Атыраулық шебер Нұрлыбек Бисембаев осыдан біраз жыл бұрын домбыра жасайтын шеберхана ашқан.
Нұрлыбек Бисембаев, шебер: Домбыра – қазақтың төлқұжаты
671
оқылды

Қазір оның шеберханасында айына 100-ге жуық домбыра жасалады. Бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған атыраулық шебер домбыра жасаудың қыр-сырын айтып берді.

– Домбыра жасау өнерімен қашаннан бері айналысасыз? Оны кімнен үйрендіңіз? 

– 2008 жылдан бері домбыра жасап келемін. Бастапқыда хобби ретінде басталған ісім бара-бара үлкен кәсіпке айналды. Әкем 95-96 жылдары домбыра жасайтын. Ол Кеңес үкіметінің ыдырап, елдегі жағдайдың қиындаған уақыты еді. Бала болсам да, өзімше әкеме көмектесіп жүретінмін. Сөйтсем, сол жағдайдың өзі мен үшін мектеп болған екен. Мамандығым – музыкант, домбырашымын. Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академияны бітірдім. Кейін Х.Дос­мұхамедов атындағы университетте домбыра пәнінің мұғалімі маман­дығында оқуымды жалғастырдым. Сырттай оқып жүріп, домбыра жасауға деген қызығушылығым оянды. Үйде әкемнің көне шеберханасы болатын. Әкемнен білмегендерімді сұрап, осы істі бастап көрдім. Отбасылы бол­ғаннан кейін, мектепте музыка са­ласында еңбек еттім. 2011 жылы Махамбет ауданында музыка мек­те­бінің филиалын аштым. Сөйтіп жүр­генімде балалардың әкеліп жүрген домбырасы көңілімнен шықпайтын, не дыбысы, не бұрауы келмейтін домбыраны балаға үйрете алмайсың. Сол кезде «домбыраны өзім неге жасамасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, шеберхана ашып, дыбысы, сапасы жақсы домбыра жасап, қолжетімді бағада балаларға ұсынамын деген шешім қабылдадым. Осылайша, ауыл әкіміне барып, шеберхана салуға жер сұрадым. Ауыл шаруашылығын қолдау қорынан несие алып, шеберхана салып бастадым. Құрылыс шаруалары, одан несиені қайтару бар, солай шапқылап жүргенімде 5 жыл да өте шыққан екен. Бастапқыда шеберхана ашсам да, домбыра жасауды қосымша табыс көзі ретінде қарап жүрдім. Қолөнер шеберханасы болғаннан кейін, жер үстел, есік сияқты тұр­мыстық заттарды да қосымша жасап жүрдім. 

– Домбыра жасау жолында әкеңізден басқа ұстаздық еткен шеберлер болды ма? 

– Жалпы, Атырау облысында домбыра жасайтын шеберлер жоқтың қасы ғой. Әкемнен үйрендім дегенмен де, ол кісінің жасаған домбыралары әуесқой деңгейде болатын. Өзім кә­сіби домбырашы мамандығын аяқ­тағаннан кейін, осы саланы терең зерттегім келді. Бертін келе интернет дамыды, мүмкіндіктер ашыла бастады. Сөйтіп ізденіп жүргенімде 2017 жылы батыс өңірлік «Үкілі домбыра» деген шеберлер конкурсы өтті. Мен сол байқауға қуана қатыстым. Ондағы мақсатым жүлде алу емес, шеберлер­мен кездесіп, тәжірибе алмасу бо­латын. Домбыра жасау процесін көріп, көп жағдайға қанықтым. Кейін осы конкурс республикалық деңгейде өтті. Шымкент, Өскемен, Алматы сияқты көптеген өңірден шеберлер келді. Музейдің қолқа салуымен сол кезде шеберлердің басын қосқан ватсаптан жұмыс чатын аштым. Сол жерде білгенімізбен бөлісіп, тәжірибе алмасып отыратынбыз. Ол чат та біз үшін коммуникация, идея алмасу алаңына айналды. Осындай үлкен мектептің арқасында кәсіби мықты домбыра жасайтын деңгейге де жеттік. 

– Домбыра жасау қанша уақыт алады? 

– Шыны керек, кәсіби домбыра­лар бір күнде жасалмайды. Тапсырыс түскен жағдайда мұндай домбыра­ларды 1-1,5 ай ішінде бітіріп береміз. Домбыра жасаудағы ең бірінші мәсе­­ле – ағаш таңдау. Ағашты кескеннен кейін корпусын, яғни шанағын жасап кептіреміз. Бір бастаған кезде 10-15 домбыраның дайындығы бастала­ды. Домбыраның дыбысы бет қақпағы­ның сапалы жасалуына байланысты. Ал ол үлкен уақытты, қажырды қажет ететін процесс. Бір ғана домбыраны 10 күн ішінде жасап шығуға болады, онда да жағдай желімнің кебуіне байланысты. Біз бір мезгілде бірнеше домбыраны кезек-кезек жасайтын болғандықтан, процестің ұзақ уақыт алатыны сондықтан. Қазіргі уақытта айына 100 сапалы домбыра жасап отырмыз.

– Домбыра жасау үшін қандай ағаш түрлері қолданылады? 

– Домбыраны жасауға шәмшат, қайың, емен, күл ағашы, қарағай ағаштарын пайдаланамыз. Жеке-жеке тоқталып өтсек, шәмшат – қатты, берік ағаш. Үні ашық, таза шығады. Оны көбіне шанақ пен мойын бөлігіне қолданады. Қайың – жеңіл және акустикасы жақсы. Шанақ пен бет ағашы үшін жиі қолданылады. Бұл ағаш әуенді жұмсақ әрі нәзік етеді. Емен – өте берік әрі ауыр ағаш. Үні терең, қоңыр дауысты болады. Дом­быраның мойны мен шанағына кейде пайдаланылады. Ясень, яғни, күл ағашының акустикалық қасиеті жо­ғары. Үнін кең әрі анық шығарады. Кәсіби аспаптарда жиі кездеседі. Қарағай – әсіресе бет ағашына пай­даланылады. Жұмсақ ағаш, бірақ жақсы резонанс береді. Домбыра­ның үнін ашық, күмбірлетіп шығара­ды. Яғни, әр ағашты қолданудың өзін­­­­­дік философиясы, техникасы бар. Жал­пы, домбыраның әр бөлігіне әртүрлі ағаш қолданылады. Шанағына қат­ты ағаштар қолдансақ, мойын сабы­­­на емен, кейде қарағай саламыз. Кә­сіби домбыраларға көп жағдайда емен ағашын пайдаланамыз. Дом­бы­­­­­ра ешуақытта біркелкі ағаштан жасалмайды.

– Домбыраның сапасын не анық­тайды? Жақсы домбыраны қалай тануға болады? 

– Домбыраның сапасын оның дыбысы арқылы анықтауға болады. Кәсіби адамдар домбыраны дыбы­сынан анықтап жатады. Кейде керемет ағаштарды пайдаланғанмен, оны біліктілігі төмендеу шебер жасаса, домбыраның дыбысы әуесқой деңгей­де қалып қоюы мүмкін. Өйткені әр де­тальға мән беру керек. Сондықтан, домбыра жасау процесінің өзі ерекше бапты қажет етеді. Домбыраны жасау сапасы да әртүрлі. Егер шебер дұрыс кеппеген ағашты пайдаланса, домбыра иіліп, майысып кетіп жатады. Сол себепті біз домбыраның шанағын ұзақ кептіреміз.

Осы жерде ащы да болса, мына шындықты айтқым келеді. Көп ата-ана балаларына домбыраны қалай таңдау керектігін білмей жатады. Бізге келген тапсырыс берушілердің жиі қоятын сұрақтары да осы. Өздері домбыра тартып білмегендіктен, балам үйренсін деген ниетпен үйірмеге береді ғой. Ұстаздары домбыра әкел деген уақытта базардағы ең арзан домбыраны әперіп жатады. Қателік сол жерден басталады. Себебі ондай домбыралардың көп жағдайда дыбысы түспей, бұрауы келмей жатады. Оны бала да тарта алмайды, сабақ беретін ұстаз да қиналады. Басқа домбыра алғызуға ұстаз ыңғайсыздануы мүмкін. Сөйтіп, бала ештеңе үйрене алмай, үйірме де, домбыра да қалып қояды. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қазір жергілікті музыка мектеп­терінің көпшілігі домбыраны біздің шеберханадан алатын болды. 

– Қанша түрлі домбыра бар және олардың бір-бірінен айырмашылы­­ғы неде? 

– Домбыраның бірнеше түрі бар. Біз негізінен батыстың домбырасын жасаймыз. Біз жасап отырған дом­быраларды кезінде Құрманғазы ба­бамыз, Дина анамыз шерткен. Мысалы, Жамбылдың домбырасы жалпақ болған. Айта берсек, дом­быраның түрі туралы ұзақ әңгіме шы­ғаруға болады. Ал менің домбыра жасаудағы басты мақсатым – жас буын, өнерсүйер қауым арасында батыстың домбырасын дәріптеу болатын. Сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. Өзімді кәсіби шебермін деп те айта алмаймын. Домбыра жасауды кәсіби түрде білім алып, оқымадым. Сондықтан қазіргі кәсібім шағын шеберхана деңгейінде ғана болып отыр. Болашақта білімімді жетілдіріп, Қазақстанның түкпір-түкпіріне тапсырыспен барлық дом­быра түрлерін жасап, жеткізетін фабрика ашқым келеді. Қазір бұл менің асыл мақсатымның бірі болып отыр.

– Сіздің ойыңызша, домбыра жа­сау өнерінің жас ұрпақ үшін маңызы қандай? 

– Домбыра қазақтың төлқұжаты ғой. Әр үйде бір домбыра ілініп тұрса, жастарда қасиетті домбыра туралы түсінік болады және олар қазақша ойлап, қазақша сөйлей бастайды деп ойлаймын.

– Жас буынның бұл өнерге деген қызығушылығы туралы не айтар едіңіз? 

– Бір қуантарлығы, қазір балалар арасында домбыраға деген қызығу­шылық өте жоғары. Осы салада жүргеніме биыл 10 жыл болған екен. Қазір байқайтыным, жастардың көпшілігі домбыраны жақсы тартады, тез меңгереді. Жас ұрпақ арасында патриоттық сезім, рух жоғары. Ме­ніңше, тәуелсіздіктің жемісі де осы сияқты. Жастарымыздың домбыраға ғана емес, дәстүр, салт-сана, тари­хымызға қызығушылығы жоғары.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

– Қазіргі уақытта домбыраға тап­сырыс тек Атырау ғана емес, Ал­маты, Астана қалаларынан да түсіп жатады. Пойыз арқылы жеткізіп отырмыз. Кәсіби шебер болмасам да, «Атыраудың домбырасын жібе­ріңізші» деп, тіпті Қытайда отырып тапсырыс беріп жатқан қазақ ба­уырларымның ықыласын көр­генімде, кеңеюім керек екен деген ой келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан 

Баян ЖАНҰЗАҚ