Журналист, тележүргізуші Асхат Садырбай әлеуметтік желідегі парақшасында сот процесі аяқталғанын мәлімдеді, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол өзінің кінәсіз екенін дәлелдегенін атап өтті.
«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. Маған жала жауып, ел алдында қаралағысы келгендердің бүгін туы құлап, позициялары тас-талқан болды. Жалған ақпаратты жалаулатып тапқан нандарың сіңімді болсын! Ал құрбан рөлін ойнағандардың маскасы шешілді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде! Иә, құрметті оқырман, бүгін менің жеке басыма айтылған жалған ақпараттар, ар-намысым мен іскерлік беделіме нұқсан келтіру бойынша бірнеше айға созылған сот аяқталды. Жауапкер Қорабаева А. менің және менің отбасыма қатысты айтқан ақпараттардың біреуіне де дәлел бере алмады. Тіпті соттың бір сұрағына “өзім ойдан айта салдым” деген сыңайда жауап берді. Біреуге күлкі, біреуге өсек шығар. Бірақ бұл – адамның өмірі мен тағдыры. Ақпараттық шабуыл маған және менің отбасыма ауыр тиді. Бұл сот болмас та еді. Алайда өтіріктің үстіне өтірік қосылып үдей берді. Ал, менің мақсатым біреуді соттау емес, өзімнің кінәсіз екенімді амалсыздан заң жүзінде дәлелдеу еді. Тіпті моральдық шығын да қажет емес, медиациямен шешейік дегенде де жауапкер тарап басында басқа сөйлеп, кейін қайтадан өз әдеттеріне салып кері кетті. Тіпті сот отырысына камера алып келіп шоу жасағысы келді. Қысқасы, осымен тәмам! Алдағы уақытта соттың ресми шешімін және қосымша ақпараттарды толық жариялаймын! Қолдаған жандарға мың алғыс. Аман болыңыздар!» – деп жазды журналист.
Айта кетейік, журналист, тележүргізуші Асхат Садырбай жеке өміріне қатысты жалған ақпарат таралып жатқанын айтқан еді.
Ал Асхат Садырбайдың бұрынғы әйелі Айғаным Қорабаева Анна Данченкоға сұхбат берген болатын.
Ол бұрынғы күйеуінің сұмдық әрекеттерінен күйзеліске түскенін жасырмады. Сонымен қатар осы уақытқа дейін бала үшін қайта-қайта сотқа сүйреп, шығынға батырғанын айтты. Бірақ айтуынша, соттасып жүргенмен, балаға айтарлықтай көмегі болмаған. Тіпті, алиментті алып тастауды сұраған. Айғаным Болатқызы отбасылы болған кезде бұрынғы күйеуі қол көтергенін айтып, көзі көгерген суреттерін жариялаған болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.