Басынан мұнар көшіп, бұлт аунаған,
Бабамның қонысы еді бұл тау маған.
Тарғыл жон жолбарыстай Тарбағатай,
Сен десе жүрегімен жыр саулаған.
(«Тарбағатай» деген өлеңімнен)
Сан талантты түлеткен Тарбағатай
4,229
оқылды

Еліміздің шығыс нүктесінен Арқаға қарай көсіліп жатқан әйгілі Тарбағатай тауының солтүстік-батысында Өкпеті мен Қызылтас деген екі құзар биігі бар. Сол екі биіктің арасында қазаны оттан түспе­ген, азаматы аттан түспеген, түлігі мыңғырып қырда жайылса, түлегі қыран боп Алашқа танылған бір қазыналы ауыл жатыр. Ол – құрыл­ғанына биыл жүз жыл толып отырған Тарбағатай ауылы. Шыңдары мұнар­лы болғанымен, топырағы құнарлы өлке. Нағыз «жатып қалған бір тоқты, жайылып мың қой болатын» майлы шүйгіні малға жайлы, қоңыр салқыны жанға жайлы жерұйық десе болатын­дай. Бұл ауылдың айналасынан өткен ғасырларда небір сөз ұстаған сұңғыла шешендер, қол бастаған жаужүрек батырлар шыққан. Олар жайлы жазар болсақ, таусылмайтын ұзақ әңгімеге кетеміз. Жә, біздің нысанамыз жүз жылдықтың айналасында болғандық­тан тарихқа тереңдемей-ақ қояйық.

Тарбағатай ауылының тарихы туралы бұған дейін жазылған жалғыз толымды еңбек бар. Ол – 1992 жылы «Қайнар» баспасынан жарық көрген Сапар Өзбекұлының «Мұра» деген кітабы. Кітап сонау адамзат жараты­лы­сынан бермен қарайғы ауылдың территориясында ғұмыр кешкен ру-тайпалар, тарихи оқиғалар мен елге тұтқа болған тұлғалардың іргелі іс­терін қамтитын ғылыми-көпшілік ең­бек деуге болады. Автордың айту­ынша, кітапты жазуда Мұхаметжан Тынышбаев бастаған тарихшылардың еңбектерін, сол ауылдан шыққан атақты шежіреші қарт Жақыпбек Кәріпбайұлының айтқандарын, көпті көрген көнекөз қариялар мен құйма­құлақ оқыған азаматтардың естелік­теріне сүйенген.

«Мұра» кітабында Өкпеті мен Қызылтастың арасында алғашқы кол­­хоздар 1928 жылы ұйымдастырыл­ғанымен, оған дейін қосшы ұйымдары құрылғаны туралы дерек келтіреді. 

«Алдымен Өкпетіде «Социал» қос­шы ұйымы құрылды. Оның бастығы болып Әйтімбет Мүрсәлім Шегебаев тағайындалды. Қарабай баурайында «Елқонды» қосшы ұйымының басты­ғы болып Құлеке Әділ Жанботин тағай­ындалды. Мұндай жаңа тірлік осы күнгі шаруашылықтың сегіз жері­­нен құрылды.

Қосшы ұйымдарының алғашқы соқасы тыңға түрен салып, азын-аулақ болса да Тарбағатай жерінен әртүрлі дәнді дақылдар тұқымынан өнім алды. Өкімет салығын төлеп, өз қолдары өз ауызына жеткен қосшы ұйымының мүшелері жаңа дүниенің жақсылығына тереңдей түсуге жан тәнімен құлшын­ыс жасады», – деген мәліметтерден бүгінгі жүз жылдықтың қандай негізге сүйеніп өткелі жатқан­ын көруге бола­ды [«Мұра» кітабы, 207-бет]. Өйткені кітап авторы ауыл тарихын жазуға дайындық барысында архив материал­дарының жиналғанын, еңбектің соған сүйеніп жазылғанын айтады.

Тарбағатай қазақ даласындағы басқа өңірлер сияқты Кеңес үкіметі келгенге дейін мал шаруашы­лы­ғымен айналысқан, жұрт бай-ба­ғы­ландардың айналасына топтасқан, рулық-тайпалық жүйесі әбден қалып­тасқан өлке болатын. Ол жүйенің де өзіндік жетістіктері болды. Халықтың бірқалыпты өмірін Қазан төңкерісі талқандап, мыңғырған малына сенген қазақ даласына қолдан жасалған аш­тық нәубетін жіберді. Мүйіз бен тұяқ жинау науқаны «бай бір жұттық» қағидасы бойынша елді тығырыққа тіреді. Қазақ даласында ашаршылық нәубеті басталды. Аштықтан тірі қалған қара халық «балапан басына, тұрымтай тұсына» деп бас сауғалап кетті. Сол қиындықтардың нәтижесі жайлау мен қыстаудың арасында көш­іп жүрген жұртты жаңа жүйе отыр­ықшылыққа мәжбүрлеп, тыңға түрен салуға иліктірді. 

Осыдан дәл жүз жыл бұрын қа­зіргі Тарбағатай ауылының аума­ғына қа­ғылған қосшы ұйымының қазығы жаңа өмірдің бастамасы деуге болады. Кеңес үкіметі уақытында егін­шілік шаруа­шылықтың басты тірегінің бірі болды. Кейін одақ ыдырағанда жеке кәсіпкер­лекке тесілі сала болып жал­ғасты. Бү­гінде де елдің ішінен шы­ғып егін сал­ып жүрген кәсіпкерлер бар. Ендеше сол егін шаруашы­лы­ғы­мен алғаш ауыл тұрғындары айнал­ыс­қан­ына да жүз жыл толып отырған­ын жо­ғары­дағы кі­тап­тан берілген үзінді ай­ғақтай түседі. Сол кезеңде қосшы ұйымы­ның негіз­інде ауылда алғаш ко­о­пертив дү­кені де ашылыпты. Дүкен­нің сатушысы Қажы­кен Кенже­баев деген азамат болады. Азық-түлік, күн­дел­ікті тұрмыс­қа қажетті бұйым­дар сол дүкен арқылы тірі малға, аң терілеріне айыр­бас­­талады. Ауылдағы өркениеттің бір бел­гісі кооператив дүкеніне де биыл жүз жыл.

«Мұра» кітабындағы мынадай тарих­­қа назар аударып көрсек, «1928 жылы біздің осы күнгі ауылымыз Семей губерниясы, Өкпеті болысы екін­ші ауыл болып аталды. Осыған байланысты жергілікті өкімет – ауыл Совет құрылып, оның төрағасы Қыр­жы баласы Тоқбай Рақымжанов болды». [«Мұра» кітабы, 208 бет]. 

Дәл осы жылы қосшы ұйымдары ұлғайып, ауылдың қазіргі территория­сында бірнеше колхоздар құрылған­ын, «Ыдырыш» тоғаны са­лы­нып ел суармалы егістікпен айна­сына баста­ған­ын да кітаптағы мәлі­меттерден көре­міз. Бұл деректерді мұрағат құ­жат­тары да дәлелдейді.

Жоғарыда келтірілген деректер ар­қылы біз Тарбағатай ауылының осыдан бір ғасыр бұрын тек жатаған там­дар салынған көп жатақтардың бірі ­емес, жаңа заманның өркениетіне ұм­тылған, тың бастамалардың басын­да тұрған үлгілі ауыл болғанын тани­мыз. 

1933 жылы ауылдың қазіргі аума­ғын­да тағы бірнеше колхоз құрылады. Сол ұжымдардың бірі, Жаман Қызыл­тас тауының аймағында орналасқан «Еңбек» колхозының төрағасы болып менің атам Дүйсенғазы Қасымов тағай­ындалыпты. Саналы ғұмырын ауыл­дың өркендеуіне арнаған Дүй­сен­ғазы атам 1952 жылы бүкіл Өкпеті, Қызылтас баурайындағы барлық шаңырақтың басын қосатын Үшарал ауылдық кеңес құрылғанда соның алғашқы төрағасы болып сайланған екен. 

