Миллиардтаған микроағзадан тұратын бұл әлем біздің иммундық жүйемізден бастап, көңіл күйіміз бен метаболизмімізге дейін түрлі маңызды үдеріске әсер етеді. Соңғы жылдары медицинада ішек микрофлорасын қалпына келтірудің тың әрі тиімді тәсілі ретінде нәжіс трансплантациясы кеңінен зерттеле бастады. Ғылыми атауы фекальды микробиота трансплантациясы (FMT) деп аталатын әдіс бір адамның сау ішек бактерияларын басқа адамның ішегіне көшіру арқылы емдеуді көздейді. Бір қарағанда тосын әрі оғаш көрінетін бұл процедура шын мәнінде күрделі ғылыми негізге сүйенеді және антибиотикке бой бермейтін кейбір ауруларға қарсы тиімді балама ем ретінде қарастырылып отыр.
«Сары сорпадан» басталған терапия
Нәжіс трансплантациясы – ғылымға енді ғана келіп жатқан жаңалық емес. Бұл әдістің тарихы тереңде жатыр: ол алғаш рет ежелгі Қытайда қолданылғаны туралы деректер бар. Шамамен біздің дәуіріміздің IV ғасырында өмір сүрген қытай дәрігері Гэ Хун (Ge Hong) іш ауруларына шалдыққан науқастарды «сары сорпа» деп аталатын ерекше сұйықтықпен емдеген. Бұл сұйықтықтың құрамында адам нәжісі болған деген болжам бар. Оны науқасқа ішкізудің мақсаты – ішектегі бұзылған тепе-теңдікті қалпына келтіру. Осыған ұқсас емдеу тәсілдері орта ғасырларда Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада да болған деген мәліметтер кездеседі.
Ал заманауи медицинада нәжіс трансплантациясы жайлы әңгіме ХХ ғасырдың ортасында айтыла бастады. 1958 жылы америкалық хирург Бен Эйсман мен оның әріптестері антибиотиктерге бой бермейтін ауыр ішек инфекциясына шалдыққан төрт науқасқа нәжіс ерітіндісін тік ішек арқылы енгізу арқылы ем жүргізген. Бұл ем сәтті болып, науқастардың жағдайы жақсарғаны байқалды. Бұл қазіргі медицинада ресми тіркелген алғашқы клиникалық нәжіс трансплантациясы болып саналады.
Кейінгі онжылдықтарда бұл әдіске қызығушылық бәсеңсігенімен, 2000 жылдардан бастап микробиом туралы ғылыми зерттеулердің көбеюі нәжіс трансплантациясына деген қызығушылықты қайта жандандырды. Қазір бұл әдіс бірнеше дамыған елде ресми түрде тіркелген емдеу тәсіліне айналды.
Ішек пен ми арасында да байланыс бар
Бүгінде нәжіс трансплантациясының әлеуеті әлдеқайда ауқымды екені дәлелденіп отыр. Әсіресе, Clostridium difficile атты инфекцияға қарсы күресте бұл әдіс медицина әлемін таңғалдырды. Бұл инфекция адамның ішегінде токсиндер таратып, диарея мен қабыну туындатады. Ең жаманы, ол антибиотиктерге оңай көне қоймайды. Ал нәжіс трансплантациясының көмегімен бұл инфекцияны емдеу тиімділігі 90%-ға дейін жететіні көп клиникалық зерттеуде көрсетілген.
Соңғы жылдары ғалымдар нәжіс трансплантациясының басқа да ауруларға әсері болуы мүмкін екенін байқады. Мәселен, ойық жаралы колит және Крон ауруы сияқты қабынбалы ішек ауруларымен күресте кейбір пациенттер FMT-тен кейін жағдайы жақсарғанын айтқан. Әзірге бұл әдіс аталған ауруларға ресми ем ретінде бекітілмесе де, ремиссияға жеткен науқастар үлесі кей зерттеулерде 30-50% шамасында болған.
Нәжіс трансплантациясын метаболикалық ауруларға қарсы амал ретінде де айтуға болады. Бір зерттеуде семіздікке шалдыққан ер адамдарға нәжіс доноры ретінде арық әрі метаболизмі жақсы жұмыс істейтін донорлардың материалы қолданылған. Нәтижесінде, оларда инсулинге сезімталдық артқаны байқалған. Әрине, бұл адам арықтай салады деген сөз емес, бірақ ішек микрофлорасының зат алмасуға қатысы барын көрсетеді.
Ал енді ішек пен ми арасындағы байланыс – мүлде бөлек әңгіме. Соңғы зерттеулер микрофлораның күйзеліске, мазасыздыққа, тіпті аутизм спектріндегі бұзылыстарға ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті. 2019 жылы АҚШ-та жүргізілген бір тәжірибеде аутизмге шалдыққан балаларға нәжіс трансплантациясы жасалып, тек ішек жұмысы емес, мінез-құлық пен сөйлеу дағдыларының да жақсарғаны тіркелген.
Әрине, бұл әдіс бәріне бірдей дәрі емес. Бірақ қазіргі ғылым нәжіс трансплантациясын тек ішекке емес, бүкіл ағзаға әсер ететін қуатты құрал ретінде зерттеуде.
«Биологиялық» бизнес
Ал енді трансплантация процесі қалай өтетініне тоқталайық. Алғашқы кезең – донор табу. Донор болатын адамның денсаулығы мінсіз болуы шарт. Яғни, жұқпалы аурулармен ауырмауы, ас қорыту жолдары бұзылыстарының болмауы, соңғы айларда антибиотик қолданбауы, жалпы иммундық жүйенің жақсы күйде болуы маңызды. Донор қан және нәжіс талдауларынан толық тексерістен өтеді. Кей елдерде тіпті бұл үшін арнайы «нәжіс банктері» құрылған. АҚШ-та кейбір клиникалар мен зерттеу ұйымдары нәжіс донорларын жарнама арқылы іздейді. Мысалы, GoodNature атты бағдарламада «Сіздің нәжісіңіз адам өмірін құтқаруы мүмкін» деген ұранмен адамдарды донорлыққа шақырып, арнайы бейнероликтер таратылады. Шарттары да жаман емес: егер сіз Калифорниядағы Ирвайн немесе Аризонадағы Темпе қалаларының маңында тұрсаңыз, ішек флораңыз талапқа сай келсе, бағдарламаға қатысып, айына 1 500 долларға дейін табыс таба аласыз. Бір рет нәжіс тапсырудың өзі шамамен 75 доллар, ал ішегіңіздегі кейбір бактерия түрлері ерекше құнды саналса, қосымша бонустар да қарастырылған.
Процедураның келесі кезеңі – материалды дайындау. Донордан алынған нәжіс стерильді жағдайда арнайы сұйықтықпен араластырылып, сүзгіден өткізіледі. Бұл қоспа тек пайдалы бактериялардан тұратын, залалсыздандырылған микробиологиялық «коктейльге» айналады.
Қоспаны науқасқа жеткізудің бірнеше жолы бар. Ең жиі қолданылатын әдіс – колоноскопия арқылы ішекке енгізу. Бұл жол – микрофлораны тікелей ішекке жеткізудің ең тиімді тәсілі. Сонымен қатар зонд немесе капсула түріндегі әдістер де қолданылады. Соңғысы – заманауи әрі ыңғайлы тәсілдердің бірі. Бұл жағдайда арнайы өңделген капсулаларды ішіп, микрофлораны ас қорыту жолдары арқылы қабылдауға болады.
Процедура алдындағы дайындық та маңызды. Әдетте науқас ішек тазарту курсынан өтеді – бұл жаңа микрофлораның ішекте жақсы «қоныстануына» жол ашады. Кей жағдайларда алдын ала антибиотиктер де тағайындалуы мүмкін.
Әмбебап амал емес
Нәжіс трансплантациясы қызықты, тіпті болашағы зор терапия болғанымен, бұл әдіс бәріне бірдей және барлық жағдайда қауіпсіз деп айта алмаймыз. Ең алдымен, донор нәжісінің құрамында тек пайдалы емес, зиянды микроорганизмдер де болуы мүмкін. Сол себепті донор таңдау мен тексеру процесі өте мұқият жүргізілуі керек. Кейде барлық тексеруден өтсе де, кейіннен донор ағзасында бұрын анықталмаған вирустар немесе метаболикалық бұзылыстар болуы мүмкін – олар трансплантация арқылы реципиентке де берілуі ықтимал. 2019 жылы АҚШ-та дәл осындай жағдай тіркеліп, иммунитеті әлсіз науқас донорлық нәжіс арқылы көп дәріге төзімді бактерия жұқтырып, қайтыс болған. Осыдан кейін FDA (АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау басқармасы) нәжіс трансплантациясына қатысты қатаң талаптар енгізді.
Тағы бір маңызды мәселе – микробиомның күрделілігі. Әр адамның ішек флорасы – өз алдына бір әлем, ол ерекше тепе-теңдікпен жұмыс істейді. Сырттан енгізілген микрофлора бұл тепе-теңдікті бұзып, күтпеген реакцияларға әкелуі мүмкін.
Этикалық тұрғыдан алғанда да сұрақтар аз емес. Мәселен, донорлық нәжіс коммерциялық тауарға айнала ма? Жоғарыда айтылғандай, кей елдерде нәжіс донорларына ақша төленеді. Бұл бір жағынан мотивация болса, екінші жағынан биологиялық материал айналасында бизнес қалыптастыру қаупін туғызады. Донорлар өз денсаулығын дұрыс бағаламай, тек табыс үшін жалған ақпарат беруі мүмкін. Мұндай жағдайда реципиентке қатер төнеді.
Түйін:
Болашақта микробиом инженериясы, яғни пайдалы бактерияларды мақсатты түрде синтездеп, науқасқа беру нәжіс трансплантациясын мүлде жаңа деңгейге шығаруы ықтимал. Бұл жағдайда енді біз «классикалық нәжісті» емес, нақты функция атқаратын микробтар қоспасын қолданатын боламыз: таза ғылым мен технологияның симбиозы дегеніміз осы. Алайда қандай жаңалық болмасын, қауіпсіздік, этика және ғылыми негізде жұмыс істеу – осы әдістің болашағын айқындайтын басты факторлар болып қала бермек.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