«ҚазМұнайГаз» ҰК мен AD Ports Group екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда.
Каспий теңізі үшін кемелер салу туралы инвестициялық шешім қабылданды
Фото: ҚазМұнайГаз
1,819
оқылды

1 мамырда Абу-Даби қаласында (БАӘ) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов AD Ports Group бас директоры Мұхаммед Әл-Шамисимен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша контейнер тасымалы көлемінің өсіп жатқанын ескеріп, Каспий теңізі үшін контейнерлік кемелерді салу жөнінде келіссөз жүргізді.

AD Ports Group екі заманауи контейнерлік кемені салу туралы инвестициялық шешім қабылдады. Кеменің жобасын ҚМГ және AD Ports Group бірлесіп әзірлегенін атап өткен жөн. Оның контейнерлік сыйымдылығы — Каспий теңізі үшін рекордтық 780 ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент) дейін болмақ.

Сонымен қатар тараптар іске асырылған жобалардың нәтижелерін және алдағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. А.Хасенов Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы өзара тиімді мүдделердің жоғары деңгейін көрсететін серіктестік байланыстарды нығайтуға күш салып, қолдау көрсеткені үшін AD Ports Group басшылығына алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, ҚМГ мен AD Ports Group арасындағы ынтымақтастық Каспий теңізі мен ашық теңіздер үшін танкер және сауда флотын дамыту, офшорлық жобаларды қолдау үшін флот құру сияқты бағыттарды қамтиды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.