Елімізде шығарылатын «Қазақстан» шоколады шетелде жақсы танымал екені белгілі. «Рахат» фабрикасының өнімін бүгінде біраз жұрт танып, дәмін татып та үлгерді. Десе де, кондитерлік өнімдер сапасымен бренд қалыптасқандай болғанымен, сыртқы нарыққа үлкен көлемде сату ісін аса ұқсата алмай отырған жайымыз бар.
2019 жылдың 12 айында елімізде шоколад пен кондитер өнімдері 97,7 мың тоннаны құрады. Бірақ бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,2%-ға аз. Аталған тауар түрлерімен ішкі нарықтың 41,7%-ын қамтимыз, қалған 58,3% (104,3 мың тонна) сырттан келеді. Қазақстанға шоколад және кондитер өнімдерін негізінен Ресей, Украина, Түркия экспорттап отыр.
Дегенмен отандық кондитерлер 2020 жылды жақсы бастады. Energyprom.kz мамандарының мәліметінше, былтырғы қаңтардағы көрсеткішке қарағанда шоколад өндірісі бірден 8,3%-ға, ал печенье – 2,2% өскен. Бұл тұрғыда шоколадтан жасалатын кондитерлік өнімдер өндірісінің республикалық көрсеткішінде Алматыдан (52,4%) кейінгі орында Қостанай мен Алматы облыстары тұр. Өйткені Алматыда саладағы алпауыт кәсіпорын «Рахат» фабрикасы жұмыс істейтіні белгілі. Айта кетейік, кәсіпорын қазір оңтүстіккореялық LOTTE Confectionery кондитерлік компаниясына тиесілі. Былтыр «Рахаттың» Шымкент қаласындағы филиалы өнім өндіру қуатын 2,4 мың тоннаға жеткізді. Бұл мезгілде компанияның жалпы сатылымының 25%-ы экспортқа шыққан. Негізгі бағыт – Ресей (61%), Қырғыз Республикасы (15%), Тәжікстан (6%) және Украина (7%). Қазіргі сәтте Қытаймен сауда келісімі қарастырылып жатыр.
Бір айта кетерлігі, печенье мен тәтті нан және шоколад өнімдері нарығында импорттық өнімдер көп сатылғанын байқаймыз. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша печенье мен тәтті нан нарығында импорттың үлесі – 38,6%, шоколад пен одан жасалатын өнімдер нарығындағы импорттың үлесі 51,6% болған. Бірақ бұл отандық өнімнің сапасы сын көтермейді дегенді білдірмейді. Мамандардың айтуынша, бізде ішкі нарыққа импортталатын өнім сапасына бақылау төмен. Шетелдік тауардың сапасы төмен болғанымен, құны арзан. Оған қоса, еліміздің нарығын жаулап алған ресейлік өндірушілердің демпингі басым түсіп жатыр. 2018 жылы Қазақстанға 170 мың тонна өнім келсе, соның 140 мың тоннасы Ресейден жеткізілген.
Әйтсе де, Ресейден келетін өнім құрамында трансмай көп. Отандық зертханалар олардың құрамын зерттеп, трансмайдың үлесі жоғары екенін анықтағанымен, әрі қарай шара қолданып тыйым салу тәртібі әлсіз. Тексеруші органдардың отандық өнімге келгенде бапандай болғанымен сырттан кіретін өнімді жіті тексеруге тісі бата қоймайды.
Негізінен ішкі нарықты толық қамтуға әлеует жеткілікті. Өйткені елімізде «Рахат» фабрикасынан бөлек, Қарағандыда «Қарағанды кәмпиттері» ААҚ және Қостанайда «Баян сұлу» ААҚ секілді ірі кәсіпорындар бар. Одан бөлек, өңірлерде шағын кондитер цехтары жұмыс істейді. Бірақ біздің өнімнің өзіндік құны қымбатқа түседі. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында өнім бағасы өткен жылдан 7,7% қымбаттапты. Өйткені кондитер тауарының негізгі шикізаты – қанттың бағасы тұрақсыз. Шикізат құны өскен сайын, өнім құны қоса көтерілетіні анық. Ал сатып алушы отандық қымбат өнімді алғысы келгенімен қалтасы көтермейді, еріксіз шетелдік тауарды таңдайды. Сондықтан отандық кондитер өнімдерінің өрісін кеңейтуге көмек беретін мемлекеттік саясат қажет.