Тарбағатай ауылы алғаш қазығы қадалған кезден бастап қазіргі Абай облысының территориясындағы үш ауданға қараған. Алғаш құрылған жылдары Көкпекті ауданының құра­мында болса, 1939 жылы Ақсуат ауданы бөлініп шыққанда жаңа аудан­­ның басшылығына қараған. Кейін ұжымдық шаруашылықтардың бірігуінен үлкейіп, кеңестік шаруа­шылыққа айналған. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақсуатпен арадағы жол қатынасының қиынды­ғы, жиналған егін мен мал етін өт­кізу­ге тиімділігі зор әрі ауылға жақын (80 шақырым) теміржолдың бойындағы Аягөз ауданының құрамына өту туралы мәселе көтеріліп, 1968 жылы жоғарғы атқарушы билік оны құпта­ған. Сол уақыттан бері Аягөз ауданы­ның үлкен бір ауылы болып жүйелі тіршілігін жасап келе жатыр. Біз ес жиып, етек жапқан кезеңде совхоз директорлары Рамазан Қалиев, Болат Түсіпбеков, Сапар Өзбеков деген ағаларымыз болды. Осы азаматтардың әрқайсысының басшылық жасаған кезінде ауылдың іргесінің кеңеюіне үлкен үлес қосқанын бала болсақ та көңілімізге тоқып өстік. 

Әрине, республика бойынша дәл осылай дамыған ауылдар жетерлік шығар. Жүйе ортақ болған соң ол бұл­жымайтын заңдылық екенін біле­міз. Ал әр ауылдың ерекшелігі таби­ғаты мен құнарлы топырағында, ең бастысы, туып-өскен азаматында екен­ін бізге дейінгі ділмарлар талай айтқан. Әрине, бұл шағын мақалада барлығын қамти алмаспын. Шаруа­шылық саласының маманы болма­ған соң өзім жақсы білетін ғылым мен білім, өнер мен спорт салалар­ындағы тұлғалар туралы аз-кем айтып өтсем деймін. 

Ең алдымен, бұл ауылдан қазақ ғылымының дамуына үлес қосқан айтулы ғалымдар шыққаны­нан бастауымыз керек. Олардың көш басында белгілі абайтанушы, фило­логия ғылымдарының канди­даты, профессор Төкен Әбдірах­манов, белгілі лингвист, филология ғылым­дарының докторы, профессор Ғаб­долла Қалиев, Қазақ ССР Білім министрлігінің Орта білім беру бас­қар­масының бастығы болған Самар­қан Егізбаев сияқты тұлғалар бар. «Тарбағатай» орта мектебін бітірген Бақыт Нұрбеков, Мақтагүл Оразбек, Толқын Әуелғазина сияқты ғылым докторлары мен Сәуленбек Биназ­аров, Нәзилә Іргебаева, Ләззат Ере­жепова, Мұратбек Тоқтағазин, Кен­жехан Медеубаева, Мақсат Арал­ханов, Рамазан Салықжанов, Серік Карденов, Серікзат Дүйсенғазы, Гүлфар Мамырбек, Арафат Мамыр­беков, Айжан Омарова т.б. сияқты жиырмадан аса ғылым кандидаттары мен PhD докторлар әртүрлі салада зерттеулер жүргізіп, еліміздегі ғы­лым саласының өркендеуіне өз үлес­терін қосып келеді. Ауылдан шыққан жас­тардың арасында әлі де ғылым­ның биігіне ұмтылып жатқандары жет­кілікті. Бұл – шағын ғылыми ака­демия деуге тұрарлық ғалымдар легін шығарған ауылда білім мен ғылымның әлеуеті зор болғанының көрсеткіші.

Сөз бастаған билер мен шешендер туған аймақтан сөз зергерлерінің шықпауы да мүмкін емес. Жүз жыл­дың айналасында Тарбағатай ауылы­нан талай қаламы қуатты таланттар түлеп шықты. Әдебиет пен журналис­тикаға бірдей олжа салған Кенжеғазы Қасымов, Ерғазы Рахимов, Тұрарбек Пұшпақбаев, Бекен Шоланов, Ғазез Оңғарұлы, Ғабдул-Ғазиз Есембаев, Мұратбек Тоқтағазин, Талғат Ешен­ұлы бастаған қаламгерлердің сара жолын драматургия саласында Қанат Жүнісов, поэзияда Серікзат Дүйсен­ғазы мен Асхат Сүйіндік, Қуандық Ақанов, журналистикада Дархан Каримов, Рахат Мамырбек, Жарқын Жұмаділов, Алмас Тоқабаев, Дәулет Мұқаев, Думан Кенжеғазыұлы т.б. жастар сәтті жалғастыра білді.

