Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі жарияланды
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимі жарияланды
222
оқылды
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті, - деп хабарлады primeminister.kz. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен ахуал туралы денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, Нұр-Сұлтан қ. әкімі А. Көлгінов және Алматы қ. әкімі Б. Сағынтаев, қорғаныс министрі Н. Ермекбаев және ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаев, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары М. Мырзалин баяндады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында COVID-19 таралуының күрделі жағдайын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстанның басқа қалаларына коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында Мемлекеттік комиссия Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды енгізу туралы шешім қабылдады. Биылғы 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды: - карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру; - карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіру/одан шығу пункттерін анықтау; - адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп/шығуын шектеу; - үш санат: ауруды жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету; - халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау; - қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату; - азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру; - санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу; - ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру; - карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау; - карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау; - ұйымдастырушылық сипаттағы басқа да шаралар.