Әрине, күйші туралы жазылған мақалалар да, ғылыми-зерттеу еңбектері де баршылық. Дегенмен, олар көбіне теориялық тұжырымдар мен өмірбаяндық шолуларға негізделген. Жазылғандарда Динаның ресми жиын мен мәртебелі басқосулардағы бейнесі айтылады. Ал отбасы, ошақ қасындағы болмысы жайлы әңгімелер тіпті жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін күйшінің көзін көрген адамның естелігін ұсынуды жөн көрдік.
Дереккөз ретінде Балжан Жұрынбайқызының айтып қалдырған әңгімесі алынды. Балжан Нұрпейісова (1936-2013) – Динаның ұлы Жұрынбайдың перзенті. Жастайынан күйшінің қолында өсіп, бой жетеді. Бұл әңгіме 2021 жылы жарық көрген «Күй анасы – Дина» жинағында берілген. Жинақты құрастырушы – Динаның жиені (Ақжан Жұрынбайқызының баласы) Төлеген Қуанышев.
Әуелі Балжан Жұрынбайқызы жалпы ақпар бергеніне зер салайық.
Біз Алматының Калинин көшесінің №47 үйінде, Пролетар көшесімен қиылысатын бұрышында тұрдық. Сол көшедегі С.М.Киров атындағы қазақ орта мектебін бітірдік. Біз осы үйде Дина шешеммен бірге тұрдық. Әдетте шешем домбырасын таңертең шайдан кейін тартатын. Жолдас-жоралары келсе, бізге құмардан шыққанша жаттығатын. Құрманғазы, Дәулеткерейдің шығармаларын нақышына келтіре, біраз қайталап тартып шығатын. Ал үлкен концерт болатын күндері алдын ала қамданып, болар шақты тағатсыздана күтіп, қашан келетінін асыға күтіп отыратын.
Бұл жерде оқырманға ескерте кеткен жөн. Жинақта Балжан Жұрынбайқызы айтқан естелік көлемі шамамен бес кітаптай болады. Ол жерде Динаның өмірі, туғаны мен туыстары және кейбір күйлері туралы мәліметтер бар. Алайда біз тек күйші апамыздың сахнадан тыс болмысына назар аударғандықтан, естеліктен үзінділер ғана ұсынамыз.
Ары қарай оқиық:
Шамамен концертке бір сағат қалғанда өз бөлмесінде тұрған үлкен айнасының алдына барып, ортасынан қақ айырылған қысқа бурыл шашын әсемдеп тарап, ақ жаулығын әлденеше рет орап, әзірленетін. «Шеше, біз көмектесейік» десек рұқсат етпейді, себебі өзінің ораған жаулығынан басқаны ұнатпайтын. Егер өзіне ұнамай қалса қайта шешіп, қайта орайтын.
Жасы ұлғайса да, Дина апамыз өз келбетіне ұқыппен қарап, сахнаға әрдайым дайын жүретін. Ақ жаулығын қайта-қайта түзеп, көңілінен шыққанша орауы оның өнерге деген құрметінің айғағы еді. Бұл бүгінгі біраз өнерпазға үлгі деп есептейміз. Сахнаның да өз мәдениеті бар екенін Дина апамыз ісімен-ақ көрсеткендей.
Келесі сөз бүгінгі Абай атындағы опера және балет театрындағы концерттегі көрініске арналады. Театр іші халыққа лық толы, ине шаншар жер жоқ деп басталыпты:
Жүргізуші: «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дина Нұрпейісова шығады» деп дауыстап хабарлады. Көрермен сатырлата қол соғып, жылы қарсы алды. Театрдың кең төріне жайылған жасыл кілемнің үстіне келіп отырды да, домбыраның қос ішегін даңғырлата қағып-қағып жіберді. Құрманғазының «Қайран шешем» күйінен бастаған бұл концерттің бір бөлімін түгелдей өзі алып, бірнеше күй орындады. Бұл кезде жасының ұлғайған шағы еді. Соған қарамастан, жұртшылық жарқырап, қошеметтеп қол соққан сайын бейне бір шабытына шабыт қосылғандай қызына түскендік қалып байқатты. Тағы да басқа қазақ композиторларының бірнеше күйін тартты.
Күйшілердің күй тарту кезінде ерекше бір рухани күйге енетіні жайлы жиі айтылады. Бұл күй мен орындаушының арасында орнайтын тылсым байланыстың көрінісі шығар. Дина апамыздың мына бір сөзі осы құбылысты анық суреттейді.
Көзінің тірісінде шешемнің айтқан мынадай бір сөзі есімде. «Сахнаға шығып, бір-екі күй тартқаннан соң-ақ өзімді-өзім ұмытамын. Бусанып тер шығады, арқам кеңіп, саусақтарым шапқан аттың аяқтарындай жазылып кетеді», – дейтін еді.
Бұл сөздерден күйші үшін күй тарту тек орындаушылық емес, өнерімен ішкі рухани сұхбат тәрізді екенін аңғарамыз. Динаның сахнадағы сәттері оның тәні ғана емес, жаны да күйге толықтай берілетінін дәлелдейді.
Күйді медитация дейді ғой. Жалпы алғанда, медитация ол адамның санасын сыртқы у-шудан ажыратып, «өз-өзімен қалудың» әдісі. Бұл тәжірибе арқылы адам өз ойын реттеп, жүрегіндегі мазасыздықтан арылтып, жан дүниесін тыныштандырады. Медитация кезінде уақыт пен кеңістік ұғымы ұмытылып, адам тек осы сәтпен, сол секундтармен ғана өмір сүреді. Осы бір терминді (яғни, медитацияны) білмей-ақ, атам қазақ ішкі күй-сазын домбыраға салып, оны жайдан-жай «күй» деп атамаған болар.
Бізге «хат танисыңдар ғой, елге хат жазсаңдаршы, хабарын білейік» деп жиі мазалайтын. Хат келе қалса, өзі тыңдап болысымен сол тез арада хат жаздыратын. Соның ішінде Жайық, Нарын, Жаңақаладан келген хаттарды оқытып болған соң конвертке салдыратын. Конверттің сыртын сипап ұзақ отыратын. Хаттарды тыңдап болғаннан кейін домбырасын қолына алып туған жеріне, еліне арнаған сағыныш күйлерін тартады. Әлден соң: «Ой-дәйт деген тіршілік, бұл заманнан кімдер өтпеді? Күй атасы – Құрманғазы да өткен. Нарын, Нарынның топырағы, шіркін сенің қасиетті құмыңды кім баспаған?!», – деп біраз уақыт толғаныс үстінде қалатын.
Туған жерінен жырақта жүрсе де, адам баласының сағынышы қалыпты құбылыс. Өсіп-өнген жері, табаны тиген топырақ, балалық пен жастықтың «ой ізі» қалған мекен – бәрі де көңілдің бір түкпірінде сақталады. Дина апамыздың әрбір хатты тыңдап, кейін күй арқылы шер тарқатуы осы сағыныштың шынайы көрінісі ғой.
Әрине, Дина апамыздың үй тіршілігі дегенде келіп-кеткен қонақтары жайлы да айтпасқа болмас. Мына бір естеліктен күйші апамыздың қазақы болмысын анық көруге болады.
Біздің үйге өнер адамдары жиі келіп тұратын. Бірде Ахмет Жұбанов, Күләш Байсейітова, Жамал Омарова (тікелей көрші тұрды), Шара Жиенқұлова сияқты қазақ сахнасының жұлдыздары телефон арқылы келетінін хабарлады. Бұған шешем ренжіп қалды. Олардың есікті сықырлата келе жатқандарын байқаған ол кісі, орнынан жалма-жан тұрып, таяғына сүйеніп қарсы алдынан шықты да: «Келетін адам рұқсат сұрай ма, сендерден басқа менің кімім бар?», – деп телефон арқылы хабарласқанын әбес көріп, аздаған өкпе-назын білдіріп жатты.
