Доданың демін жеткізген...
Еліміздегі спорт журналистикасының тамыры Кеңес үкіметі кезеңімен тұтасып жатыр. 1930 жылдардан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде ұлттық спорт түрлері жөнінде заметка шыға бастады. Міне, бұл еліміздегі спорт журналистикасының бастауы еді. Ұлы Отан соғысына дейін көбінесе көкпар, күрес түрлері туралы азды-көпті материал жарық көрді. Кейіннен, халық бокс, футболға қызығып, ақпарат кеңістігі ұлғая бастады. Газетте спорт айдары тұрақтанып, оқырман қызыға оқитын дүниені жазуға құлшыныс артты. Спортшының жанкешті жұмысы, жарыс атмосферасы, көрермен қолдауы бұл саланың келешегі жарқын екенін көрсеткендей. Осыдан кейін 1959 жылы тұңғыш рет «Спорт» газеті оқырманға жол тартты. Бұл спортқа машықтанғысы келген маманға жаңа жол ашты. Одан бөлек, КСРО жоғары лигасында өнер көрсеткен «Қайраттың» ойыны тікелей эфирден берілді. Жанкүйер алғаш рет ойын аурасын сезініп, спорт әлеміне сүңги бастады.
Спорт журналистикасының сүйегі қатаюына Сейдахмет Бердіқұловтың рөлі айрықша. Репортаж жанры, статистиканы сөйлету, алаң мен адам өмірін қатар қиыстыру алғышартын жасап берді. Оның «Мехико дүбірі» ел ішінде жаңғырып, қазақ спорт журналистикасының стандартын сызып берді. Жұртқа футбол феноменін түсіндіріп, қанат бітірген де – Сейдағаң. Қазір де спорт журналистері Бердіқұловша жазуды, эмоция мен өлшемді тоғыстыруды ойлайды. Ол газеттегі спорт ақпараты, мақаласы, репортажының жазылу тәртібін көрсетті. «Жас Алаштағы» спорт бетінің айрықша түрленіп, жаңа форматта шығуына да жазушының ықпалы зор. Бертінге дейін газеттегі спорт бетін қызыға оқып, қиындысын жинап жүрдік.
Иә, тәуелсіздік алған соң, спорт журналистикасына қанат бітті. 2003 жылдан бастап Sport Review журналы ашылып, «Хабар» арнасы әлемдік жарыстарды тікелей эфирден тарата бастады. Осы тұста Сұлтанғали Қаратайұлы бірден ойға оралады. Талантты журналист «оң қаптал», «сол қаптал», «айып алаңы», «қосалқы құрам» тіркесін қазақша түрлендірді. Ол жетпісінші жылдары Алматыдағы Орталық алаңда қазақша ойын жүргізген алғашқы комментатор. Бұл кезең жанкүйердің көңіл көкжиегінде сақталған сәт-ті. Оның шәкірттері де телевизияда табысты еңбек етті. Қаратайұлы қазығын қаққан коментаторлар мектебін Аманкелді Сейітхан түлете түсті. Сейдахмет Бердіқұлов, Несіп Жүнісбай жазбасынан оқитын футбол тойы тікелей эфирде «Амангелдіше» сөйледі. Жарқын дауыс, тауып айтқан сөз талайды тамсандырды. Ұлт футболына өле-өлгенше жаны ашып, тығырықтан шығар жол іздеп кеткеннің бірі – Аман аға. Оның жеңіс туралы «Сен туғанда шешең бекер қалжа жемеген екен...», футболдағы сәтсіз ойыннан соң «Шіркін, Зидан қазақ болғанда ғой» дегені ел есінде. Сидней Олимпиадасында Бекзаттың жеңісіне сүйінші сұраған үні де әр қазақтың жадында жаңғырып тұр. Тікелей эфирден «Жеңісті күндерде жүздескеншені» естіп қалармыз деп елегізетініміз де содан. Сол үшін Ермұхамед Мәулен осы тіркестің ұмытылмауынна үлес қосып жүр. Қазір Ғалым Сүлеймен Egemen Qazaqstan газетінде спорт жайын майын тамызып жазады. Одан бөлек, спорт журналистикасында брендке айналған есім жетерлік. 2000 жылдардан кейін еліміздегі ірі корпорациялар әлемдік доданы тұрақты түрде тікелей эфирден көрсетуді қолға алды.
Саладағы сан түйткіл
Жаңа дәуірдегі спорт журналистикасының хабар тарату тетігі түрленді. 2010 жылдан бастап Vesti.kz, Рrosport.kz ақпарат айдынына шықты. Бұдан іле-шала спорт сайттары көбейді. 2013 жылы Qazsport телеарнасы ашылып, ел спортына серпін берді. Спортшылар туралы арнайы бағдарлама, тұрақты тікелей көрсетілім мен талқылау алаңы пайда болды. Салада жаңа тыныс ашылғандай күй кештік.
