Карантин дерттің таралуын тежейді
Карантин дерттің таралуын тежейді
165
оқылды
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елді әбігерге түсірген коро­навирустың таралу деңгейі қай уа­қытта төмендейтініне қатысты бол­жамын айт­ты. Оның сөзіне қарағанда, індет деңгейі 3-3,5 жарым аптадан кейін төмендеуі ғажап емес. «Әрине, баршаны бұл жағдайдың қаншаға дейін созылатыны алаңдататын шығар. Ешкім нақты жауабын білмейді деуге де болар еді, алайда өзге елдерде бұл індет қалай өтіп жатқанын көріп отырмыз. Егер бүгінге дейін табысты кейс ретінде Кореяны қарастыратын болсақ, оларда эпидемияның таралу деңгейінің ең жоғары болған сәті екі аптада байқалды. Содан соң төмендей бастады. Қытайда бұл мерзім үш аптаға созылды», – деді министр «Еуразия бірінші арнасына» берген сұхбатында.
Оның айтуына қарағанда, дерттің таралу деңгейінің бәсеңдеп, жағдайдың тұрақтануы 3-3,5 аптадан кейін байқалуы мүмкін. Министр сөзіне дәлел ретінде Еуропа елдеріндегі жағ­дайды атап көрсетті. Оларда індеттің жайылуы 3 апта ша­масында бәсеңдеген. Дегенмен вирустың тара­луын тежеуге карантиннің зор ықпалы тиіп тұр­ғанын да назардан тыс қалдырмау қажет. «Сондықтан карантинді ерте бастау маңызды емес, кешігіп қалмау маңызды. Сол себепті біз екі қаладағы карантиндік шаралар дер кезінде енгізілді деп есептейміз. Тіпті, сәл ертерек қимылдағандаймыз. Өзде­ріңізге мәлім, Еуропада карантин тым кеш жарияланды. Сол себепті оған сын айтушылар да мол болды. Тиісінше, індет масштабы да зор болғанын білесіздер», – деді Елжан Біртанов.
Сонымен қатар министр карантин шарала­рының ерекшеліктерін де атап өтті. Оның айтуынша, вирусты жұқтырған адамдарда дерттің симптомдарын бірден аңғару қиын. Яғни, алдымен вирус өз белгілерін байқатуы керек. Сол үшін адамдарды 14 күнге карантинге жатқызады. Ал індет белгілері 5-тен 10 күн ішінде байқалатын болса керек. Сондай-ақ министрдің айтуынша, вирус жұқтырған адам­дардың қанша кісімен кездескенін, оларға қатерлі індеттің жұққан-жұқпағанын анықтау да оңай емес. Сондықтан көптеген адамдарды карантинде ұстау қажет болып тұр. Ал қалалар­дың карантинге жабылуы вирустың өзге аймақтарға таралуының жолын кесу мақсатын көздейтін болса керек.  

Дастан ДУМАН