Сыртқы секторда қалыптасқан белгісіздік, COVID-19 вирусының таралуы мен геосаяси шиеленістің өсуі әлемдік экономиканың дамуын ұзақ мерзімге баяулатып тастады. Халықаралық сарапшылар биыл әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсу қарқыны 2008 жылғы дағдарыс кезіндегі көрсеткіштен де нашарлайтынын болжап отыр. Экономикамыз әлемдік дағдарыстың алғашқы соққысын алды. Экономикасы мұнайға тәуелді елдің теңгесі теңселіп кеткеніне куә болдық. Осы тұста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді жылдық 12% + /- 1,5 п.т. деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Осылайша, теңгені жаңа макроэкономикалық ахуалға бейімдейтінін мәлімдеді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, сыртқы нарықтағы ахуал мұқият бақылауда. Нарықтың құлдырау үдерісі тоқтар емес. Соның бір мысалы, мұнай бағасының төмендегені.
«Мемлекет басшысы айтқандай, мәселе бүкіл әлемнің экономикасының қайта форматталуында болып отыр. Бұл сыртқы ахуал ғана емес, ішкі фундаменталды факторлардың нашарлауы болса керек. Қалыптасқан жаңа экономикалық ахуалға Қазақстан бейімделуі керек. Өткен аптада жүргізген интервенция барысында ең алдымен макроэкономикалық тұрақтылық жайлы ойладық. Негізсіз алыпсатарлықтың алдын алуға тырыстық», – дейді ол.Әлемдік экономикадағы ахуал нашарлаған жағдайда баға тұрақтылығын, елдің валюта және қаржы нарығындағы жағдайды ұстап тұру үшін Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен шаралар қабылдауы ықтимал. Ал Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі алдағы 27 сәуірде жарияланады. Жалпы, базалық мөлшерлемені көтеруді әркім әрқалай қабылдады. Мысалы, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, қалай болғанда да базалық мөлшерлемені көтеру алыпсатарлықты тежеу үшін қажет.
«Базалық мөлшерлеме – бұл тек несиеге ғана емес, депозиттерге де қатысты. Мөлшерлемені арттыру теңгедегі депозиттер мен оның табысын сақтап қалады. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша мөлшерлеме әлдеқайда төмен», – дейді ол.Депозит дегеннен шығады, 16 наурызда Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры теңгедегі жинақ, мерзімді және мерзімсіз депозиттер бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлемелерді ұлғайтты. Енді бір жыл мерзімге ашылған және толықтырылмайтын жинақ салымдар бойынша ұсынылған ең жоғары мөлшерлеме 15,1 пайызға, екі жыл мерзімге ашылған салымның мөлшерлемесі 15,5 пайызға өседі. Ақшаның құны өзгеріп жатқан жағдайда бұл салымдар едәуір жоғары табыс әкеледі. Себебі аталған салымдар ҚДКБҚ тарапынан қорғалады. Толықтыруға және кез келген уақытта алуға болатын мерзімсіз депозиттер барлық банктің депозит желісінде бар. Банктер бүгіннен бастап мерзімсіз салымдарды 13 пайызға дейінгі мөлшерлемемен қабылдауға құқылы. Үш және алты айлық қысқамерзімді жинақ салымдар да жоғары табысты салымға айналады. Бүгіннен бастап бұл депозиттер бойынша мөлшерлеменің ең жоғары мәні – 14,0 пайызды құрайды.
«Мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтындар үшін несиелердің базалық мөлшерлемесі 17 пайыздан төмен болмайды. Жұмсартып айтқанда, пайыздық мөлшерлемені 12 пайызға көтеру тиімсіз. Егер біз ұсынымдарын орындап жатқан елдерге қарайтын болсақ, онда мөлшерлемелер нөлге түсірілген. Ресей – басты сауда серіктесіміз, бұл ел мөлшерлемені 6 пайыздан сәл жоғары деңгейде қалдырған. Аталған мәселеде саяси шешім қабылдануы қажет», – дейді ол.Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергенде өзге елдер мөлшерлемені төмендетіп жатты. «Ұлттық банктің мұнысы несі, интервенция жүргізетін болса, базалық ставканы көтерудің қажеті бар ма?» деген сұрақтардың туындағаны рас. Расында, АҚШ Федералды резерві, Еуропаның орталық банктері, Англия, Жапония, Австралия банктері базалық ставканы төмендетті. Ал Чехия мөлшерлемені 2 пайыздан 2,25 пайызға, Қырғызстан 4,25 пайыздан 5 пайызға дейін өсірді. Ал бүгінгі таңда пайыздық мөлшерлемесі 9 пайыз құрайтын Грузия мен Швеция да ставканы өсіруді көздеп отыр. Мұның барлығы экономикалық себептермен түсіндіріледі. Бұл елдердің экономикалық проблемасы да екі бөлек. Мәселен, АҚШ Федералды резервінің ставкаларды 0-0.25 пайызға дейін төмендетуі және облигацияларды сатып алуды ұлғайту туралы шешімі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған. «Сондықтан бұл жағдайда базалық мөлшерлеменің, оның ішінде 2,75 п.п. шкаласын ұлғайту Ұлттық банктің деструктивті әрекеті, қателігі деп айту қиын», – дейді сарапшылар. Қазіргі уақытта әлемдік қаржы нарығындағы оқиғалардың дамуы туралы болжам жасау қиын. Сонымен бірге мұнай нарығындағы жағымсыз сценарийдің қалай өрбитіні де белгісіз. Болашақта мұнай бағасы ірі жеткізушілердің келісімдеріне және коронавирус пандемиясына қатысты мәселелердің шешілуіне, сондай-ақ орталық банктердің әрекеттеріне байланысты дамиды. Ал Ұлттық банк кез келген сценарийге дайынбыз деп отыр.