Тарбағатай ауылы өнер мен спорт­­тан кенде емес. Оның топырағында өнердің өлмейтін дәні бар. Сонау ХХ ғасырдың басында Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Манарбек Ержанов­тармен бірге ән салған әнші-сазгер, сал-сері, репрес­сия құрбаны Керім­бай Райымбекұлы­нан бастап, оның қасына ерген ағай­ын­ды Әділбек, Рақымбек күйшілер (Әділбек күйші 1930 жылдары респуб­ликалық күйші­лер сайысына қатыс­қан), әнші-музы­кант, домбыра, скрипка, мандалин сынды аспаптарда ойнаған, әйгілі Дәнеш Рақышевтің ізбасары, Тар­ба­ға­тай ауылында тұңғыш отбасылық ансамбль құрған Асылхан Дүрімбаев, Тортай күйші, Тәйшөк әнші т.б. өнер­паздар ауылдың мерейін асырған тұлғалар еді. Олар­дың ізін жалғап Мұ­қағали Мақатаев­тың өлеңдеріне жазылған «Сәби бол­ғым келеді», «Дариға, домбырамды берші маған», «Аягөз-ару», «Қазағым-ай!» т.б. ән­дері­мен бүкіл қазақ дала­сын тербеткен композитор Тұрсын­ғазы Рахимов бастаған Мырзахан Сыдықов, Толған­бай, Қанат Жүнісов, Елдос Жақсы­лықов, Еркін Тоқсей­ітов, Жұмабек Жұмаханов, Медет Салықов, Жұпар Ғабдуллина, Саят Нұрғазин, Нариман Қажымұратұлы, Айбала Өсиетқызы сияқты өнер май­тал­мандары бүгінгі қазақ сахнасы-ның төрінде елді әуезді әнге бөлеп жүр.

Өнермен егіз спорт саласында да ауылдан шыққан саңлақтар байрақты додаларда олжа салды. ХХ ғасырдың басында «ақ палуан» атан­ған Омарғазы палуанның облыстың түйе палуаны болғанын жұрт аңыз қылып айтады. Атамыздың көтеріп жат­тыққан тасы мектептің мұражай­ында тұр. Оны әлі ешкім көтере алған жоқ. Ауданның бірнеше дүркін түйе палуаны Мәулітхан Жұманға­лиев, спорт шеберлері Тілеш Құдай­бер­­генов, Жеңісхан Жұмаділов, Бер­ді­бек Шоманов, Азамат Көкебаев­тар­дың ізбасарлары бүгінде халықара­лық деңгейдегі додаларда да жарқырай көрініп келеді. Қазақ күресінен тұң­ғыш әлем чемпионы, самбо күресінен Азия мен Еуропаның чемпионы Ду­ман Қыздарбеков, бокстан әлем чем­пио­натының қола жүлдегері, Қа­зақ­стан чемпионы Берік Қалиев, қазақ күре­сі­нен әлем чемпионатының қола жүл­­де­гері, қазақ күресі мен дзюдо­дан Қазақ­стан чемпионы Мей­ір­жан Бері­ков сынды спортшылар ауыл мақтан­ыш­тары. Бұдан бөлек, Тарба­ға­тай жастары жыл сайынғы аудан­дық, облыстық жарыстарда спорттың әр түрінен жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

Жалпы, Тарбағатай ауылының түлектері туралы толықтыра жазсам үл­кен кітапқа айналары хақ. Өйткені жұрт айтып жүргендей, бұл ауылдың тек топырағында ғана емес, адамдар­ында да буынаралық рухани сабақ­тас­тық бар. Алдыңғы толқын кейінгі толқындағы жастарға тек үлгі көрсетіп қана қоймай, қолдан келгенше қам­қорлық жасауы да дәстүрге айналған. Бұл – жақсы дәстүр, озық өнеге. Сол топырақта аунап өскен ұлан ретінде туған ауылыммен әрдайым мақтана­мын. Ғасыр тойың құтты болсын, тарихи Тарбағатайым!

 

 Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗЫ, 

 ақын, филология ғылымдарының кандидаты