Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БРИКС мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Рио-де-Жанейро қаласына барды.
Қазақстан мен Бразилия СІМ басшылары Рио-де-Жанейрода кездесу өткізді
Фото: Сыртқы істер министрлігі
1,798
оқылды

Онда   Мұрат Нұртілеу Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесу өткізді.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.

Мұрат Нұртілеу Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді серіктесі әрі маңызды досы ретінде Бразилияға айрықша мән беретінін атап өтті.

«Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр. Бұл байланыстар тұрақты саяси диалогпен, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюімен және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол.

Сұхбаттастар екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі ретінде тұрақты диалогты сақтаудың және сапарларды жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығын растады. Осы ретте Қазақстан СІМ басшысы бразилиялық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.