Былтыр желтоқсан айында Батыс Қазақстан облысында респулика бойынша төртінші оңалту орталығы ашылды.
Көпке үміт сыйлаған орталық
4,112
оқылды

Құрылысы бірнеше жылға созылған орталық қазір мүгедектігі бар жандардың ем алатын, оңалту шаралары жүретін ірі сауықтыру орнына айналды. Бұл жерде медицина мамандарынан бөлек, логопед, дефектолог, психолог, емдік денешынықтыру мамандары қызмет көрсетеді. Қазір орталықта 70-ке жуық адам оңалту шараларынан өтіп жатыр.

«Ақжайық» оңалту орталығы заман талабына сай жасақталған. Заман талабы бөлек, бұл жер мүгедектігі бар адамдар үшін ыңғайлы етіп дайындалған. Орталық­та табалдырық деген атымен жоқ, есіктер өте оңай ашылады. Ал жоғары қабаттарға көтерілу үшін бірнеше жеделсаты жұмыс істеп тұр. Жедел сатылары да мүмкіндігі шектеулі жандардың арбамен кіріп шы­ғуы­на қолайлы етіп жасалған. Орталық іске қосылғанда өңірдегі мүмкіндігі шек­теулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар ерекше қуанды. Себебі енді апталап, айлап Астана асып, жолға ақша шығындап шар­шамайды. Өзіміздің облыстан кезекке тұру арқылы тегін оңалту шараларынан өте алады. 

– Бұл – «робот» деп аталтын аппарат. Осы аппарат адамдардың ұмытылып қал­ған дағдыларын еске түсіруге көмектеседі. Мысалы, жол апатынан кейін немесе ин­сульттен кейін адамдар жүре алмай қа­ла­ды. Міне, сол кезде осы құрылғының кө­мегімен адамдарды қайтадан жүруге, қадам жасауға үйретеміз. Мына аппарат өзі тірейді, аяққа тұрғызады, өзі жетелеп қадам жасайды. Осы аппарат өзі адамға диагностика жасап, қай жердегі бұлшық етіне қолдану керегін де өзі анықтайды. Был­айша айтқанда, бұл робот адамды сәби секілді жетелеп жүргізеді ғой. Мұндай аппарат Қазақстан бойынша тек екеу. Біреуі – Астанада, екіншісі – осы біздің облыста. Бұрын осы аппарат үшін бала-шаға да, ересектер де Астанаға жолданатын еді. Енді өзімізде оңалту шараларын ала алады, – дейді емдік денешынықтыру маманы Алтынбек Нәбиев.

«Ақжайық» оңалту орталығының құры­­лысына бюджеттен 8 млрдтай қаржы жұмсалған. Орталықтың жалпы аумағы жиырма екі шаршы метрді алып жатыр. Ересектер мен балаларға арналған блок­тар бөлек. Оңалту орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған, психоневр­ологиялық патологиясы бар балалар,  бір­ін­ші, екінші топтың мүгедектері меди­циналық көмек пен әлеуметтік қолдау ала алады. Оңалту ор­талығы бес блоктан тұрады. 150 адамға арналған. Бұл жерде емдеу корпусы, бас­сейін, спорт залы, акт залы, массаж, фи­зио­терапия  кабинеті, емдік денешынық­тыру кабинеті бар. Бұл орталықта емдік денешынықтыру маман­дарына сұраныс көп. Себебі түрлі жағдай­дан кейін тірек-қимыл апараты бұзылған науқастарды аяқ­қа тұрғызу үшін сол емдік денешын­ықтыру мамандары көмекке келеді. 

Орталық ішін аралап жүріп, біздің назарымызды ерекше аударған жайт бар. Ол – жылқы. Иә, біз білетін кәдімгі жылқы. Тек бұл орталықтағы жылқы жаны жоқ, тоқпен жұмыс істейтін аппарат қана. Жанында екінші бұрышта кәдімгі аттың ері тұр. Ол да тоқпен жұмыс істейтін құрылғы. 

Өзімізге таныс дүниені көріп, таңданы­сымызды жасыра алмадық. 

«Мыну кәдімгі жылқы ғой, мұның адам­ға қандай емдік пайдасы бар» деп сұрақты төпелетіп жатырмыз. 

