Шекара бекеті қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін 12 жолақ болып кеңейтіледі.
Жуырда «Сырым» шекара бекетін жөндейді
Фото: Суреттерді түсірген автор
1,495
оқылды

Бұл БҚО-дағы Ресеймен арадағы ең ірі шекара өткелі. Бұл жерден күніне 3000-ға жуық көлік өтеді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұханбетов пен Абзал Құспан кеше «Сырым» шекара бекетінде болып, шекарашылармен кездесті.

«Сырым» шекара бекетіндегі жүк көліктерінің кептелісі адамдарға аз қиындық туғызған жоқ. Осы мәселені депутаттар парламент мінберінде бірнеше мәрте көтеріп, шекара бекетінде қайта жаңғырту, жолақтарды кеңіту мәселесіне мұрындық болған еді. 

Белгілі болғанындай «Сырым шекара бекеті қайта жаңғырту жұмыстары кезінде толық жабылмайды. Тек жартылай жабылып, жүк көліктері ғана өтетін болады. 

- Енді «Сырым» шекара бекетінен тек жүк көліктері ғана өткізіледі. Жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар енді Тасқала, Шаған, Ақсай өткізу пунктері арқылы жіберіледі. Жүк көліктері электронды кезек арқылы өткізіледі. Санын БҚО Мемлекеттік кірістер департаменті реттеп отырады, – деп түсіндірді БҚО бойынша Шекара қызметі департаментінің бастығының бірінші орынбасары Сухраб Мусаев.

Айта кетейік «Сырым» шекара бекеті қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін 12 жолақ болып кеңейтіледі. Бұдан бөлек ол жерде әкімшілік ғимарат, көлік құралдарын тереңдетіп тексеруге арналған ангар, қызметтік көліктерге арналған гараж, шекаралық бақылауының өткізу пункті, инспекциялық-тексеру кешені, көкөніс қоймасы салынатын болады.

«ҚазАвтоЖол» мекемесінің облыстық филиалының басшысы Асылбек Марданның айтуынша құрылысқа дайындық жұмыстары  басталып кеткен. 

«Сырым» шекара бекетін қайта жаңғырту жұмыстары үшін бюджеттен 21 млрд-тан астам қаражат бөлінген. 

Шекара бекетінде болған депутаттар қайта жаңғырту жұмыстарының уақытылы аяқталуын, жұмыстың сапалы жүргізілуін «AMANAT» партиясы бақылауда ұстайтынын жеткізді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы.