Кәсіпорындар шарасыз
Қазіргі кезеңде ел аумағында қоқысты сұрыптап, қайта өңдейтін 210 кәсіпорын бар. Санына қарап, «мұнша кәсіпорын неге қауқарсыз» деуіңіз мүмкін. Бірақ зауыттардың өндірісі тұралап қалған. Қоқыс мөлшері де, соған сай кәсіпорын саны да артуда. Алайда нәтиже жоқ. Себебі қоқысты шикізат ретінде шетелге өткізу тиімдірек болып тұр. Үкімет 2030 жылға дейін тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізуді көздеген. Қазіргі көрсеткіш 13 пайызды құрап отыр. Егер осы қарқынды күшейтпесе, меженің орындалмасы анық. Дамыған Швецияда қоқыс өңдеу көрсеткіші 99 пайызға жеткен. Электр қуаты бір төбе, аталған ел қоқысты табыс көзіне айналдырып, өзге мемлекеттерден шикізат тасымалдайды. Шикізат көзі жетіп артылатын Қазақстандағы кәсіпорындарға не кедергі? Осы сауалды KazWaste қазақстандық қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафинаға жолдаған едік.– Елдегі барлық кәсіпорынның қалдықты қайта өңдеуге қауқары жеткілікті. Бірақ қағаз, картон, пластик сынды шикізаттың көбі шетелге тасымалданады. Оның себебі ел аумағында қалдық тасымалдау логистикалық жағынан тиімсіз. Оның үстіне, шетелде шикізатты жоғары бағамен қабылдайды. Заңсыз ақша табуды көздеген жандарға бұл пайданың көзі болып тұр. Бұдан бөлек, қоқысты шығару мен утилизациялауға арналған тариф әртүрлі. Жыл сайын коммуналдық төлемдер қымбаттап жатыр. Оған техника мен жанармай бағасын қосыңыз. Бізде халық коммуналдық шығыны үшін ақы төлемейді. Үлкен қалалардағы кейбір компаниялардан басқасы табыс тауып отырған жоқ. Табыссыз кәсіпорындар қосымша өндіріс ашып алған. Тарифті инвестиция деп қарауға болмайды. Одан да қоғамға қоқыс сұрыптау мәселесін насихаттаған абзал, – дейді маман.Сондай-ақ осы саладағы маман тұрғындар қоқыс шығарарда сұрыптауға немқұрайды қарайтынын айтады. Әр қазақстандық орта есеппен жылына 250-360 келі тұрмыстық қалдық тастайды. Қоқыс алаңдарының толып қалу себебін осыдан-ақ түсінген жөн.
Қоқыс полигондары қалдыққа толы
Қатты тұрмыстық қалдықты игеріп, қайта өңдеу жөніндегі халықаралық кеңесші Егор Зингер 1997 жылдан бері ондаған мемлекетті аралап, тәжірибелерін зерттеген екен. Зингер инвесторлармен бірлесіп Қазақстанда алғаш рет Нұр-Сұлтан мен Алматыда қоқыс сұрыптау-қайта өңдеу зауыттарын ашып, қоқысты брикеттеу жүйесін енгізген. Алайда қаржы дағдарысынан соң кәсібі жабылған. Зингердің тәжірибесінде, жалпы тұрмыстық қалдықтардың 15 пайызы ғана полигонға кету керек екен. 2018 жылғы дерек бойынша Қазақстандағы 3,5 мың полигонның ешбірі санитарлық-экологиялық нормаларға сай келмеген. Қазіргі жағдай да оңып тұрмағаны анық. Жыл басында бір ғана Ақтау қаласында 15 жылдан бері тазаланбаған 87 заңсыз қоқыс алаңы анықталған болатын. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында да далаға шашылған қоқыс мәселесі шешілмей келе жатыр. Кәсіпорындар жайы белгілі, ал халық қоқыс мәселесінде жауапкершілігін сезініп жүр ме?Қоғам қоқысқа бейжай қарайды