– Бұл иппотренажер деп аталады. Оң­түстік Кореяда құрастырылған. Осы ап­паратты тоққа қосқанда ол кәдімгі шауып келе жатқан ат секілді жорғалайды.  Дәл сол қимыл адамға  пайдалы. Біз науқасты осы аттың үстіне отырғызып, құдды атқа шапқандай әсермен оңалту шарасын жүр­гіземіз. Жылдамдықты өзіміз басқарамыз. Күшейтеміз немесе азайтамыз. Атқа шап­қанда адамның барлық бұлшық еті қоз­ға­лады. Қатаяды. Қимыл дұрысталады. Міне, бұл иппотренажер да солай. Тірек-қимылы бұзылған науқастардың бұлшық еттерін қатайту үшін осымен шапқызамыз. Солайша адамның мойын, бел бұлшық еттері қатаяды. Анау тұрған жылқының ері іспеттес аппарат. Ол ер адамдарды оңалтуға ар­налған, – деп атап өтті орталықтың маманды Алтынбек Нәбиев. 

– Орталықтағы барлық арнаулы әлеу­меттік реабилитация және оңалту бағ­дар­ламасы тегін көрсетіледі. Алыстан келіп ем алушылар үшін жатын орындары, бес мезгіл тамағы беріледі. Ал қаладан ем ала­ты­н­дар таңда барып кешкісін үйге жіберіледі. 

Психоневрологиялық спектрі бұзыл­ған балалар үшін дефектолог және лого­пед, психолог кабинеттері, ойын бөлме­лері, тактильді тақталар, тіпті сенсорлық кабинет те бар. Қазір ерекше балалардың көп екені жасырын емес. Олардың көбінде зейінінің тұрақсыздығы байқалады. Ал сенсорлық кабинет сол зейінді тұрақтан­дыруға көмектеседі, – дейді орталық ма­ман­­дары. 

– Қараңызшы, бір құдды ертегі әлеміне еніп кеткендей күйде боласыз. Бұл кабинет әдейі солай жасақталған. Сенсорлық ка­би­неттің мақсаты – баланың зейінін тұр­ақ­тандыру. Бір нәрсеге көз тоқтатып қарауды үйрету. Мына кабинетке кірген бала ертегі әлеміне енгендей айналасына қарап, үнсіз тұрып қалады. Міне, осылай­ша баланың зейінімен жұмыс істейміз. Қазір гипер белсенді бала  көп, – дейді сенсорлық кабинеттің психологы Айзада Биалиева. 

БҚО-да жалпы саны 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Мұның ішінде үш мыңнан астамы – балалар. Бұ­рын осы жандардың бәрі ем іздеп, Астана мен Алматыға, қала берді көрші Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор қалаларына ағылатын еді. «Енді ондай қажеттілік бол­майды» деп отыр мамандар. Себебі қажетті құралдары бар, мамандары толық заман талабына сай ірі оңалту орталығы облыс­тың өзінде жұмыс істеуде. 

– Бұл – республика бойынша төртінші орталық. Біз мамандарымызды Астанаға жіберіп біліктілік курстарынан өткіземіз. Олар арнайы оқып келген мамандар. Орталықта онсыз да негізінен медицина мамандары жұмыс істейді. Біздің мамандар күндіз-түні мүгедектігі бар азаматтарды қол­дауға дайын. Бұл жерде жүрегі жұмсақ, адамға көмектесуге оң ниеті бар адамдар жұмыс істейді. Біз сегіз түрлі қызмет түрін көр­сетеміз, – деп атап өтті «Ақжайық» оң­ал­ту орталығы директорының орынбас­ары Гүлнұр Ескабулова. 

Жанаргүл Панғалиева – бүгін орталық­тағы емі аяқталып үйге шыққалы отырған қала тұрғыны. Ол осы жерде жиырма бір күн бойына оңалту шараларынан өткен. 

Жанаргүл қазір жағдайы жақсарып қалғанын айтты. 

«Бүгін менің ем алып жатқаныма жиыр­ма бір күн болды. Қимыл қозғалысым жайлап қалыпқа келе бастады. Бұл жердің мамандары керемет, маған ұнады. Мен көбіне бассейінде жүземін. Ол менің бар­лық денеме жақсы көмектесіп тұр», – дейді Жанаргүл Панғалиева. 

Қазақастанда ірі 12 оңалту орталығын салу туралы тапсырманы Президент 2023 жылы берген болатын. Бүгінде осындай заманауи оңалту орталықтарының құры­лы­сы бірнеше өңірде жүріп жатыр. Мұн­да­ғы мақсат –оңалтуға мұқтаж жандар Астана асып ем іздемесін, оларға қолайлы жағ­дай өз аймақтарында жасалуға тиіс деген ойдан туған. Жалпы осы оңалту орта­лықтарында Президент тапсырмасына сәйкес жылына екі мыңға жуық адам оңал­ту шараларынан өтуге тиіс. БҚО-да іске қосылған орталық осы мақсатты жүзеге асыру үшін қызмет етіп жатыр.

 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы