Облыс үшін ең үлкен жетістік деп ең шалғай аудандар – Бөкей Ордасы мен Жәнібек ауданына жол салынғанын атап өтсек болады. Бұл жол халықтың сарылып күткен қуанышы еді. Қазір тақтайдай тегіс тасжолдың қызығын екі ауданның халқы көріп отыр. Казталов-Жәнібек, Өнеге-Сайқын бағытындағы жол құрылысын ел Президентінің өзі жеке бақылауына алған болатын. Осы жобаға бюджеттен 81 млрд теңге қаржы бөлінген еді.
Жалпы, БҚО-дағы жолдардың сын көтермейтінін және өңірлер арасындағы ең соңғы орындарда тұрғаны жиі айтылып жүр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін БҚО-да жол құрылысына қомақты қаржы бөліне бастады. Мысалы, тек 2024 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеуге деп 34,8 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы ақшаға 250,8 шақырым жол жөнделіпті. Оның ішінде, 41,5 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтсе, 103,8 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізілген. Ал қалған бөлігіне орташа жөндеу жүргізілген.
БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 260 шақырым жолды жөндеу көзделген. Ол үшін бюджеттен 44,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Оған қоса, ұзындығы 38 шақырым ауылішілік жол ретке келтірілмекші. Соның ішінде облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолының 40 шақырымын орташа жөндеу, 130-191 шақырым бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ Бөрлі-Ақсай-Жымпиты жолын қайта жаңғырту, Барбастау-Ақжайық-Индер күрделі жөндеу де жалғасын таппақ, – деп хабарлады ведомстводан.
Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 15 елді мекеннің ауылішілік жолдарын жөндеуге 5,2 млрд теңге қарастырылған, бұл қаражатқа 38,8 шақырым асфальтбетон жабынмен қамтамасыз ету күтілуде.
Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы облыс тұрғындары сапалы жол инфрақұрылымымен барынша қамтамасыз етіледі. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуеті жақсарады. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген басты тапсырма болатын.
Жалпы, облыстың автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 6 183 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1 349 шақырым. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары – 4 834 шақырым.
БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышевтың мәліметінше, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен 37 мердігер ұйым айналысады. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 8 мердігер, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында 29 мердігер жұмыс істеп жатыр.
Мердігер демекші, облыстағы жол мәселесі айтыла қалса болды, елде мердігерлерге деген сенімсіздік пен күмән қатар айтылатыны бар. Өкінішке қарай, елдің сенімінен шығып қалған мердігер компаниялар да баршылық енді. Осы ретте БҚО Қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір ағамызды әңгімеге тарттық.
– Бір мердігер облыстың ана шетінен де, мына шетінен де жол саламын деп тендерді ұтып алады. Оған оның потенциалы жетпесе де әйтеуір көзін табады. Сондықтан әу бастан орындалмайтын тапсырыстарды ұттырмау керек. Жол сапасын дұрыстаймыз десек арадағы делдалдарға тыйым салған жөн. Сонау Қарағанды, Алматыда отырған біреу тендерді ұтып алып, қалтасына ақшаны басып алуды ғана ойлайды. Қалған тиынға Оралдан компания жалдап жол салғызады. Сосын жол сапасыз жүреді. Одан қалса мерзімге үлгермейді. Жол сапалы болғанын қаласақ, мемлекеттік сатып алуды да реттеу керек, – дейді Нұрлан Қуанышұлы.
Өңірдегі жол сапасына әсер ететін тағы бір жайт, бұл қажетті материалдың өзімізде болмауы. Алыстан тасымалданатын дүние жұмысты уақытылы жасауға кейде қолбайлау болатыны бар. Мұны жолшы мамандардың өздері де мойындап отыр.
– Біздің облыста жол салуға қажетті материалдардан тек құм ғана бар. Қалған материалдар битум, қиыршықтас бәрін сырттан тасимыз. Оны тасу да оңай емес. Жазда вагондар бос болмайды. Себебі жазда тек біз ғана жұмыс бастамаймыз. Бәрінің жұмысы жазда басталады. Кезек күтеміз, материал тасымалы – үлкен проблема. Біз үнемі айтып жүрміз. Біздің жақтың жер бедерін дұрыстап зерттеу керек. Тым құрығанда, бір материал өзімізден болса тасымал азаяр еді. Екінші мәселе ақшаны қыста бөлу керек. Қыста бөлсе, вагондар бос кезде материал тасып алсақ жұмысты жазда жасар едік. Ал бізде керсінше, сәуір-мамырда тек келісімшарт жасауды бастаймыз, – дейді белгілі жолшы, «ДСК Приоритет» ЖШС бас директоры Жанна Кенжина.
Жолға қажетті материалдарды тасымалмен алдырып отырғанымыз рас енді. Бұл – жол сапасына әсер етуші негізгі фактордың бірі. Бірақ осыған қарамастан өңірде жол құрылысы тоқтаған емес. Жылда жолдар жөнделіп, қайта салынып, жұмыс қыз-қыз қайнап жатады.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы