Болған оқиға ізімен
Ізет пен күзет
419
оқылды

Жүрегі таза, адамдарға тек жақсылық ойлайтын жандарды ізетінен танисыз. Олар көрген жерде бәйек болып, амандық-саулығыңызды сұрап, иіліп тұрады. Мұндай адамдарды көр­генде «Бәрекелді! Көргенді бала екен ғой» деп сүйсініп қаласыз. Мен мұны неге айтып отырмын? Оған мына бір төмендегі оқиға себеп болды.

 Көңілімде көптен қорда­ланып жүрген сауалға жауап алмақ болып әкімдікке бара қал­дым. Шаруамды тез бітіріп қай­тамын деп ойлағанмын. Маң­дайым тасқа тигендей жер болып қайтатынымды білсем, маңайына жолармын ба?

Есік алдыңда зіңгіттей-зің­гіт­тей екі жігіт тұр екен. Аман­дасып, хал-жағдай сұрадым. Әлгі жігіттің бірі маған сұрлана қарады. Екіншісі ұрлана қарады. «Бірнәрсе бүлдіріп қойдым ба?» деп қуыстана бастадым. Мы­налар мені осы ұры санап тұр ма екен? Тінте қарағаны несі?

– Қайда барасыз? – деді еңгезердей күзетшінің бірі.

– Иә, қарағым! Бір сауалыма жауап алу үшін әкімге, болмаса орынбасарына жолығуым керек еді, – деп жөнімді айттым.

– Сонда не демексіз? – деп сұрады тағы бірі.

– Енді оны саған емес, әкім­ге айтамын ғой.

– Әкімнің қабылдауына жазы­лып па едіңіз? – деп сұрады күзетшінің бірі.

– Жоқ, қарағым! Жазыла­тындай жүдә жедел шаруам жоқ. Бар болғаны бір сұрағыма жауап алсам деп едім.

– Ол қандай сұрақ?

Енді мен қитығайын дедім.

– Жұмбақ. Сендерге айтуға болмайды.

«Мынау не деп тұр?» деген­дей, екеуі маған қасқыр көрген ешкікөзденіп қарады.

– Айтуға болмаса басқа жер­ге барыңыз. Көке! Жұртқа ке­дергі келтірмеңіз. Сыртқа шы­ғыңыз, – деп әлгінің бірі омы­­­раулап мені ығыстыра бас­тады.

Мен шаруамды бітірмей қайтпайтынымды айтып, табан­дап тұрып алдым.

– Шығыңыз! – деп әмір етті күзетшінің бірі.

– Ау, қарағым! Бұл – мемле­кеттік мекеме. Әкімдегілер қа­ра­ша халықтың мұң-зарың тың­дау үшін отыр емес пе? Бірауыз сөз айтып шығайын, – деп бір табан шегініп, «тергеу­шілердің» алдында ізеттілік таныта бас­тадым.

Күзетшілер менен де басқа екі-үш кісінің жағасынан ал­ғандай болып, сыртқа шығарып жіберді. Сол екі арада бала көтерген бір келіншек келді. Оның да шаруасы әкімде екен. Күзетшілер оны да кіргізбеді. Бір кезде келіншектің қолын­дағы бала шырылдап жылай бастады.

– Жігіттер! Тым болмаса мына келіншекті кіргізсеңдерші. Көріп тұрсыңдар, баласы қол­ды-аяққа тұрмай шырылдап жатыр, – деп мен енді өзімнің шаруамды ұмытып, келіншекке ара түстім.

Күзетшілер келіншекті де келістірген жоқ. «Миымыз су болып кетті» деп оны да сыртқа шығарып жіберді.

Сәлден соң екінші қабаттан бір жігіт түсті.

– Көке! Әкімнің қабыл­дауына жазылған ба едіңіз? – деп сұрады менен.

– Жоқ.

– Онда сізді журналға тіркеп қояйын. Аты-жөніңізді, теле­фоныңызды жазып алайын, – деп әлгі жігіт қалам, қағазын қо­лына алды. 

– Не шаруаңыз бар еді?

– Оны да осы журналға жа­зып қоясыңдар ма?

– Жоқ. Сұрап жатқаным да. 

– Ендеше әкіміңізге ай­та­мын.

Бұл жігіт күзетшілерге қара­ғанда сыпайылау екен. Осы жер­ден тоқтады.

– Қайта беріңіз. Өзіміз ха­бар­лаймыз. Телефонда бо­лыңыз, – деді әлгі жігіт.

– Сонда қанша уақыт кү­темін?

– Жақында қабылдауы өтіп кетті. Енді бір айдан соң қа­был­дайды.

Ал бір айдан соң мен айтқалы барған шаруамның түкте мәні қалмайтын еді. Басым салбырап үйге қайттым. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эко­но­микалық бағдары» атты Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауында « ...Ең бастысы, қо­­ғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер» демеп пе еді? Қоғамдық сананың сиқы осылай болса, басқаларға не жорық? Сонымен қатар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруды тапсырды. Мемлекет халық үні­не құлақ асып жатса, әкімдер неге бұл тапсырманы орын­дамайды? Әлде, олар басқа елде өмір сүріп жатыр ма? «Қабыл­дамаса қабылдамай-ақ қойсын, бірақ тым болмаса есігін күзетіп тұрғандарға келушілерге сы­пайылық, ізет көрсету керек еке­­нін айтып қоймас па» деп ой­лап келе жаттым.

 

 С.Олжабай