Қазақстанның барлық өңірінде «Әділет» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған есірткіге қарсы рейдтер мен профилактикалық акциялар жалғасуда. Еріктілер, қоғам белсенділері және құқық қорғау органдарының өкілдері көшелерді тыйым салынған заттардың заңсыз жарнамаларынан тазартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Еріктілер тұрғын үйлердің аулаларын, көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, көлеңкелі интернет-ресурстардың байланыс деректері көрсетілген трафареттерді анықтап, жойды. Республикалық науқан аясында барлығы 2500-ден астам наркограффити мен жарнама жазбалары өшіріліп, рейдтер мен түсіндіру кездесулеріне 2000-ға жуық жас жұмылдырылды.
Жазуларды өшірумен қатар, белсенділер күмәнді сілтемелер мен Telegram-арналарға өтудің қауіпті екенін жан-жақты түсіндіріп, осындай жарнамалар анықталған жағдайда полиция қызметкерлеріне хабарлауға шақырды. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ үшін бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуге бағытталған спорттық турнирлер, пікірталастар және ашық алаңдар ұйымдастырылды.
Атаулы жұмыстың маңыздылығына «Жастар Рухы» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Арафат Мажитов тоқталып, профилактикалық жұмыстар жастарға жай ғана теориялық ақпарат берумен шектелмей, өз қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты мүмкіндік беруі қажет екенін атап өтті:
«Есірткімен күресте профилактикалық жұмыстардың маңызы зор. Біз жастарға тыйым салынған заттардың зияны туралы айтып қана қоймай, оларға қоғамдық ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге нақты үлес қосуға мүмкіндік береміз. Заңсыз жарнамаларды жою - атқарылып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана. Ең бастысы - өскелең ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастырып, тұрақты түрде белсенді әрі салауатты өмір салтын таңдауға жағдай жасау» - деді Арафат Мажитов.
Бұл ойға Павлодар облысының белсендісі Алихан Айтмұхан да қосылып, әлеуметтік желілермен қатар, көше ортасы да жастардың көзқарасы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінде жастар ақпаратты тек әлеуметтік желілерден ғана емес, күнделікті өмір сүріп жатқан ортасынан да алады. Сондықтан көшелердегі есірткі жарнамасына бейжай қарамау маңызды. Акция барысында біз жазуларды өшіріп қана қоймай, тұрғындармен сөйлесіп, оның салдарын түсіндірдік. Әр адамның күмәнді жарнама туралы тиісті органдарға хабарлауы, спортпен айналысуы және салауатты орта қалыптастыруы сияқты қарапайым әрекеттері үлкен профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болып табылады» - дейді белсенді.
«Әділет» партиясының жастар қанаты алдағы уақытта да есірткі қылмыстарының алдын алуға, салауатты өмір салтының құндылықтарын насихаттауға және қоғамның есірткіге қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыра береді.
