Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың "TURKISTAN" халықаралық газетінде "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласы жарияланды. Мақалада бүгінгі әлемдік геосаяси жағдай жайлы да тоқталды.
Бүгінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жан-жақты ойластырылған және жүйелі қадамдарының арқасында өзінің әлемдегі лайықты орнын иеленді. Сондықтан біз әлі де айналасында дау-жанжал белең алған ортада бейбітшілік мекені болып қалып отырмыз. Біздің жауымыз жоқ, өз көзқарасымыз бен мүддемізді сақтай отырып, бәрімен достық қарым-қатынас орнаттық. Өзімізді Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жаңа Жібек жолының маңызды логистикалық тармағы ретінде таныта алдық. Ресей, Қытай және жаһандық Оңтүстік сияқты геосаяси алыптардың ортасында өзіміздің бағдарымызды сақтап қана қоймай, маңызды өңірлік күш ретінде дамып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның саяси лагерьлерден тыс мультилатерализм саясатын ұстанатын орта держава ретіндегі мәртебесі айрықша маңызға ие. Сыртқы саяси бағдардың бұл өзгерісі туралы 2024 жылдың жазында Еуропалық Одақтың сол кездегі Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель: «Бұрын Қазақстан периферияның орталығы саналатын еді. Ал ол қазір бәрінің нақ ортасына жайғасты», – деп пікір білдірген болатын.
Қазақстан көп елмен салыстырғанда, бүкіл әлемді шарпыған бірегейлік дағдарысынан шығатын жолды тапты. Кейбір мемлекеттерде, оның ішінде әлемдік державаларда бұл сын-қатерге жауап ретінде регресс, этностық ұлтшылдық, ксенофобияның өршуі, оңшыл радикализмнің белең алуы, өңірлік және ұлттық деңгейде оқшаулану, солардың салдарынан кері кету байқалғаны жасырын емес. Ал Қазақстан ішкі этномәдени интеграция арқылы, ешкімнің құқығына нұқсан келтірмей әрі ассимиляциялаудан бас тартып, ұлттық жаңғыруға ұмтылды, – деді Мәулен Әшімбаев.