрғыдан «Әй, майын тамызып айтады екенсің» деген сөз тіркесімен де қисынды үйлесіп тұр, – деді білім алушылар.
«AI-Tamyz» газеті – «заманауи технология» деп аталатын алпауыт күштің баспасөз бағытына да әсер етіп отырғанының айқын бір көрінісі. Осындай тың жобалар медиа саласында инновациялық шешімдерді қабылдауға, қазақ журналистикасының болашағын жаңа бағытта дамытуға ықпал етеді деп сенеміз.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.