Соғыс жылдары идеологиялық күрестің алдыңғы шебіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының мақсаты – халықты біріктіру, жауынгерлерге – рух, ал тылдағы еңбеккерлерге серпін беру болды.
Майдан үні
1941 жылдың жазынан бастап, Қазақстанда бейбіт уақыттағы көптеген газет-журналдың шығарылымы уақытша тоқтатылды. Бұл қадам, ең алдымен, күш пен қаржыны үнемдеу, ақпарат құралдарын әскери мақсаттарға бағыттау үшін жасалды. Мәселен, «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Октябрь балалары» сынды жастарға арналған басылымдар мен «Коммунист», «Жас большевик», «Қазақстан колхоз-совхоздары», «Халық мұғалімі» тәрізді салалық газеттер мен журналдардың жұмысы уақытша доғарылды.
Соғыс жағдайында бұл басылымдардың атқаратын қызметін республикалық ірі газеттер – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» өз мойнына алды. Олар елдегі жаңалықтарды, майданнан келіп жатқан хабарларды, ерлік істерін үздіксіз жариялап отырды. 1941-1945 жылдар аралығында республика бойынша жалпы саны 229 газет жарық көрді. Оның төртеуі – республикалық деңгейде, 28-і облыстық, ал 197-і қалалық және аудандық деңгейдегі газеттер болды.
Айта кетерлігі, соғысқа қарамастан облыстық газеттер саны айтарлықтай қысқарған жоқ. Керісінше, жергілікті аудандық газеттердің саны өсті. Бұл – ақпаратты ауыл-аймаққа дейін жеткізу қажеттілігімен байланысты. Алайда бұрын күн сайын жарық көріп жүрген кейбір газеттер енді аптасына үш рет шығатын болды. Сонымен қатар, ірі кәсіпорындар мен зауыттарда 44 көптиражды газет те жұмыс істеп тұрды. Бұл басылымдар жұмысшы-шаруа қауымын жігерлендіріп, олардың майдан үшін еңбек етуіне идеологиялық серпін берді.
Газеттердің мазмұны түгелдей соғыс қажеттілігіне бейімделді. «Бәрі майдан үшін!», «Бәрі жеңіс үшін!» ұранымен шыққан материалдар халықты Отанды қорғауға, тылда адал еңбек етуге үндеді. Басылым беттерінде бас мақалалар, майдан даласынан жолданған хаттар, ерлік очерктері мен патриоттық үндеулер жиі жарияланып отырды.
Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ тілінде жиырмаға жуық майдандық газет жарық көрді. Ең алғашқы қазақ тіліндегі майдандық газет – Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның «Отан үшін» газеті. Мұны кейін Солтүстік Батыс майданының газеті қылған. Сондай-ақ «Жауға қарсы аттан», «Суворовшы», «Совет жауынгері», «Қызыләскер ақиқаты», «Сталин туы», «Дабыл» секілі басылымдар да жауынгерлер арасында ақпарат таратып, моральдық қолдау көрсету, ұйымдастыру жұмыстары секілді маңызды міндеттерді атқарды. Бұл майдан басылымдарында сарбаздарға рух беретін, ерлікке үндейтін мақалалар жазылатын. Аталған басылымдарды шығаруға қазақтың көрнекті ақын-жазушылары мен журналистері белсене атсалысты. Солардың қатарында Қалмұханбет Әбдіқадыров, Дихан Әбілев, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Баубек Бұлқышев, Сағынғали Сейітов, Жұмабай Жұмақанов, Ыдырыс Дүйсенбаев, Саттар Машақов сынды қаламгерлер бар. Олар майдан шебінен репортаждар жазып, жауынгерлердің қаһармандығын, тылдағы еңбек майданының күрделі сәттерін шынайы суреттеді.
Жау шебіне жеткен жыр
Соғыс жылдарындағы хат-хабардың көпшілігі «Социалистік Қазақстан» газеті арқылы жарияланып отырды. Біз сол шақтардың лебін сезбекке газеттің бірнеше жылғы тігіндісін ақтарып көрген едік.
Ұлы Отан соғысы басталғаны туралы хабар «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 24 маусымы күнгі санында жарияланыпты. СССР Сыртқы істер халық комиссары, Халық комиссарлары Советі Председателінің орынбасары Вячеслав Михайлович Молотов радио арқылы совет халқына үндеуінде: «Бүгін таңертеңгі сағат 4-те, Советтер Одағына ешбір ескерту жасамастан, соғыс жарияламастан, герман қарулы күштері біздің еліміздің шекарасынан өтіп, кең байтақ жерімізге басып кірді. Шекарамыздың бірнеше учаскесінде тұтқиылдан шабуыл жасалды...», – дей келе, «Біздің ісіміз – әділ іс! Жау міндетті түрде жеңіледі! Біз сөзсіз жеңіп шығамыз!» — деп түйіндейді.
