017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлығымен қол қойылды. Құжатты депутаттарға Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
– Кедендік реттеу саласында электронды сауда операторы деп аталатын жаңа құқықтық институт пен қызмет түрін енгізу жоспарланып отыр. Ол интернет-алаңдарда жеке тұлғалар сатып алатын тауар операциялары логистикасын, интернет-алаңдарымен және кеден органдарымен өзара әрекет жасауды, кедендік декларациялау мен электронды сауда тауарларын сақтау процестерін қамтамасыз етеді, – деді С.Жұманғарин.
Жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбанов қосымша баяндамасында өзгерістер тауарларды сыртқы сауда алаңдарынан сатып алу тәртібіне әсер ететінін хабарлады. Атап айтқанда, халықаралық пошта жөнелтілімдерінде шетелдік интернет-алаңдардан үшінші елдерден жеке тұлғалардың атына жіберілетін тауарлар электронды сауда тауарлары деп аталатын жекелеген санатқа бөлінеді. Бүгінде шетелдік интернет-алаңдарда сатып алынатын тауарлар жеке пайдалануға арналған тауарларға жатады.
Сонымен қатар кедендік декларацияның жаңа түрі – электронды сауда декларациясы енгізіледі. Электронды сауда тауарларының бүкіл көлеміне, яғни жеке тұлғалардың сыртқы сауда алаңдарынан сатып алатын барлық тауарына декларация жүргізіледі. Бүгінде жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу нормалары 200 еуродан немесе 31 келіден асқан кезде ғана декларацияланады.
Талқылау барысында депутаттар «Қазпошта» АҚ және DHL International Kazakhstan ЖШС және басқа да ұйымдарды қосу жоспарланған электронды сауда операторларының тізіліміне енгізу тәртібі жөнінде сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік органдардан оператордың тауарларды декларациялаудағы жауапкершілігі, тауарларды әкелу кезіндегі контрабандаға қарсы іс-қимыл шаралары, базарлардың тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін реттеу және басқа да мәселелерге қатысты нақтылау сұрақтарын қойды.
Сонымен қатар Мәжіліс Сенаттың Салық кодексі мен оған ілеспе түзетулерге, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізген түзетулерімен келісті.
Жалпы отырыс соңында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов палатаның VIII сайланған Парламенттің үшінші сессиясындағы Мәжіліс қызметін қорытындылады. Осы уақыт ішінде 39 жалпы отырыс өтіп, онда 248 мәселе қаралған, 90 заң қабылданып, 39 халықаралық шарт пен келісім ратификацияланды.
– Президенттің Қазақстан халқына Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырыстарында айтылған бастамаларын іске асыру жалғасын тапты. Депутаттық корпус алдында тұрған стратегиялық міндет – мемлекеттің, азаматтар мен кәсіпкерлердің мүдделері арасында ортақ мәміле табу болды. Көпшілікпен ашық пікірталастар, депутаттардың табандылығы мен бизнес өкілдерінің белсене қатысуы арқасында тұрақты, ашық, әділ әрі түсінікті Салық кодексі қабылданды, – деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ палата Спикері балалардың құқықтарын қорғайтын заңдар, «Заң мен тәртіп» қағидатын заңнамалық тұрғыдан іске асыру, Бюджет және Су кодекстерін қабылдау арқылы жаңа экономикалық және прогрессивті су саясатының негізін қалыптастыру, Мемлекет басшысының сыртқы саяси қызметін заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды атап өтті.
Мәжіліс Спикері депутаттарға өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерінің жемісті өтуіне тілектестік білдірді. Алдағы сессияда депутаттық корпустың алдында бірқатар маңызды заңды қабылдау міндеті тұрғанын еске салды. Оның ішінде Құрылыс кодексі, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, банктер және банк қызметі туралы және басқа да заңдар бар.
Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: нотариаттық қызмет мәселелері туралы, ТМД елдерінде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы және бағалау қызметі туралы заңға енгізілетін түзетулер.
Мәжілісмендер мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 23 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Teleqram арнасында жарияланды.