Осы көшке әлеуметтік желінің ықпалы қосылды. Qazsport арнасымен қатар ел ішінде «В конакте» желісіндегі спорт парақшалары танымал бола бастады. Медиада алғашқы миллион оқырманды да аталған желідегі парақша жинады. Сол үшін медиадағы бренд қалыптастыруды бастаған да – спорт сайттары. Соған орай портал өз күнін өзі көруді, жарнама тартуды қолға ала бастады.
Десе де, ақпарат кеңістігі кеңейген сайын саладағы кем-кетік те айқын көріне бастады. Ақпарат көкжиегінде спорт платформасының бәсекеге шыдас беруі қиындады. Бірнеше спорт сайты жабылды. Саладағы жалақының төменіне қарамай, Qazsport журналистері барынша арнаны аяққа тұрғызды. Әсіресе, 2015 жылдан кейін қазақ тілінде тұрақты ақпарат берген спорт сайты сиреді. Жеке спорт сайты ретінде амал таппасын білген кейбірі ақпарат порталының ішінен спорт бөлімін ашуды жөн санады. Көбінесе, қазақша сауатты ақпаратты танымдық порталдан оқыдық. Бұл мәселе біразға дейін шешілмеді. Былтыр Astana Media Week-та да спорт журналистикасының жайы талқыланып, бәсекеге қабілет туралы сөз болды.
«Спорт журналистикасы барлық спорт түрін қамтитынына қарамастан, кез келген спорт түріне қатысты сараптама жасап, пікір білдіретін спикерлердің, оның ішінде қазақтілді маман аз. Саладағы негізгі қиындық тудырып отырған мәселе – осы», – деді белгілі спорт журналисі Әділет Құсайынов.
Расымен, спикер айтқандай, қазір спорт саласы басқа сипатқа ие. Өйткені кез келген адам TikTok-та влог бастап, біршама оқырман жинап жүр. Live форматта видео түсіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялауы да жылдам. Сондықтан телеарнаға ақпаратты басқа қырынан ұсынатын сәт келді. Фактчек жасау, эксклюзив материал, репортаж жасау кезегі күтіп тұр.
Сақа журналист Есей Жеңісұлы айтқандай, әр спорт түрінің басын бір шалмай, біріне мамандану керек. Сонда ғана салада сапа алдыңғы орынға шығады. Қазір бұрынғы спортшыны сарапшы ретінде тарту – маңызды. Себебі белгілі бір спорт түрін одан артық білетін адам жоқ. Сондықтан Qazsport арнасы экс-спортшыларды комментатор қасына жұптауды әдетке айналдырған.
Спорт жарыстары, соның ішінде Олимпиада ойындары, футболдан әлем чемпионаты тәрізді турнирге бару – мәртебе. Журналист Руслан Меделбек те спорт журналистикасындағы деңгей Олимпиада ойындары аккредитациясымен өлшенетінін айтқан-ды. Кейінгі жылдары жаһан додасынан ақпарат тарататын қазақ журналистері көбейді. Мұның өзі әлемдік стандартқа сай мамандардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Соған сай спорт журналистері де медиа-келбет жасаудың жолына түсті. Қазір Youtube-та көп қаралым жинайтын подкастың тақырыбы да – спорт. «Бірінші бол», «Соққы және гол», «Спорт министрі», Ақарыс Сейітқазы арнасының қаралымы көп. Түрлі желіде де аталған каналдың парақшасында оқырман жетерлік. Осы арқылы журналистер сауатты контент оқырман жинайтынын, тек оны жеткізу жолы әртүрлі екенін мойындатты.
Спорттағы медиа саласына түрлі федерация жұмысы да кіреді. Бұрын бірді-екілі федерацияда баспасөз бөлімі болса, қазір дені әлеуметтік желіде белсенді. Бір-бірімен коллаборация жасап, жаңа форматта ақпарат тарады. Соған сай спорт саласына маманданған медиа-менеджер, PR бөлімі, SMM маман, мобилограф қатары көбейді. Айта кетерлігі, әлі де спорт саласына, соның ішінде федерация жанында жұмыс істейтін маманның жалақысы төмен. Спорттың басы-қасында жүргеннің дені – жанкүйер.
Спорт журналистеріне берілетін биік марапаттың бірі – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлық. Осыдан екі жыл бұрын Спорт және туризм министрлігі «Жыл үздігін» ұйымдастырып, сонда спорттың басы-қасында жүргендерді марапаттауды бастады. Ал журналистика саласындағы беделді марапат саналатын «Тұмарда» спорт журналисіне арналған аталым болғанымен, «Үркерде» жоқ. Сала мамандары да мұндай іс-шарадан тыс қалып жататынын жасырмайды. Өйткені олар қандай нәтиже болмасын процестен ләззат алып үйреніп қалған болар...
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