Қазақтың музыка мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан өнерпаздар аз емес. Әр дәуірде өмір сүрген бұл тұлғалар өз заманының сұранысына сай қызмет етіп, ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейтуге күш салды. Олардың бірі туған жерінде туып-өскен, ұлттық дәстүр мен мәдениетке сусындап өскен жергілікті мамандар болса, енді бірі сырттан арнайы шақыртылып, кәсіби деңгейде өз білімін, тәжірибесін қазақ музыкасына арнаған майталман мамандар болды. Осындай ұлт өнерінің өркендеуіне зор үлес қосқан тұлғалардың бірі – белгілі композитор, дирижёр, ұстаз әрі музыка зерттеушісі Евгений Брусиловский еді.
Ол қазақ музыка өнерінің кәсіби арнаға түсуіне тікелей ықпал етіп, алғашқы опералар мен симфониялық шығармалардың негізін қалаушылардың бірі болды. Е.Брусиловскийдің шығармашылық қызметі ұлттық музыкалық мұраны заманауи үлгіде жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде тарихта қалды. Бүгінгі мақала Евгений Григорьевичтің қазақ даласына келуіне арналады.
Бұл туралы композитор өзінің орыс тілінде жазылған естеліктер кітабында (Алматы, 2022) бүге-шігесіне дейін баяндайды. Әңгімені әуелі отызыншы жылдары сол кездегі Ленинградқа А. Жұбановтың келуінен бастайды.
…Ленинградқа Қазақстаннан Ахмет Жұбанов келді. Ол – Ленинград консерваториясының бұрынғы студенті. Ол Қазақстан КСР Халық ағарту комиссариатының жолдамасымен келіп, Ленинград Композиторлар одағына шығармашылық көмек көрсету туралы өтініш білдіру үшін жүгінді. Сол жылдары Ленинград Қазақстанның мәдени қамқоршысы болатын. А.Жұбанов республика басшылығы атынан Ленинград Композиторлар одағына кем дегенде уақытша түрде бір композиторды іссапармен жіберуді өтінді. Бұл композитор Қазақстанның музыкалық мәдениетін көтеруге нақты көмек көрсете алуы керек еді.
А.Затаевичтің ауқымды этнографиялық еңбегі әлемге қазақ халқының халық музыкасының қандай бай мұрасы бар екенін көрсетті. Бұл халық шығармашылығы ғасырлар бойы жинақталған, енді оны терең түсіну қажет, себебі ол қазақ кәсіби музыка мәдениетінің өзегіне айналуы тиіс еді. Және де қазіргі қазақ музыкасын халықтық негізде дамытуға кірісу керек болатын.
Ары қарай Брусиловский Ахаңды бұрыннан танығанын жазған. Алдымен жатақханағы жай-күйін айтып, ортақ таныстарын тізіп өтеді.
Кейін Ахмет Қуанұлының Ленинград консерваториясында скрипка, гобой аспаптарында және де мәдени мекемелер мен шараларды ұйымдастыруды үйретенін инструкторлық-педагогтің факультетте оқығанын айтады.
Жұбанов бірнеше рет сөйлескеннен кейін, менің тікелей бастығым Иохельсон өзіне шақырып алды… Барып көр деп үгіттеді. “Сенің мінезің мен көзқарасыңды ескерсек, сен ол жақта үлкен пайда келтіре аласың. Бұл – біздің, соның ішінде сенің де саяси, революциялық борышың. Ал Ленинградта бұдан әрі не істейсің? Киноға немесе театрға музыка жазасың ба? Мейрамханаларға сенің музыкаң жарамайды. Қанша симфония жаза беруге болады? Ақыры сен Шостакович емессің, оның өзі, міне, көріп отырсың, тіпті ол джаз үшін Утесовқа да музыка жаза бастады. Неге сен бармасқа? Екі жыл осында болмағанның өзінде ештеңе жоғалмайды. Ал екі жылда, егер сабыр мен жігер болса, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Ойланып көр” деді бастығым.
Бұл абзацтан сол кездегі өмірдің қиындығы сезіледі. Композиторларға тек өнермен шұғылданып қана қоймай, күн көру үшін нақты шешімдер қабылдау керек болған. Мысалы, мейрамханаға немесе театрға музыка жазу. Сонымен қатар идеология да маңызды рөл атқарған – “елге пайдаң тисін” деген талап болған. Яғни, ол заманда өнер адамдарына жай шығармашылықпен айналысу аз еді, заманға бейімделіп, қоғам талабына сай болу қажет болған.
Евгений Григорьевич үйіне барып, әйелімен ақылдасады. Екі жылға Қазақстанға бару ұсынысын естігенде, әйелі қызығып “барайық” дейді екен. Әуелі “бастысы неғұрлым жылдам әрі алысқа” кетейік дегенге композитор таңғалдым дейді.
Иохельсон ойланды. Әйелім де ойланды. Енді ойлану кезегі маған келді. Мен 28 жастамын. Бұл жаста тағы екі жыл жоғалтуға болады. Бұл 50 емес қой. Қайда кетпей жатқан уақыт?! Мүмкін, Ленинградта тұрып, кино мен эстрадаға музыка жазып жүргендегі уақытым Алматыға қарағанда тезірек кететін шығар?
Ол жақтың тұрмысы қиын, бірақ шығармашылық жағынан қызық. Мен аз қиындық көрдім бе, жарайды, енді тағы бір авантюра болсын. Былай ойлап қарасақ, мен әлі жас жігітпін, сондықтан саяхаттап, басқа өлкелерді көріп, басқа адамдармен және олардың салт-дәстүрлерімен танысуым керек… Ендеше, бастайық.
Осылай композитор бір шешімге келген екен.
Ертесіне Брусиловский Иохельсонға барып, оның ұсынысын қабылдауға шешім қабылдағанын айтты. Иохельсон бұл шешімді қуана құптап, оны Жұбановпен кездестіреді.
Біз болашақ міндеттер мен мүмкіндіктер жайында егжей-тегжейлі талқыладық. А.Жұбанов аз сөзді, іскерлі көрінгенімен, бірақ жылы шырайлы еді. Біз келісімшартқа отырдық, сол сәтте-ақ мен жолға шығу үшін жәрдемақымды алдым. Ахмет Жұбанов көп ұзамай кетіп қалды. Және қоштасарда жылы сөз айтып, жымиып та қойды. Мен болсам жолға жинала бастадым.
Евгений Брусиловскийдің Алматыға келуі қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаған тарихи оқиға болды. Ол Қазақстандағы алғашқы операларды жазып, халық ән-күйлерін өңдеп, ұлттық музыканы еуропалық академиялық деңгейге көтерді. Оның шығармашылығында 9 опера, 4 балет, 9 симфония және жүздеген ән мен романс бар. «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Ер Тарғын» опералары арқылы қазақ опера өнерінің іргесін қалап, кейінгі композиторларға жол ашты. Сондай-ақ ол Қазақстанның алғашқы Мемлекеттік Әнұранының музыкасын жазуға да атсалысты. Брусиловскийдің еңбегі қазақ мәдениеті мен музыкасының тарихында өшпес із қалдырды.