ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті кәсіпкерлерді абақтыдағы сотталушыларды бірлесіп жұмыспен қамтуға шақырды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Есқали Саламатов айтты.
«Биыл Ішкі істер министрлігі ішінде Қылмыстық-атқару жүйесі жылы болып жарияланды. Біз ҚАЖ шеңберінде сотталғандарды жұмысқа орналастыруды басым бағыт деп белгіледік. Бұл мәселе өте маңызды. Қазіргі уақытта түрмеде жазасын өтеп жатқан 23,5 мың адамның 9 мыңы ғана жұмыс істейді, бұл 40% құрайды. 9 мың адамның 36% күніне бірнеше сағат қана жұмыс істейді, яғни формалды жұмыспен қамтылған. Біз бұл проблемамен шындап күресуге дайынбыз», - деді Е. Саламатов елордада ЕС – 166/10 мекемесінде өткен дөңгелек үстелде.
Бүгінгі таңда түрмеде отырған 7,4 мың сотталушы мемлекет пен жәбірленушілерге 296 миллиард теңге қарыз. 2019 жылы оның 1,5 млрд теңгесі ғана төленген.
«Сондықтан біздің басты міндетіміз – сотталғандардың жұмыс істеп, қарыздарын төлеуі үшін барынша жұмыспен қамту. Талдау нәтижесі көрсеткендей, жұмыспен қамтылған сотталушының проблемасы аз. Жұмыс істейтін адамдар шағым жазбайды, ақша табады, қарызын төлеп, отбасыларына көмектеседі және олардың шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығатын мүмкіндіктері көп. Жұмыссыз сотталушылар да жұмыс істегісі келеді. Сауалнама жүргізгенде, тұтқындардың 99% жұмыс істеп, отбасыларына көмектескісі келетінін айтқан», - дейді спикер.