Көпшілік «барлық қалдық – бір қоқыс» деп есептейді. Жұртқа күйе жағар ниеттен аулақпыз, дегенмен шындығы – осы. Мысалы, көп жағдайда тұрғындар үйден қоқыс шығарар алдында қалдықтарды жіктемейтінін білеміз. Пластмасса, әйнек немесе қағаз, азық-түлік қалдығы – бәрі бір пакеттің ішінде. Үй ауласында тұратын қоқыс жәшіктеріне үңілсеңіз, әр жәшік бөлек қалдыққа арналғанын көресіз. Алайда жіктеп жатқан жан аз. Жоғарыда атап өткендей, жұрт үлгі ете айтатын қоқыс өңдеу дамыған мемлекеттердің ең басты артықшылығы – қоғамның осы мәселеде жауапкершілігін сезіне алуы. Тұрмыстық қалдықтарды халық сұрыптап үйренуі үшін заңды қатаңдату керек пе, әлде тәрбие ісінде кем-кетік бар ма? Экобелсенділер бұл тақырыпта жиі сөз қозғап жүр. Пікірлер де әртүрлі. Экобелсенді Назым Сапарова бірнеше жылдан бері қалдықтарды сұрыптау жайын халыққа медиакеңістік арқылы дәріптеуге көшкен.– Мемлекет тарапынан осы мәселеге байланысты қолға алынған жобалар жетерлік. Ол жобаларға еріктілер де қатыса алады. Қоқыс қабылдайтын пункттер де бар. Көбіміз қоқыс өңдеу жайы сөз болғанда, Еуропа елдерін айтып үлгі алсақ дейміз. Содан соң Үкімет тарапынан түк те жасалмады деп даурығамыз. Бірақ бұлай айтуға негіз жоқ. Қоғам әлі қоқыс сұрыптауды толық үйренбеген, тіпті хабарсыз. Еуропадағыдай өмірді жасайтын – өзіміз. Арнайы қоқыс қабылдау пункттеріне барып, қоқыс өткізсек жөн болар еді. Алайда жарнамасыз. Суретке түсіп, мақтаныш тұту үшін емес, өзіміздің әлеміміз үшін. Немқұрайды қарауды доғарсақ екен. Адамдар әлем алдындағы өз жауапкершілігін сезінуі керек. Заң қажет, дәріптеу жетіспейді деген сылтаулардың қажеті жоқ. Жоба негізінде әрекетке көшсек – құп. Медиа арқылы адамдарға әсер ету деген түсінік бар. Экобелсенді ретінде медиа саласы арқылы жобаларды іске асырып жатырмыз, – деді табиғат жанашыры.
Әлемдік тәжірибесі
Дамыған елдер үшін жерде жатқан қоқыс – табыс көзі. Бизнес қана емес, әлеуметтік жауапты іс. Яғни, қалтаға да, табиғатқа да пайда әкеледі. Қарапайым қағаздан бастап, шөлмек пен темірге дейін қайта өңдеуге жарамды. Мысалы, Франция қоқыс сұрыптауда алдыңғы орынның бірінде. Париж маңындағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян келтірмейді. Қоқысты өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек пен газет қағазын шығарады. Ал миллиардтаған халқы бар Қытайда қалдықтарды өңдеу қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар арқылы іске асады. Осылайша, шикізаттың басым бөлігі өтеледі. Бір аралды мекендеген Жапония халқы қоқысты тиянақты сұрыптаумен ерекшеленген. Өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғымен тығыздап, ғимарат тұрғызғаны бір бөлек, жасанды аралдар да салып жатқаны таңғаларлық. Түйін: Өркениетті елдің бір қасиеті – ескіден жаңа дүние жасап шығаруында. Бұл өзімізді қор санаудың кебі емес. Халық арасында қоқыс сұрыптау мәдениетін дәріптеуге ұмтылған ниет. «Тазалық – иманның жартысы» деуші еді. Ендеше әлем мен жан тазалығына бейжай қарамайтын уақыт жетті деп білеміз. Әйтпесе, қаңбақтай желмен қаңғыған қоқыс көрсеңіз, далаңыздан не қайыр?!Мадияр ТӨЛЕУ