Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті. Сауда орындары, кинотеатрлар, спорт нысандары 1 жыл мүлік салығын төлемейді. Кәсіпкерлер табыс салығынан босатылады. Өндірістің тоқтауы, компаниялардың жабылуы кесірінен қызметінен айырылғандарға құрылыс, жөндеу, абаттандыру, күресінге жіберу секілді 85 мың теңге айлығы бар жұмыстар ұсынылмақ. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Министрлер кабинетінің жиынында Үкімет басшысының өзі және орынбасарлары ғана отырды. Баяндама жасаған жоғары лауазымды тұлғалар, сондай-ақ әкімдер мен министрлердің барлығы өз кабинеттерінен онлайн қосылып, қатысты.
7 бағыт жетістікке жетелей ме?
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «онлайн жиналғандарды» Қазақстан бизнесін қолдау шаралары топтамасымен таныстырды. Құжат Президенттің Жарлықтарына және телевизиялық Үндеуіне сәйкес, бизнесті қолдау және еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында әзірленген 7 негізгі бағыттан тұрады. Бірінші бағытта «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» (ҚЗЭ) бағдарламаларын өзара үйлестіру арқылы кәсіпкерлер үшін теңгедегі несиені арттыру шаралары қолға алынбақ. – Біріншіден, ҚЗЭ несиелендіруі тағы 400 млрд теңгеге ұлғайтылып, 1 триллион теңгеге дейін жеткізіледі. Қаражат ең алдымен импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін отандық өнім өндірушілерге берілетін болады. «БЖК-2025» мембағдарламасы бойынша бір кәсіпкерге берілетін несиенің жоғарғы шегі 7 млрд теңгеге дейін көтеріледі. Екіншіден, несиелер бойынша ақырғы сыйақы мөлшерлемесі бірдей етіледі және енді 6% құрайды. Үшіншіден, «БЖК-2025»-тен салалық шектеулер алып тасталады, ҚЗЭ-нің басым тауарлар тізбесі кеңейтіледі, – деді Р.Дәленов. Екінші бағытта кепілдің жетіспеушілігі мәселесі шешілмек. Ол үшін «БЖК-2025» арқылы орта бизнеске берілетін кредит сомасы 1 млрд теңгеге дейін арттырылмақ. Бұл ретте 50% мөлшерінде кепілдендіру ұсынылады. Микро және шағын бизнес үшін кепіл көлемі 85%-ға дейін жеткізіледі, кредит сомасы 360 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. Кепілдік беру тетігі оңайлатылады. Үшінші бағытта орта бизнесті тексеру саны кемітіледі. Ал микро және шағын бизнесті тексеруге бүгінде мораторий жарияланған. Төртінші бағыт бойынша шағын және орта бизнестің жекелеген түрлері – ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт нысандары салық жеңілдіктеріне ие болады. Осындай бизнесі бар заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер 1 жылға мүлік салығынан босатылмақ. Бұған қоса, егер уақытылы салық төлемесе, үш ай өсімпұл есептеуге де тыйым салынады. Бесінші бағыт бойынша агроөнеркәсіп кешені нысандарын несиелендіру ұлғайтылады, салықтық ынталандырулар көзделеді. Сиыр және ұрғашы бұзау, асылтұқымды балапан секілді биологиялық активтерді импорттау кезінде қосылған құн салығы алынбайды. Сондай-ақ 7 мыңдай отандық өндіруші биыл ауыл шаруашылығына арналған жерлерге салынатын салықтан босатылмақ. Алтыншы бағыт аясында жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер (ЖК) 10 пайыздық жеке табыс салығынан бір жылға босатылады. Ал патентпен жұмыс істейтін ЖК-лар онсыз да 2020 жылдан бастап табыс салығынан құтылған. Демек, бұл игіліктен тыс қалған дара кәсіпкерлер үшін әділдік қалпына келді. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, осы санатта 72 414 жеке кәсіпкер бар. Жетінші бағыт аясында еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа «Жұмыспен қамту жол картасы» әзірленуде. Өңірлерде іріктелген жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен 120 мың жұмыс орны құрылуы тиіс көрінеді. – Бұл жобалар жол, көпір жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын реконструкциялау сияқты халықтың ең өзекті проблемаларын шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы кешегі телевизиялық үндеуінде кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын құруға 300 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті. Несиелерді субсидиялау және салықтық ынталандыруларды беру мәселелері қосымша пысықталды, – деді еліміздің бас экономисі Руслан Дәленов. Банктер өсімпұлына тыйым салынды – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдайды. Бұл шаралар, ең алдымен қазіргі жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпкерлер мен азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған, – деді Үкімет басшысы Асқар Мамин. Оның айтуынша, төтенше жағдай орнаған кезеңде банктер қарыз алған өз клиенттері төлем мерзімін өткізіп алса, оларға айыппұлдар мен өсімпұлдар есептей алмайтын болады. «Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керек», – деді А.Мамин. Үкімет басшысы 3 күн ішінде салалық мембағдарламаларға кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа формаларын енгізу үшін қажетті Үкімет қаулысы жобаларын дайындауды тапсырды. «Мемлекет басшысы Жарлықтарын іске асыру үшін біз салық төлеушілердің жекелеген санаттарына салық мөлшерлемелерін белгілеудің ерекше тәртібін анықтау, бюджетті қалыптастыру мен орындау, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау бойынша көптеген шешімдерді қабылдаймыз. Жалпы, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдаудың жаңа шаралары 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады», – деді Үкімет жетекшісі.Тендерлер енді басқаша өтеді
Президент «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Ол салық салу, мемлекеттік сатып алу және бюджетті пайдалану бойынша ерекше жағдай енгізеді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, төтенше жағдай кезеңінде республикалық бюджетті қалыптастыру және орындау бойынша да ерекше тәртіп енгізіледі. Нақтылай кетсек, бюджетті қалыптастыру министрліктер мен ведомстволардың деректерінің негізінде жасалатын «ірілендірілген есептеулер» бойынша жүргізіледі. Үкімет оны Парламентте қорғамайды. Бүкіл бюджетті нақтылау – тиісті Жарлық жобасын ел Президентіне ұсыну арқылы жүзеге асады. Яғни, тағы да Парламенттің талқылауы қажет етілмейді. Мысалы, қолданыстағы бюджеттік заңнама бойынша әлдебір нысанды салу үшін түрлі сараптамалар жүргізу, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, меморгандар арасында келісім қажет. Жедел шаралар қабылдау талап етілетінін ескере отырып, Үкімет осы аталған рәсімдерді тегіс қысқарту туралы шешім қабылдады. Дағдарысты жағдайда тендерлер де арнайы тәртіпте өтеді. «Мемлекеттік сатып алулар жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан аумағында жасалатын тауарлар мен оларды өндірушілердің тізімін айқындайды. Мұндай тауарларды мемлекеттік сатып алу жедел әрі жеңілдетілген түрде, тек отандық өндірушілер арасында жүргізіледі», – деді Әлихан Смайылов. Бұдан былай сатып алулар баға ұсыныстары арқылы жүзеге асырылады, жеткізушіні таңдау рәсімі 5 жұмыс күнінен аспайды. «Дағдарысты жағдайда Үкімет өте жылдам үн қатуы, мысалы, жедел маскалар немесе қорғаныш құралдарын сатып алуы, аурухана салуы тиіс. Ал әдеттегі конкурстық рәсімдер 45 күннен 60 күнге дейін созылуы мүмкін. Дегенмен құны 2 млрд теңгеден асатын ірі және маңызды сатып алулар ел Президентімен келісілетін болады. Қалған барлық мемлекеттік сатып алулар жалпыға бірдей тәртіппен жүреді», – деді бірінші вице-премьер.Айхан ШӘРІП