Жергілікті облыстық Полиция департаменті ұйытқы болған шараға білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет басқармалары да қолдау көрсетіп, алаңға жастар, сарапшылар мен облыстың белгілі қоғам қайраткерлері жиналды. Форум Ақмола облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақтияр Утекиннің құттықтау сөзімен басталды.
– Ғасыр дертіне айналған нашақорлық бүгінде аса үлкен өзекті мәселеге айналған. Өйткені есірткіге елітіп, өз тағдырына балта шауып жатқандар көп. Сондықтан жастарды осындай игі шараларға тарту әрі түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бұл орайда тәртіп сақшылары мен білім беру орындары ғана емес, қоғамдағы әрбір саналы азамат нашақорлықпен күресуге тиіс. Тек сонда ғана нашақорлық індетінің тамырына балта шаба аламыз. Есірткісіз өмір – жауапты адамдардың саналы таңдауы. Сондықтан баршаңызды осы игі істе қоғам болып жұмылып, әрекет етуге шақырамын, – деді Бақтияр Утекин.
Форум жұмысы басталғаннан кейін есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің құрамына жаңадан қабылданған мүшелеріне куәлік тапсыру салтанаты өткізілді. Кеңес құрамына түрлі сала мамандары, қоғамның белсенді өкілдерімен қатар жергілікті жерлерде есірткіге қарсы жұмыс жүргізуге өз үлесін қосуға дайын жастар еніпті.
Форум барысында тағдырдың бұралаң қалтарысында шатасып, ойнақтап жүріп от басқан, яки бәзбіреулердің азғыруымен теріс жолға түсіп, есірткі сатып темір торға тоғытылған адамдар жайлы деректі фильм көрсетілді. Фильмді мұқият тамашалаған студент жастар есірткі притондары мен қылмыстың түрлі схемасына қатысудың нақты салдары жайлы ойын ортаға салды.
Жиналғандардың алдында есірткіге тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсетілетін оңалту орталығының меңгерушісі, Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Думан Сабыржанов сөз сөйлеп, өңірдегі есірткі ахуалына шолу жасады.
– Облыс полиция сарбаздарының күнделікті өз қызметінде барынша бақылауы мен жіті әрекеті арқасында есірткі сату қылмыстары біршама азайып, есірткі сатқан қылмыстық ірі топтар құрықталды. Сондықтан жастардың есірткі қылмыстарының алдын алуға атсалысуы, нашақорлықтан бойын аулақ салып, жора-жолдастарына да жанашырлықпен қарауы қажет, – деп атап өтті Думан Сабыржанов.
Әсіресе, полицияның жедел тобы бөлімінің «Атос» атты қызметтік итінің өнер көрсетуі жиналған көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Талай есірткі қылмыстарын ізін суытпай ашып жүрген кинолог пен Атостың жедел әрекеті күштік құрылымдардың нашақорлықпен байланысты қылмыстардың жолын кесу және анықтаудағы тәжірибесін көрсетті.
P.S. Ұйымдастырушылар мұндай форумдар біржолдық акция ғана емес, алдағы уақытта ведомствоаралық тұрғыда жастар арасында есірткі тұтыну мен нашақорлық қылмыстарының алдын алу және анықтауда ұзақмерзімді түрде өткізілетінін атап өтті. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, мамандар мен студент жастардың өзара күш біріктіруі қоғамның әлеуметтік қорғалуына әрі ғасыр індетіне айналған нашақорлықтың тамырына балта шауып, саламатты өмір салтын сақтайтын жастардың қалыптасуына жол ашпа.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы