Сонымен қатар, тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін тағы бір құрал енгізіліп жатыр.
Пәтер сатып алам дегендерге қандай талап қойылып отыр?
pixabay
194
оқылды

Ұлттық банк үлестік қатысу шарттарына қатысты жаңа қаулы жобасын жариялады. Онда барлық төлемдер тек қолма-қол емес түрде және тек шарт мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс делінген, – деп хабарлайды Aykin.kz.

Егер бұл талаптар орындалмаса, банк ешқандай төлемді қабылдамайды. Егер төлем қолма-қол жасалса да, қаражат уәкілетті компанияның шотына банк арқылы түсуі қажет. Сонымен қатар, тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін тағы бір құрал енгізіліп жатыр. 

Яғни, құрылыс компанияларының пайдасына жүргізілетін төлемдер кезінде үлестік қатысушы, арнайы төлем белгілеу кодын (ТБК) және үлестік қатысу шартының нөмірін көрсетуі керек. Ал ол ақпарат болмаса, банк төлемді қабылдаудан бас тарта алады. Бұл өз кезегінде, құрылыс саласындағы жобалардың ашық дерекқорын қалыптастыру үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Сарапшылар пікірінше, бұл жылдар бойы қордаланған мәселенің шешімін табуға септігін тигізеді екен.

«Нарықта салынып бітпеген үйді сататындар әлі деп көп. Бірақ ол пәтер қолданысқа берілуі сағызша созылып кетеді. Осы құжат арқылы біраз мәселені шешіледі деп ойлаймын. Ол – біріншіден. Екіншіден, құрылыс саласындағы компаниялар енді табиғи түрде сүзгіден өткізіледі. Заңға, салымшының қаржысына жауапкершілікпен қарайтын компаниялар ғана нарықта қалатын болады. Бұл өз кезегінде саланың ашықтығын қамтамасыз етуге, қандай компания қанша пайда тауып жатқанын ашық көруге мүмкіндік береді», – дейді экономист Бауыржан Сарқұлов.

Айта кету керек, аталған талаптар тек бастапқы тұрғын үй нарығына қатысты. Ұлттық банк осылайша баспана аламын деген азаматтардың тәуекелін азайтуға бағытталғанын атап өтті. Өйткені бұған дейін жұрт тіркелмеген немесе күмәнді жобаларға қаражат салуға мәжбүр болған.

Сонымен қатар, Бас банк тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамаға түзетулер енгізбекші. Атап айтқанда, төтенше жағдай (ТЖ) салдарынан зардап шеккен азаматтарға төленген өтемақыны өндіруге тыйым салынады. Егер үшінші тұлғалар осындай төлемдерді алғысы келсе, банктер ол өтінішті қабылдамауға міндетті болады. Бұл ТЖ кезінде азаматтарға бөлінген көмектің сақталуын және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.