VeryWell Health басылымы ұсынған мәліметке сүйенсек, қиярды күнделікті тұтыну ағзаға мынандай бес нақты пайда алып келеді:
1. Ағзаны ылғалдандырады
Қиярдың 96%-ы судан тұрады. Сол себепті ол ағзадағы сұйықтық теңгерімін қалпына келтіруге көмектеседі. Ыстық ауа райында немесе спортпен шұғылданғаннан кейін су тапшылығын толықтыру үшін таптырмас өнім.
2. Жүйке және бүйрек жұмысын жақсартады
Су теңгерімінің тұрақты болуы бүйрек қызметінің дұрыс жүруіне, жүйке жүйесінің тынышталуына, терморегуляцияға, ұйқы мен есте сақтау қабілетінің жақсаруына оң әсер етеді.
3. Сүйектерді берік етеді
Қиярдың құрамындағы К дәрумені сүйек тінін нығайтып, сынық пен жарақат алу қаупін азайтады.
4. Қартаюға қарсы әсер береді
Қиярда көп мөлшерде антиоксиданттық қасиеті бар флавоноидтар кездеседі. Бұл заттар жасушаның қартаюын баяулатады, тамырлардың серпімділігін сақтайды, тромб түзілу қаупін азайтады. Сонымен бірге қияр ісікті басуға көмектеседі.
5. Онкологиялық аурулардың алдын алады
Қияр құрамында лигнандар деп аталатын антиоксиданттар бар. Олар ағзадағы еркін радикалдардың әрекетін тежеп, қатерлі ісікке жол бермейді. Әсіресе, бұл заттар менопауза кезеңіндегі әйелдер үшін пайдалы. Себебі олар гормонға тәуелді ісіктердің, соның ішінде сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупін төмендетеді.
Дәрігерлер ескертеді: қияр ішек ауруы бар адамдарда метеоризмге (газ жиналу) себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар қан сұйылтқыш дәрі қабылдайтын адамдарға қиярды мөлшермен тұтынуға кеңес беріледі. Өйткені оның құрамында К дәрумені едәуір жоғары.