Нұр-Сұлтан аумағында патрульдік бақылау күшейтіледі
Нұр-Сұлтан аумағында патрульдік бақылау күшейтіледі
© сурет интернеттен алынды
184
оқылды
Елорданың сауда ойын-сауық орталықтарында азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді деп мәлімдеді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. «Қаланың сауда ойын-сауық орталықтарында азық-түлік дүкендері, машина жуатын жерлер мен дәріханалар ғана жұмыс істейді. Қалған сауда нүктелерінің бәрі уақытша жұмысын тоқтатады. Қаладағы 12 ірі сауда-ойын-сауық орталықтары қазір уақытша жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдады. Мысалға, Mega Silk Way-де жалға беріп жатқан орындарын қазірше жалға беру құнын алуын тоқтатты және қызметкерлерінің жалақысының 75 пайызын төлеуді қолдап отыр. Біз өзге де ірі орталықтардың басшыларымен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - дейді Алтай Көлгінов. Сонымен бірге, оның айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы уақытша шектеледі. Қазіргі уақытта шұғыл мәселе болмаса аталған орталықтарға барудың қажеті жоқ. «Президент тарапынан барлық ұйым басшыларына қызметкерлердің 70 пайызын қашықтықтан жұмыс жасауға немесе еңбек демалысына шығаруға ұсыныс жасалды. Осыны сақтауды сұраймыз. Бұл коммуналдық қызметкерлерге, құқық қорғау, арнайы органдарға, медицина қызметкерлеріне және қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін басқа ұйымдарға қатысты емес», - деді ол. Қала басшысының айтуынша, сауда ойын-сауық орталықтарында, базарлар және коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану жерлерінде, халыққа қызмет көрсету орталығында, вокзал мен әуежайда, қонақ үйлерде және басқа да орындарда санитарлық зарарсызданыру режімі күшейтілді. «Медициналық тексеруден өтуге және емделуден бас тартқан, карантин режімін сақтауға бей-жай қарап, эпидемиологиялық жағдайды және басқа да жағдайларды анықтау үшін қолда бар мәліметті жасырған адамдарға бақылау күшейтіледі. Оларға жауапкершілік бар екендігін ұмытпауға шақырамыз»,- деді ол. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қала аумағында патрульдік бақылау күшейтіледі.