Еліміздегі үлкен өзендердің бастауы шекаралас мемлекеттердің территориясында жатыр. Тұщы су жөнінде күніміз көршіге қарайтын елміз. Сол себепті трансшекаралық өзендерді бірігіп пайдалану, суды бөлісу ісі үлкен саясатты қажет етеді. Осы орайда, белгілі гидротехник Нариман Қыпшақбаевпен сұхбат құрып, ұсыныс, пікірін ортаға салғанды жөн көрдік.
– Нариман Қыпшақбайұлы, сіз 1958 жылдан бастап су шаруашылығы саласында қызмет етіп келесіз. 1981-1990 жылдар аралығында Су шаруашылығы және мелиорация министрі болдыңыз. Қазір Қазақстандағы суармалы жер көлемі 1,4 миллион гектар деген дерек бар. Оның 1,2 миллион гектары оңтүстік өңірлерде екен. Осының жай-күйі қандай?
– Министр болдыңыз деп отырсың ғой. Министр болған жылдары да, Кеңес Одағы құлағаннан кейін де Қазақстанда 2 миллион 200 мың гектар суармалы жер болатын. Қазір соның 600 мың гектары пайдаланылмай жатыр. Бұл дегеніңіз – алтын қор. Таяуда Президент Әкімшілігінің басшысымен кездескенде осы мәселеге назар аудару керек екенін айттым. Суармалы жер деген – сол жерге не егемін, соны аламын деген сөз. Қазір біздің су шаруашылығының басшылығына келіп жатқан азаматтар үлкен құрылыс жобалары, су қоймаларын саламыз дегенді көп айтады. Жоқ, ол қате түсінік. Ең алдымен, суармалы жердің проблемасын тәртіпке келтіру керек. Қуаңшылық жылдары алынатын өнімнің 33 пайызын суармалы жер береді. Іргеміздегі Қытайда ауыл шаруашылығы не себепті күшті дамыған? Өйткені оларда суармалы жердің үлесі көп. Кейінгі жылдары көлемін 2 млн гектарға ұлғайтты. Бір ғана Іле бассейні көздерінен 1 млн гектар жерді суаруға қол жеткізді. Бұл біздің елімізге қатты әсерін тигізіп отыр. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевпен кездескенде де айттым. Биыл еліміздің батыс аймағы мен оңтүстікте қар аз түсті. Алматы облысында – 600 мың гектар, Түркістан облысында – 400 мың гектар, Қызылордада – 250 мың гектар, Жамбыл облысында 250 мың гектар суармалы жер бар. Осы жердің дайындығы не болып жатыр? Каналдарың тазаланды ма? Аз болса да дәл қазіргі көктемгі дымқылды пайдалану керек. Осыны халыққа ескертіп, тәртібін жасау қажет қой. Үкімет жанынан құрылған координациялық кеңес бар. Соны жинаңыз, облыстардан мамандарды шақырып, сұрайық, ақылдасайық дедім. Сондықтан біріншіден қолда бар алтынымыз – суармалы жердің мәселесімен айналысуға шақырамын. Жаңадан жоба жасап, қазынадан ақша бөлдіріп алу ең оңай жұмыс. Ал негізгі мәселе басқада жатыр. Суармалы жерлердегі суды тиімді пайдалану проблемасы жетерлік. Суды бекерге ағызып қоятындар көп. Міне, осының нақты себебін анықтау керек. Әр тамшы судың өтемі, ақысы болуы қажет. Басқа мемлекеттерде далаға жіберген әр литр үшін айыппұл төлейсің. Дамыған елдердің бәрінде тамшылатып суару технологиясы қолданылады, біздегідей ағызып жіберіп, қарап отыру жоқ. Олар су құны қымбат болғаннан кейін осындай әдіске көшті. Бізде 1 гектарға жұмсалатын су мөлшері нормадан 1,5-2 есеге асып кетіп жатыр. Осыдан кейін Қазақстан су тапшылығына қалай ұрынбасын?!
