Матч барысында БАӘ Өзбекстан құрамасының қақпасына екі рет қауіпті соққы жасаған. Екі сәтте де қақпашы Өткір Юсупов қақпаны голдан сақтап қалды. Осылайша, матчтың үздік ойыншысы марапатына ие болды. Ойыннан соң Юсупов: «Әлем чемпионатына шығу алдымызға қойылған мақсат еді. Бұл мақсат бізге арман болып қала ма деп уайымдаған едік. Бақыттымыз. Халқымыздың дұғасы қабыл болды» деді.
Азия футбол қауымдастығына мүше Өзбекстан құрамасы жолдамаға Иран, БАӘ, Катар, Қырғызстан, Солтүстік Кореямен бір топта жаға жыртысты. Ережеге сай, топтан үздік шыққан екі құрама әлем кубогына тікелей жолдама алады. Иран 8 ойынның бірде-бірінде жеңілмей, наурыз айында-ақ әлем кубогына лицензияны иеленген. Ал екінші жолдамаға Өзбекстан, БАӘ, Катар үміткер еді. Өзбекстанның дәл осы екі қарсыласымен екі ойыны қалған. Өзбек футболшыларына екі матчтың бірінде тең ойнаса жеткілікті еді. Осылайша, бұл топта Иран 20 ұпаймен, Өзбекстан 18 ұпаймен әлем кубогына тікелей лицензия иеленді.
Өзбекстан әлем чемпионатына Орталық Азиядан қатысатын алғашқы ел атанды. Бұл елдің құрамасын қазір жергілікті маман Тимур Кападзе жаттықтырады.
Бұған дейін әлем чемпионатына 32 ел қатысып келген еді. FIFA 2026 жылдан бастап әлем кубогына 48 ел қатысады деген шешім қабылдаған. Осыдан соң Азия құрлығына берілетін жолдама саны бесеуден сегізге артқан еді.
Әсет ҚАЛИ