Сәтбаев университеті халықаралық ынтымақтастық көкжиегін кеңейте отырып, Пәкістанның Ұлттық ғылым және технология университетімен (NUST) серіктестік қарым-қатынас орнатты.
Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы халықаралық деңгейде насихатталады
1,420
оқылды

Бұл келісім аясында Қаныш Сәтбаев атындағы Ғылыми-білім беру орталығын NUST кампусында ашу мәселесі қарастырылуда. Орталық келесі оқу жылында Исламабад қаласында жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр.

Жаңа орталық – ғылымды дәріптейтін беделді алаңға айналмақ. Ол студенттер мен оқытушыларды, сондай-ақ білімге құштар барша жанды біріктіреді. Әсіресе, қазақ мәдениеті мен ғылымының ірі өкілі, қазақ геологиялық мектебінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын танытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, танымдық жобалар жүзеге асырылады.

Серіктестік аясында университеттер бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, студенттер мен оқытушылар алмасуын, ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастыруды, сондай-ақ стартаптар мен инновациялық жобаларды қолдауды жоспарлап отыр. Тараптар халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, бастамаларды өзара қолдауға және білім алушылардың кәсіби өсуіне қолайлы жағдай жасауға келісті.

Келісімге қол қою рәсімі Исламабад қаласында өткен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы Үкіметаралық бірлескен комиссияның 13-отырысы аясында өтті. Іс-шараға Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының делегациялары қатысты. Сонымен қатар Сәтбаев университеті делегациясы екі ел университеттерінің алғашқы форумына және «Қазақстанда білім алу» атты білім көрмесіне қатысып, еліміздің тұңғыш техникалық университетінің ғылыми жетістіктері мен білім беру мүмкіндіктерін таныстырды.

Бұл келісімдер Қазақстан мен Пәкістан арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеріп, мәдени және академиялық байланыстарды нығайтуға зор үлес қосады.