Ұлттық банк күзге дейін шегерген өзгерістер банктер үшін тиімсіз деген ойда. Себебі, бұл шешім нарық құрылымын түбегейлі өзгертуге әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан күзде банк талаптар күшейтіліп, кейбір ипотекалық өнімдер тоқтап қалуы ықтимал, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Бұл туралы Aiqyn басылымы "Тұрғын үйдің бағасын «тұсаулау» кімге тиімді?" мақаласында жазды.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, базалық мөлшерлеме 16,5% деңгейде тұрғанда, 20%-дық шекті мөлшерлеме тым төмен. Өйткені 3,5 пайыздық айырмашылық несие тәуекелін де, операциялық шығындарды да жаппайды. Демек, банктер үшін мұндай ипотека беру тиімсіз.
– Егер күзде тиімді мөлшерлеменің шекті деңгейін төмендету туралы шешім қабылданатын болса, бұл нарықтық ипотекалық өнімдердің ұсынысын қысқартуға және/немесе несие беру талаптарын қатаңдатуға әкелуі мүмкін, – дей келе сарапшы аталмыш өзгерістердің құрылыс компаниялары және жалпы экономика үшін қандай тәуекелдер туындайтынына тоқталды.
Құрылыс компаниялары үшін негізгі тәуекел – бастапқы нарықта төлем жасауға қабілетті сатып алушылардың азаюы. Өйткені бұл сегмент «нарықтық» ипотекалық өнімдер есебінен қолдау тауып отыр. Қазір ірі қалаларда жаңа тұрғын үй ұсынысы айтарлықтай көп, алайда ол мемлекеттік бағдарламалар шарттарына сәйкес келмейді. Яғни, ол негізінен нарықтық ипотекаға үміткер заемшыларға бағытталған. Егер шекті тиімді мөлшерлеме төмендейтін болса, мұндай клиенттердің едәуір бөлігі несиелендіруге қол жеткізе алмай қалуы мүмкін. Ал талаптар күшейтіліп, кейбір ипотекалық өнімдер тоқтатылуы ғажап емес, – дейді ол.