Хабарламада баланың құлағынан, жамбасынан, басынан жарақат алғаны айтылған.
"Үш ит тап берген": Алматы облысында 10 жасар баланы иттер талап тастады
istockphoto.com
557
оқылды

Алматы облысы Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген 10 жасар бала иттерге таланып, ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Aikyn.kz. Бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі kris.p.karasai паблигінде жарияланды. 

Ондағы мәліметке сүйенсек, оқиға 30 маусымда сағат 16:30 шамасында футбол алаңында болған.

"Иттер футбол алаңына кіріп кеткен. Басқа балалар қашып үлгерген, алайда бір бала қашып үлгермеген, сөйтіп оған үш ит тап берген", - делінген хабарламада.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Қазір оқиғаның куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жайы толық және объективті анықтау мақсатында бірқатар тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Тиісті сараптамалар тағайындалып, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.

Бұл ретте реабилитация орталығының лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі тұлға қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады", - делінген құзырлы органның Telegram-дағы арнасында жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ Полиция департаменті тұрғындарға жан-жануарлар болуы мүмкін қоршалған аумақтардың жанында сақ болуды ескертеді. Ата-аналар мен заңды өкілдеріне балаларының бос уақытын қадағалап, оларға қатаң түрде жеке қауіпсіздік шараларын түсіндіруді өтінеді.

Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы ауыр.