Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған Ресей күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.
Сенім мен серпін кезеңі
176
оқылды

Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшім­баев қатысушыларды Ресей күнімен құттықтады. Палата Спикері Қазақстан мен Ресей арасында стратегиялық серіктестік пен одақтастық ор­нағанын атап өтті. Сондай-ақ ол сая­си диалогтің жоғары деңгейін, терең экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды, Тәуелсіздік алғалы бері қалыптасқан берік шарттық және құқықтық базаны тілге тиек етті. Бұл ретте Мемлекет басшылары арасындағы ашық және сенімді диалогтің маңызды рөл атқаратыны да айтылды.

«Біз Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалаймыз. Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы – берік әрі мыз­ғымас достықтың үлгісі. Біздің стратегиялық серіктестігіміз бен одақ­­­­­тастығымыз тығыз тарихи және мә­дени байланыстарға, сондай-ақ, екі халықтың болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікке негізделген». Мемлекет басшысының бұл сөзі біздің жан-жақты өзара іс-қимылымыздың мәні ресми емес, шынайы, ашық еке­нін және ортақ қауіпсіз әрі жарқын бо­лашақ-қа бағытталғанын көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жолында парламентаралық ынтымақтастықтың да маңызды екеніне назар аударды.

«Біз Ресей Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесімен сындарлы және тиімді жұмысқа айрықша мән береміз. Парламент депутаттары екі­жақты форматта, халықаралық пар­ламенттік ұйымдар аясында, оның ішінде, бірінші кезекте, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы шеңберінде тығыз өзара байланысты жолға қойды. Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының және өз атым­нан бүгінгі мере­кемен құттықтай отырып, ынты­мақтастығымыз нығая берсін деп тілеймін. Қазақстан мен Ресей ара­сында ғасырлар бойы қалыптасқан дос­тық бейбітшіліктің, елдеріміз бен халықтарымыздың тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің негізі бола берсін», – деді Мәулен Әшімбаев.