Соңғы кезде әлеуметтік желідегі әңгіменің өзегіне айналған бюджет қаржысының орынсыз шығындалуы жөніндегі ақпараттың анық-қанығын анықтау үшін Nur Otan партиясының Тасқала аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссиясы аудандық партия филиалы төрағасының орынбасары Люция Жұбанышқалиевамен бірге Ақтау ауылына барып, аталған жағдаймен танысып қайтты.
Ақтау ауылдық округінің әкімі Н.Бельгиннің түсіндірмесі бойынша 2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында Ақтау ауылдық округ орталығына футбол алаңын салуға 7 млн 381 000 теңге қаржы бөлініп, 2016 жылдың қазан айында 7 млн 380 800 теңгеге мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша «СтройЭнергаТелеком» ЖШС-імен келісімшарт жасалған. Келісімшарт негізінде жұмыстың орындалу мерзімі 2016 жылдың 30 қарашасына белгіленген. Алайда мердігер жұмысты уақытында тапсыра алмағандықтан, бірнеше рет ауданаралық сот арқылы тұрақсыздық айыбын төлеп, 2016 жылдың желтоқсан айында тапсырып, тиісті қаржысы төленген.
– 2017 жылы футбол алаңын пайдалану кезінде ақаулар анықталған. Мекеме бірнеше рет сотқа жүгінген. Бірақ келтірілген ақауды өндіріп беру жөніндегі шағымын сот қанағаттандырмаған. 2018 жылы футбол алаңының цемент құйындысын қалпына келтіру үшін Westzeoservise ЖК-мен 777 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Орындалу мерзімі ағымдағы жылдың шілде айына белгіленді. Бұл жұмыстар партиялық бақылау комиссиясының әрдайым назарында болады, – деді Nur Otan партиясы Тасқала аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ганмирлан Тұрғаналиев.