Атырауда Қызылқоға және Құрманғазы аудандарында шегірт­ке қаптап жатыр. Әлеу­меттік желілерде шегіртке қаптаған далалық жерлерден, ол аз болғандай, көлікке «шабуылдап» жатқан шегірткелер туралы видеолар кеңінен тарап кетті.
Шегірткелер «шабуылы»
4,765
оқылды

Қызылқоғалық бір тұрғын, тіпті бей­неүндеу жасап, алыс жолға шыққанда көліктің қызып кетуінен және істен шығуынан сақтану үшін радиаторға қорғаныс торын орнатуға кеңес берді.  Тұрғын көлігінің капотында ондаған шегірткенің жиналып қалғанын да көрсетті. Расын айту керек, зиянкестердің көптігінен «Қарабау-Миялы» күрежолында көлік қозғалысы қиындап отыр.

Қазір зиянкестер зақымдаған аумақтың көлемі анықталуда. Ерте көктемде облыс бойынша 128 мың гектар алқапта шегірт­кеге қарсы химиялық өңдеу жүр­гізілген болатын. Бірақ шіл­де айы басталысымен зиян­кес­тер қайта бас көтерді. Қазір шегірт­кемен күрес қайта қолға алынды. Атырау облыстық  Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Азат Қапанов­тың айтуынша, шегірткемен күрес күшейтілген бағытта жүзе­ге асып жатыр.

«Қосымша өңдеу жұмыс­тарына 68 миллионан астам қара­жат қаралып жатыр. Атырау облысы бойынша фитосани­тарлық болжамдар әдістемелік орталығы қазір сол ұшып жатқан шегірткелердің бағытын қарап, қоныстарын анықтайтын бола­ды», – деді спикер Азат Қапанов.

Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасынан анықтағанымыздай, итальян прусы дернәсілдерінің алғашқы жаппай шабуылы 6 мамырда тіркелген. Ал 16 мамырдан бас­тап өңірде ауқымды химиялық өңдеу жұмысы басталған. «Зиянкеспен күресте жеңіл ави­а­ция, дрондар, желдеткіш бүрік­кіштер және газогенера­торлар қолданылды. Монитор­инг жұ­мыс­тарын мамандар, ғал­ымдар және жұмыспен қамту орталық­тары арқылы тартылған жұмыс­шылар жүргізіп отырды.

Бүгінгі күнге дейін 55 мың гектардан астам жер өңделді. Оның ішінде, 38 413 гектары – үйірлі шегірткеге, ал 17 510 гек­тары – үйірсіз түрлерге қарсы өңделген. Негізгі жұмыстар аяқ­талғанымен, қазір жекелеген учас­келерде қосымша тазалау жүргізіліп жатыр», – деп нақты­ла­ды ведомство өкілдері.

Мамандардың айтуынша, итальян прусы далалы аймақта жайылымдық өсімдіктермен қор­ектенеді, бірақ ол дәнді дақ­ыл­дарға да айтарлықтай зиян кел­тіруі мүмкін. Итальяндық прус пен азиялық шегірткенің қау­іп­ті деңгейде көбеюі – Құр­ман­ғазы ауданында да тіркеліп отыр.

Мамандардың айтуынша, шегіртке дернәсілдерінің жап­пай шығуы көршілес Батыс Қа­зақ­стан  және Ақтөбе облыстары­мен шекаралас аумақтарда бай­­қалған. Кейін олар Атырауға ауа райы­ның ыстық әрі құрғақ болуына бай­ланысты еркін та­ралған. Кас­пий теңізі маңындағы аралдар­дың кеуіп, көбею орта­сы­на ай­нал­уы да қосымша қауіп ту­ғызу­да. Атырау облыстық Ауыл­шаруашылығы басқарма­сының өкілі Ізбасар Қабиевтің айтуын­ша, шегіртке шабуылы – бұл тек ауыл шаруашылығы ғана емес, экожүйенің дабылы. «Кли­мат­тың өзгеруі зиянкестердің ерте шығып, кең аумаққа тара­луы­на әсер етті. Атырауда бұл – табиғи тепе-теңдіктің бұзыл­ғаны­ның белгісі. Шұғыл әрі жос­­парлы ба­қылау ғана жағдай­ды тұрақтан­дыра алады», – дейді маман.

Сол себептен де Атырау об­лы­сының фитосанитарлық инс­пекциясы фермерлер мен ауыл тұрғындарын қырағы болуға шақ­ыра­ды. Шегіртке ошақтары байқалған жағдайда аудандық және облыстық мамандарға де­реу хабарлауға шақырып отыр.

Өкінішке қарай, Атырау облысы шегірткелер шабуылы­мен бірінші рет кездесіп отырған жоқ. 2024 жылдың шілде айында Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға және Махамбет аудандарында шегірткелер ауылшаруашы­лы­ғына үлкен зиян келтірген бола­тын. Бағбандар бау-бақша­сын­дағы қияр, сәбіз, қарбыздың түгел жойылғанын, тіпті у шашу шаралары да нәтиже бермегені тура­лы хабарлаған еді.

Мамандар шегіртке попу­ляциясының әрбір 10-12 жылда локальды шарықтау шегіне жететінін атап өтуде. «2024-2025 жылдары дәл сол цикл келіп тұрды. Сонымен қатар аптап ыстық, құрғақ климат және Кас­пий маңындағы су деңгейінің төмен­деуі – осы толқынға жағдай жасады», – дейді Атырау облыстық Ауылшаруашылығы басқармасының өкілі Ізбасар Қабиев.

Мамандардың айтуынша, Атыраудағы шегіртке індеті – тек ағымдағы жағдай емес, тари­хи циклдің көрінісі. 10-12 жылда бір қайталанып келетін бұл індет климаттық факторлармен күш­ей­еді. Ендігі жерде біздің мін­дет – өткеннен сабақ алып, та­биғат­тың заңдылығы мен ауыл шаруашылығының тұрақтылығы арасындағы теңгерімді сақтау.

Шегіртке – ең алдымен егін­нің жауы. Тарихи мәліметтерге сүй­енсек, Қазақстанда ең ірі тол­қындардың бірі 1999-2000 жыл­дары болған. Бұл жылдары шамамен 220 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары зар­дап шеккен. Шабуылдардан кейінгі жылдары елде 10 мил­лион гектардан астам жер хи­мия­лық өңдеуден өтіп, ал агро­техникалық шара арқылы 5 млн гектар жер өңделген. 

Соңғы онжылдықтарда ша­бу­ылдар жиілеп, 2020 жылы – 514 мың гектар, 2021 жылы – 626 мың гектар, 2022 жылы – 975 мың гектар, 2023 жылы – 1,6 млн гектар жер өңделді. 2024 жылы 2,4 млн гектар жер шабу­ыл­ға ұшырап, мемлекет 8,1 млрд теңге бюджеттік шығынға ұшырады. 

Қалай десек те, Атырау об­лыс­ындағы шегіртке індеті – кездейсоқ жағдай емес. Бұл ұзақ­мерзімді тарихи-экология­лық процесс нәтижесі. Сол се­бепті мамандар алдын ала мони­торинг, ауа райы, су деңгейі және жұмыртқа шығыс циклын ба­қылауды, трансшекаралық серік­тестікке ден қоюды, химия­лық өңдеуде экологиялық шара­ларға көбірек назар аударуды ұсын­ып отыр. Шегіртке оңай жау болмай тұр... 

 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы