Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласында бірқатар кездесу өткізді. Онда әлеуметтік саясат, деңгейаралық өзара іс-қимыл және білім беру инфрақұрылымын дамытудың негізгі мәселелері талқыланды.
Сұлтанбек Мәкежанов: Білім беруге инвестиция мен ашық диалог – тұрақты дамудың негізі
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен алынды
1,890
оқылды

Сенатор «AMANAT» партиясы қалалық филиалының басшылығымен және активімен кездесті. Заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Депутат кездесу барысында Сенат қараған заңдар мен бастамалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол заңдар халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғаны атап өтілді.

Сапар барысында қалалық мәслихат депутаттарымен де кездесу өтті. Қатысушылар бюджеттік жоспарлауды жетілдіру жолдарын, қала дамуының басым бағыттарын қолдау, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі өкілді органдардың бірлескен жұмыс тетіктерін нығайтуды талқылады. Қала тұрғындарының мүддесі үшін Сенат пен жергілікті билік өкілдері арасындағы сындарлы диалогтың маңыздылығы атап өтілді.

Сенатор білім беру нысандарына ерекше назар аударды. Ол Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта жаңа оқу жылына дайындықпен танысты.

Депутат сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханада да болды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, су және жылумен жабдықтау, қаржыландыру, кітап қорын толықтыру және ақпараттық ресурстарды цифрландыру мәселелері талқыланды. Білім беру мекемелерінің тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи жағдайлар жасау қажеттілігі басты назарда болды.