– Яғни, суды жеткізуді реттеу керек дейсіз ғой. Мамандар біздегі ирригациялық жүйелер тозған, судың 30%-ы егістік басына жетпей жоғалып кетеді дегенді айтып жүр ғой...
– Сізге түсінікті болу үшін былай бастайын. Әмудария мен Сырдария деген екі өзеннің суына Орталық Азиядағы бес мемлекет ортақтасамыз. Осы екі өзеннің бойында 8 миллион гектар суармалы жер бар. Төрт жарым млн гектар Әмударияның жағасында, үш жарым млн гектары Сырдың бойында жатыр. Екі дарияның суының жылдық қоры – 120 миллиард текше метрдей десек, 105 миллиард текше метрін жоғарыда айтқан 8 млн гектар жерді суаруға бұрамыз. Демек, Арал теңізіне екі өзеннен бар-жоғы 10-15 млрд текше метр су қалады да, азғантай көлемі жетеді. Жалпы ұзындығы 200 мың шақырым каналдардың бойымен айдалған 105 млрд текше метр судың есебі жоқ. Былайша айтқанда, бір гектар жерді суаруға 20 мың текше метр су жұмсайды екенбіз.
Балқаш көлінің 80% суы Іле өзенінен келеді. Іленің басы Қытайда жатыр. Соңғы 20 жыл ішінде Іленің суы үсті-үстіне азайып, Балқаш көлі мен Қапшағай су қоймасына қауіп төндіруде. Егер Балқашқа Іле өзені арқылы қажетті су келмей қалса, ол да Аралдың кебін киюі әбден мүмкін. Сондықтан бұл – дабыл қағатын мәселе.
– Ал егер Ертістің емес, арыда жатқан Оба өзенінің суын әкелсек ше? Оның суы мол әрі Ресейдің сібір аймағында халық азайып жатыр деген де әңгіме бар ғой... – Біріншіден, Обаның суын бұру техникалық тұрғыдан қиын. Екіншіден, бұл жоба бізге қымбатқа түседі. Оның суын Сырдария мен Шардара су қоймасына жеткізгенше бір текше метрі 3-5 долларға шығып кетуі мүмкін. Сібірдің суын бері бұру тақырыбы Өзбекстанның оң жамбасына келетін тақырып. Неге? Өйткені біз сонша шығындалып ол суды әкелсек, өзағамызға Сырдың басынан мол су алуға сылтау табылғалы тұр. Өзбектер жақсы біліп отыр, Сібір өзендерінің суы ешқашан Өзбекстан жеріне жетпейді. Келсе Қызылорда мен Түркістан облысына келеді. Біз қазір Сырдариядан 16 млрд текше метр алып отырмыз. Яғни, Шардараға құйылатын 12 млрд текше метрден, «Достық» каналындағы 1,3 млрд текше метрден, Шыршық өзеніндегі судан қағылып қаламыз. Біз ешқашан Сырдарияның суынан айырылмауымыз керек. Бұл Қазақстанның мемлекеттік принципі болуы тиіс. – Демек, Сібірдің өзендерін бұру мәселесінде абай болмасақ, су саясатында ұтылып қалуымыз әбден мүмкін дегеніңіз бе? – Кезінде КСРО Су шаруашылығы министрінің міндетін атқарған Полад-Заде деген кісі болған. Сол кейінгі жылдары шыққан кітабында М.Горбачевтың сөзін келтіреді. Сібірдің суын Орталық Азияға бұру туралы мәселемен Полад-Задені қабылдаған кезде Горбачев «суды бұру бізге Орталық Азиядағы мұсылмандарды жүгендеп ұстау үшін керек, егер бір жағдай бола қалса, каналды жаба қойып, судан қысу үшін» деп жауап береді. Міне, мәселе қайда жатыр?! Осы кітапты жақында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевқа көрсеттім. Бұл жоба болашақта бауырлас елдер арасында дау тудыруы мүмкін жоба. