Түркістан облысында пандемияға қарсы қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында жарияланған төтенше жағдайға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын жүзеге асыру бойынша қаулы қабылдап, бірқатар шараларды жүзеге асыруды тапсырды.
Бүгінгі таңда облыс аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу үшін жоғары деңгейдегі дайындық режимі енгізілді. Барлық жұмыс орындарында қызметкерлердің дене температурасын өлшей отырып, қызуы көтерілген жағдайда міндетті түрде жұмыстан шеттетіледі. Жергілікті жерлерде ірі сауда орындары мен ойын-сауық орталықтары, кинотеатр, театр және өзге де адам көп шоғырланатын орындар қызметтерін тоқтатпақ.
Сондай-ақ өңір басшысының тапсырмасы бойынша мерекелік, спорттық, мәдени іс-шаралармен қатар, отбасылық тойлар мен қонақасын өткізуге тыйым салынады. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын санитайзерлермен және антисептиктермен қамтамасыз ету, коронавирустың алдын алу жөніндегі жадынама тарату жұмыстары жүргізіледі.
Қаулыға сәйкес, мемлекеттік қорғауға алынған және халықтың күнкөрісі мен көліктердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін нысандарды қорғауды күшейту, адам көп жиналатын еске алу шараларын шектеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісі де облыс әкімінің назарында болады.
Барлық медициналық ұйымдарға коронавирусқа қарсы шараларды күшейту тапсырылды. Қоғамдық көліктер әр айналымдағы соңғы аялдамада дезинфекциялық құралдармен жуылып, олардың жүргізушілері антисептиктер мен тыныс алу органдарын қорғайтын құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс.
Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы