Депутаттар құрылыс алаңында жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйым өкілдерімен жобаны іске асыру барысы және алдағы жұмыс кезеңдерін талқылады.
Құрылыс бүгінде қарқынды жүріп жатыр. Болашақ мектеп отандық білім беру дәстүрі мен үздік халықаралық тәжірибелерді ұштастырған бірегей оқу ордасына айналатын болады.
«Бұл мектеп оқу орны ғана емес, зияткерлік және мәдени орталық болатынына сенімім зор. Мұнда тек академиялық білім ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, көшбасшылық қасиеттер, шығармашылық ойлау қалыптасатын болады. Бұл болашақ ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруде жаңа тәсілдің үлгісі болуы мүмкін», – деп атап өтті Сұлтанбек Мәкежанов.
Депутат Нұртөре Жүсіптің айтуынша, ең бастысы – мектеп салу емес, болашаққа берік негіз қалау, еліміздің зияткерлік әлеуеті дами түсетін кеңістік қалыптастыру болып отыр. Сенатор Нұртөре Жүсіп ХХІ ғасырдың сын-тегеуріндеріне жауап беретін сапалы білімнің арқасында ғана Қазақстанның егемендігін, бәсекеге қабілеттілігін және рухани бірлігін нығайтатын ұрпақты тәрбиелеуге болатынын атап өтті.
«Болашақтың білімі қандай болуы керек – бұл мектеп заманауи, инклюзивті, жеке дамуға және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағдарланған үлгі болады. Ол уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап береді. Мемлекет басшысының білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі алға қойған міндеттеріне сәйкес келеді және ағарту, білімге ұмтылу және рухани өсуге шақырған Абай философиясын бейнелейді», – деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.
Сенаторлар бұл жобаны іске асыру қазіргі заманғы технология мен адами құндылықтарға негізделген тұрақты білім беру үлгісін дамытуға қызмет ететініне және болашақта еліміздің басқа өңірлеріне үлгі болатынына сенім білдірді.