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. – Сібірдің суын бұруды ұзақ жыл Мәскеудің мэрі болған Юрий Лужков та ұсынғаны белгілі. Бірақ әлі күнге жүзеге аспады. Соған қарағанда, бұл жобаның «жыры» ұзаққа созылатын сияқты ғой? – Су тапшылығы күшейген сайын біреулер Сібір өзенін бұру туралы сөз қозғайды. Кейбіреулер Орталық Азияға су сатып, пайда табамыз деп ойлайтыны рас. Бірақ бұл түбі шикі, болашақты дұрыс болжамаған шала жоба. Себебі Ертістің басында – Қытай, ортасында – біз, аяғында орыстар отыр. Егер Қытай Қара Ертістің басын жауып тастаса не болмақ? Бейжің айтуы мүмкін ғой «егер бір-біріңе су сатуға көшсеңдер, Ертісте артық су бар деген сөз. Ал бізге су жетпей жатыр, сондықтан басынан тағы да су аламыз» деп. 2003 жылы сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Алтынбек Сәрсенбаев маған телефон шалды. «Думада Сібірдің суын бұру тақырыбын қарайын деп жатыр, сіз осы мәселеге ерте араластыңыз, білесіз ғой, келіп қатыссаңызшы», – деді. Бардым. Көлігіне мінгізіп, Думаға өзі алып барды. Бастамашыл топтың алдында өз пікірімді қорғап сөйледім. Егер Қытай Ертістің басын жапса, Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына су жетпей қалады. Нағыз проблема сол кезде туындайды. – Сібір өзендерін бұру жобасы даулы екенін айтып отырсыз. Осы пікіріңізді Үкіметке, министрлікке айтып жеткіздіңіз бе? – Пікір ғана емес, Сібір суына балама жол туралы ұсынысымды да айтып, қағазға түсіріп бердім. Мысалы, ҚХР қазір Ертіс өзенінен 10 млрд текше метр суға иелік етіп отыр. Жалпы қоры 33 млрд текше метр екенін айттым ғой. Қалған 22-23 млрд текше метр суды Қазақстан мен Ресей пайдаланады. Бірақ біз ресейлік сушы мамандармен бірге жоғарыдағы 10 млрд суды түгел алғанына қарсымыз деген ұстанымдамыз. Өйткені Қытай Қара Ертістің суын бұрып, анау Үрімшіге дейін жеткізді, жоғарыдағы 10 млрд-тың жартысына жуығын алып алды деуге болады. Ол каналды әдейілеп барып, көрдім. Демек, Ертістің суына қысым келді деген сөз. Бұл трансшекаралық өзендер туралы халықаралық заңнамаға қайшы. Одан бөлек, өз ішімізде Бұқтырманың, Қалжырдың, Күршімнің суы, т.б. көздерден жиналады. Алайда біз осынша судан 3 млрд текше метр ғана пайдаланамыз, қалғаны Ресейге қарай ағып кетіп жатыр. Міне, осы суды қалай тиімді жолмен алып, пайдаланамыз. Осыны ойластыруымыз керек. Айтайын дегенім, 1975 жылы Семейден Өскеменге қарай 60 шақырым жерден Шульба Су электр стансасын саламыз дедік. Ол кезде министрлікте қызметтемін. Станса суының абсолютті деңгейі +260 болуы керек деп ескерттім. Мемлекеттік жоспардың басында отырғандар «жоқ, 240 саламыз» деп көнбеді. Амалсыз орталықтың сөзіне бағынасың. Жарайды, бірақ онда қоятын турбина мен бөгеттің астындағы негіздемесі мен іргетасын 260 қысымға есептеңіздер дедік. Оған келісті. Осылайша, 240 дейгейде, бірақ 260 қысымға өлшеніп салынды. Енді соны тағы 20 метрге көтеруімізге болады. Соны көтерсек, Ертістің суын нағыз ресурсқа айналдырамыз. Яғни, артық суды қалтамызға салып отырғандай жағдайда боламыз. Ешқандай насостың қажеті жоқ, су апарам деген жеріңе өз ағынымен-ақ жүріп келеді. Мен осы ұсынысты айтып отырмын.Сұхбаттасқан Бауыржан БАЗАР