Халықтың бұл суық хабарды қалай қарсы алғаны да газет бетінде репортаж түрінде көрініс тапқан. Бір заметкада: «Лек-легімен ағылған, санаса сан жетпестей көп халық Дзержинский атындағы парктің үлкен алаңына сыймай кетті. Бұлар – астананың Каганович ауданының еңбекшілері, Алма-ата узелінің теміржолшылары. Ақылынан адасқан герман фашизмінің социалистік отанымызға аңдаусызда келіп шабуыл жасағаны туралы Совет үкіметінің хабарына арналған митингіне 10 мыңнан астам халық жиналды», – делінеді онда.
Ақындар да сол сәтті төгіле жырлады. Тайыр Жароков:
«Жау тигенде біз емес,
Аяйтын күшін халқынан.
Майданға, жастар, Майданға!
Отанға құрбан қасық қан.
Отанмен бірге қозғалды,
Қазақстан даласы.
Майданға шеру жол тартты,
Қазақтың да баласы», – деп жазса,
Ғали Орманов:
Отаным, бар өмірім, жан тынысым!
Қазағым, қуанышым – бір өзіңсің!
Бақыты адамзаттың Ұлы Отаным,
Дайынбыз жан қиюға біз сен үшін! – деп жырлады.
Ал майданға аттанып бара жатқан солдаттарды Жамбыл ақын:
«Жау тиді деп саспастан,
Аяқтарын нық басқан
Айбатынан көресің
Аспанмен күші астасқан!
Құйған құрыш тәрізді
Тұлғасында күшті ызғар
Батырлықпен ұштасқан», – деп жырға қосты.
Ақын-жазушылар шығармашылығы газет бетінде тұрақты түрде беріліп отырды.
Отан үшін от кешкен
Соғыс жылдарының тынысын, жауынгерлердің рухын, ұлттың бірлігін айғақтайтын материалдардың енді бірі – майдандағы қазақ батырларының ерлігін дәріптеген мақалалар еді. Сондай хаттардың бірі – даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жайында. «Майданға барған алғашқы сапарында-ақ Момышев жауынгерлік тапсырманы генерал-майор Панфиловтың өзінен тікелей алып тұратын. Соғыс басталғалы бері оның батальоны соғысқа 20 рет кірді. 25 жау танкін, 2000 офицер мен солдаттарды, көптеген автомашина, зеңбіректер, миномет батареяларын жойып жіберді», – делінеді газеттің 1942 жылғы 1 ақпан күнгі нөмірінде.
Газет редакциясына бір кездері Момышұлының өзінен де хат келіп тұратын. Ол өз хатында редакция ұжымы тәрбиелеп өсірген жауынгер Мұқан Сламқұловтың ерлігіне тоқталады: «М.Сламқұлов жолдасқа «Қызыл Ту» ордені тапсырылды. Мұқандай мығым ерді тәрбиелеп өсірген редакция ұжымына оның жауынгер достары – біз бәріміз алғыс айтуға тиіспіз… Бірақ жауынгер дос бұл газет пен хатты оқи алмады. Ол қызу ұрыстардың бірінде ерлікпен қаза тапты. Оның жауынгер достары сол күні жауды бірнеше елді мекеннен қуып шығып, оларды көп қырғынға ұшыратып, Мұқанның кегін алды».
Газет беттерінде жауынгер-ғалым, кейін Кеңес Одағының Батыры атанған Мәлік Ғабдуллин туралы да жылы естеліктер жарияланды. «Алып Отан соғысы Мәлікті аспирантураның теориялық курстарын үздік бітіріп, диссертациясын енді ғана қолға ала бергенде кездестірді. «Диссертациямның тақырыбы өзгерді, – деді ол әзілдеп. Ол – «Отан». Біз енді алдымен соны қорғауға тиіспіз», – делінеді «Біздің Мәлік» атты мақалада.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебінде тек қарумен емес, адам өмірін арашалап, ерлік көрсеткен медқызметкерлердің де орны ерекше болды. Солардың бірі – қазақ халқының адал ұлы Тәшен Сәрсеев. «Біз, дәрігерлік қызметкерлер, қазақ халқының адал ұлы Тәшен Сәрсеевті мақтаныш етеміз. Ол төнген қауіп-қатерге қарамай, жаудың жауып тұрған оғының астынан 184 жаралы жауынгерлі қаруымен аман алып шығып, дәрігерлік көмек көрсеткен ер. Оның тамаша ерліктері жауынгер жолдастарының аузынан түспейді», – деп редакцияға хат жолдайды оның майдандастары.
Майдан даласында жауынгерлер тек қарумен ғана емес, рухани қуатпен де күресті. Соның айғағы – Алматы қаласы мен Алматы облысы еңбекшілері делегациясының 8-гвардиялық дивизия жауынгерлерімен кездесуден кейінгі әсері. Олар капитан Бауыржан Момышұлы басқарған бөлімнің тек әскери шеберлігімен емес, рухани байлығымен де ерекшеленетінін атап өтеді: «Капитан Момышұлының басқаруындағы бөлім Талғарда құралған. Сондықтан жауынгерлер өздерін «талғарлықтар» деп атайды. Олар ұрысқа да, сауыққа да шебер. Қазақстаннан 4 мың километр қашық жерде біз қазақтың халық әндерін естідік. Бұл топтағылар әнді, күйді сырттан күтіп отырмайды – оны өздері шығарады да, нотаға түсіреді. «Талғар полкының жыры», «Таня партизанка», «Біздің комиссар», «28 герой» деген тағы басқа ән-өлеңдер осылай жазылған», – деп жазады автор.
Тыл тынысы
Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан шебіндегі жауынгерлердің ерлік істерімен қатар, тылда еңбек етіп жатқан халықтың жанқиярлық еңбегі де Жеңістің басты кепілі болды. Қазақстан еңбекшілері майданға қолдау көрсету үшін күндіз-түні тынымсыз жұмыс істеді, алдыңғы шептегі жауынгерлерге азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар және түрлі көмек жіберу – елдің басты парызына айналды. 1 Мамыр – еңбек мерекесінде Қазақстан еңбекшілері майдандағы жауынгерлерге ерекше тарту жасағаны газет бетінде былайша көрініс тапқан: «Майданға бірінші май сыйлығын жіберуге Қазақстан еңбекшілері қызу әзірленуде. Советтер союзының геройы генерал-майор И.В.Панфилов атындағы қос орденды 8-гвардия дивизиясындағы Алматы еңбекшілері де көп сыйлық әзірледі. Алматылықтардың жерлестері май мерекесінде туысқандарынан 24 тонна ет, 8000 литр вино, 18 тонна прянник, 12 тонна күріш, бір вагон жақсы папирос, 12 тонна конфет алды», – делінген 1942 жылғы заметкада.
Жауынгерлердің тек қару мен азыққа емес, санитарлық-тұрмыстық жағдайларға да зәру екені белгілі. Осыны ескерген Ақмола теміржол бөлімінің вагон жөндеу цехы майдан үшін арнайы моншалы пойыз жасауға кіріскен. «Ақмола теміржол бөлімінің вагон ремонты цехы моншалы поезд жасауға кірісіп жатыр. Оның составында 9 вагон бар. Моншалы поездың қызметкерлеріне арналған вагонда шаштаразы және медпункттері болады», – деп жазылған қысқа ақпаратта. Мұндай пойыздар алдыңғы шептегі жауынгерлердің тазалық, күтім және алғашқы медициналық көмекке қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
Майданда жауынгерлердің өмірін сақтап қалу үшін медициналық жетістіктер де барынша қолданылды. Солардың бірі – академик Штерн ұсынған жаңа емдеу әдісі. «Дененің жаны кетуін емдеу жөніндегі біздің жасаған методымыз мейлінше нәтижелі болып шықты. Оның мәнісі мынада: омыртқаның жұлынына аздап фосфорлы қышқыл калий ерітіндісін жіберіп, орталық жүйке тамыр жүйесіне тура әсер етеміз. Бұл метод өте оңай. Оны майдан жағдайында да қолдануға болады. Алдымызға қойылып отырған маңызды міндеттердің бірі – дәрігерлерді осы методты қолдануға үйрету», – дейді «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған академик мақаласында.
Түйін:
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ баспасөзі – тек ақпарат құралы емес, халықты топтастырып, рухын көтерген, ерлікке, еңбекке жұмылдырған қуатты идеологиялық қару болды. Газет беттерінде жарияланған жауынгерлік хаттар, ақындардың жырлары, халықтың майданға жолдаған көмегі мен тылдағы қажырлы еңбектің көріністері – сол бір сұрапыл жылдардың жанды шежіресіне айналды. Баспасөз арқылы халықтың үні жауынгерге жетті, ал майданнан келген ерлік пен қайсарлық туралы хабарлар ел ішін ұйытты. Осылайша, қазақ баспасөзі соғыс жылдарында ел мен ердің, тыл мен майданның алтын көпірі бола білді.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