Түркістан облысының Сауран ауданында ірі мал бордақылау алаңдары шоғырланған агроиндустриялық кластер құруға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жобаның басты ерекшелігі – 185 гектар аумақта 292 бордақылау алаңын шоғырландыру. Бұл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды оңтайландыруға және өндірісті орталықтандыруға мүмкіндік береді. Шаруашылықтарда 15 мың бас ірі қара мал бордақылау жоспарлануда.
Жоба аясында мал шаруашылығы өнімдерін өңдеудің толық өндірістік циклін құру көзделген. Осы мақсатта 1,5 гектар жер телімі бөлініп, онда заманауи сою пункті салынады. Бұл ет өнімдерін алғашқы өңдеу, сақтау және тасымалдау бойынша жоғары талаптарға сай қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 млрд теңгені құрайды. Қаражаттың негізгі бөлігі құрылыс-монтаж жұмыстарына, инженерлік коммуникацияларды тартуға және жемшөп базасын қалыптастыруға бағытталады.
Жобаның басты артықшылықтары – бордақылау шаруашылықтарын шоғырландыру арқылы өндірістік процестерді оңтайландыру, логистика мен басқаруды жеңілдету, сондай-ақ ветеринарлық және санитарлық бақылауды орталықтандыру.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.