Кофе – адамға сергектік сыйлайтын таңғы сусынның бірі. Содан болар, жұрттың көпшілігі күнін кофеден бастайды. Алайда әлеуметтік желіде кофені өзге мақсатта да қолдануға болады, әрі оның орындалатынына шек келтірмейді, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты.
Мәселен, әр бейсенбі сайын кофеге даршын қосып ішсе, ақша шақырады екен. Аффирмация үшін «даршын кофеге қалай дәм бере түссе, маған дәл солай қалтама қаржы құйыла түссін» деген дұғаға дейін оқылады-мыс. Сөйтіп табыс көзі көбейіп, қаржылық әл-ауқаты жақсара түседі деген сенім бар.
Таролог Диана Балаянның айтуынша, даршын қосылған кофені аптаның кез келген күнінде іше беруге болады. Дегенмен бейсенбіде ақшаны тартатын энергия күшейе түседі екен.
Жалпы кофе ағзаны оятып, адамға күш-қуат беріп, сергітетіні рас. Бірақ кейбірі үшін бейсенбілік кофе – үлкен рәсім. Өйткені аптаның бейсенбісі Юпитердің құзырында, ал Юпитер – ақшаның, кәсіптің, бизнестің планетасы. Дәл сол күні кез келген қаржылай мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік туады. Ақша шақырудың тағы бір салты айдың бірінші күнінде есікке қарай даршын үрлеп, үйге сәттілік пен қаржының жолын ашасыз, – дейді Диана.
Оның айтуынша, кез келген кофеханадан даршын қосылған кофені ала салумен шешілмейді. Дұрысы бұл кофені әркім өзі дайындауы тиіс. Не болмаса кофехананың өзінде осы тәсілмен жасағаны жақсы.
– Ыдысқа суық су құйып, үстіне кофе саламын. Судың бетіне кофе баскиім секілді үйіліп тұруы қажет. Соның дәл төбесіне шәй қасық даршын саламын. Кофе түбіне түсіп, тұнған соң араластырып, «даршын кофеге қалай дәм бере түссе, маған дәл солай қалтама қаржы құйыла түссін» деген сөзді үш рет қайталаймын. Дәл осыны шәймен де істеуге болады. Бастысы бүкіл ойы мен көңілін ақшаны шақыруға жіберу керек, – деді Диана Балаян.