Бұдан кейін келген қонақтарды жайраңдап күліп, жақсылап қарсы алды. Шай ішіліп, тамақ желініп, Күләш апай ән салып, шешем бірнеше күй шертті. Ал Ахмет ағай шешемнің алдында домбыра тартпайтын. Айтылған әндер мен күйлерді өзінің дағдысы бойынша беріле тыңдап отырды. Иә, біздің үй сол күндері ерекше қуанышқа толы еді.
Бұл бір ғана сәт қазақы тәрбиенің, адами қарым-қатынастың қандай терең болғанын көрсетеді. Жаһандану заманында адамдар арасындағы шынайы байланыс әлсіреп, біздің араласымыз көбіне онлайн қатынасқа ауысып бара жатқаны рас. Бұл үрдіс сол кезде-ақ басталған екен. Яғни, қарым-қатынас формасы біртіндеп өзгеріске түскен. Ал Дина апамыз сол өзгерістен бұрынғы кезеңнің өкілі, шынайы ықылас пен риясыз араласуды ескі қазақтың өмір салты ретінде бойына сіңіріп өскен жан еді.
Биыл – Жеңістің 80 жылдығы. Сол жеңістің жүгін Дина апамыз да өз жүрегімен көтерген.
Дина әжеміз қанша қиыншылық, тіпті ел басына қатерлі күн туғанда, соғысқа Жұрынбай, Мұрат, Қажен, Қожахмет төртеуі бірдей кеткенде көзіне жас алмапты. Жасы сексеннің ішіне кірсе де жоғарғы үкіметтен балаларымның біреуін қалдырыңдар деп сұрамапты. Бұл меніңше шешемнің қаттылығы емес, қажырлығы шығар деп ойлаймын. Соғыс жеңіспен аяқталды. Мұраттан басқа балалары оралмай, соғыс даласында қалса да, оған мойымай, қайсарлықпен біздің еліміздің Жеңіс туын паш етіп «Жеңіс» күйін шығарды.
Естелікті оқып отырсақ, Дина апамыз үшін өнер мен тәрбие қатар жүретін ұғымдар еді. Ол тек күйші ғана емес, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отыратын ұстаз ретінде де болатын. Бала тәрбиесінде тек өнермен шектелмей, білімнің де маңызын ерекше айтатын.
…Сондай сөздерінің бірінде: «Балаларым, оқыңдар, білім алыңдар, көздеріңді ашыңдар, сонда ғана көкіректерің оянады, білімнен кенже қалған мына біздің ұрпақ болды ғой», – дейтін. Бұл сөзді жалаң үгіт ретінде айтпай, арасында үлгерімімізді де тексеріп отыратын.
Күйшінің ғұмырының соңғы сәті де Балжан немересінің көз алдында өтті.
Шешемнің керемет қасиеті өле-өлгенше сөзінен жаңылыспағаны. Денесі ірі, денсаулығы мықты ол кісі 1955 жылы тоқсан төрт жасында дүниеден өтті. Домбырасын серік етіп, өнерге бас игендігі соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын қабырғада, өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып, қағып-қағып жіберіп: «Тоқсан төрт жыл бірге жасасқан жан мен тән бірін-бірі қимай жатыр» деді. Бәрімізді жеке-жеке еркелетіп, аялап өсірген жан шешем осылайша көз жұмды.
Дина Нұрпейісова тек күй анасы емес, өз дәуірінің рухани тірегі болған ұлы тұлға. Ол сахнада ғана емес, қарапайым өмірдің әр сәтінде де биіктік пен парасат үлгісін көрсете білген жан. Оның өмірі, қалдырған ізі – бүгінгі ұрпақ үшін тек өнердің емес, руханияттың өлшемі. Осы бір шынайы, қарапайым естеліктер арқылы біз Динаның өнегесін, мәдениеті мен адамгершілігін танығандаймыз. Уақыт өтсе де, оның өмірі ұмытылмақ емес, керісінше, ұрпақ санасына сәуле түсіріп, тәрбиелік мәні зор тірі сабаққа айналып отыр.
Рүстем Нүркенов
күй зерттеуші