Алаңға қаланың түкпір-түкпірінен ақсақалдар, студенттер, мәслихат депутаттары, әртістер, ұстаздар, балаларымен келген аналар жиналды. Мыңдаған дауыс бір арнаға тоғысып, бұл хорда құрмет, мақтаныш және Отанға деген сүйіспеншілік сезілді.
Әнұран орындалмас бұрын алаңда мерекелік шеру өтті. Көк байрақтың жүздеген үлкен және шағын нұсқалары желбіреп, алаңды рухқа бөлеп өтті. Артынша кенет тыныштық орнап, сол сәтте жүректер үндескендей, Әнұран шырқалды.
Мерекелік шаралар түстен кейін арбатта жалғасты. Мұнда шығармашылық сайыстың: әлеуметтік желілердегі үздік жарияланым, бейнеролик, іс-шара және сурет номинациялары бойынша байқау жеңімпаздары анықталады. Ерекше атап өтерлігі — суретшілер өз туындыларын сол жерде, көрермендердің көз алдында салды.
Кешке ShymCity саябағында мерекенің жарық шоу-презентациясы болды. Мемлекеттік рәміздердің тарихы заманауи технологиялар арқылы музыкалық фонтанда бейнеленді. Сонымен қатар амфитеатрда патриоттық әндеркеші өтті.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы