Жаһанды дүрліктірген СOVID-19 вирусының елімізге келгені қалың көпшілікті алаңдатып отыр. Мемлекет шұғыл шаралар қабылдап, төтенше жағдай енгізгенімен, ел ішінде індетті көзге ілгісі келмейтіндер әлі де бар.
Кәсіпкерлер ескертуді елемеуде
Әрине, мұндай қырағы сақтық шаралары қос қолдап қолдауға тұрарлық. Алайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай жариялаған күні-ақ Таразда той тойланғанын қалай түсінуге болады? Сөзбе-сөз келтірсек, төтенше жағдайға байланысты Президент Жарлығында: «Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын» делінген. Бұны Президент телеарна арқылы халыққа жолдаған үндеуінде де айтты. Сонда тараздық кәсіпкерлерге Тоқаевтың Жарлығы жүрмегені ме? Оған қоса, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев мобильдік топты бастап, тойханалар мен мейрамханалар иелеріне бір күн бұрын ескерту жасап шыққанынан ел құлағдар. Демек, жергілікті биліктің ескертуін тараздық кәсіпкерлер елемеді деген сөз. Төтенше жағдай жарияланғаннан бір күн бұрын облыс орталығындағы бірқатар тойханаларға тұтынушы ретінде хабарласып, қауіпті науқан кезінде той өткізетіндіктерін, әлде жоғын сұраған едік. Сол кезде барлығы бірауыздан той өткізе беретіндіктерін айтқан болатын. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде әртүрлі ақпарат тарап, халықтың ойын сан-саққа жүгірткен. Мәселен, «Мейрамханалар» деген тараздық өнер иелеріне арналған WhatsApp топта тойхана иелері тұтынушыларына үндеу жариялады. Онда: «Тойханалар емес. Ночной клубтар деді министр. Инстаграмға салмаңдар елді шулатпай. Келген асаба, әншілер, бишілер де салмасын соц.сетьке. Тыныш өткізіп алу керек тойларды», – деп хабарлама тастады. Ал мейрамхана меңгерушілері отыратын топтан «Қыздар, ресторандар тоқтамайды. Жана сағат 15.00-де тоқтайды деп еді. Кешкі сағат 17.00-де тоқтамайды деген указ келді. Урааа...» деген тағы бір хабарлама жетті. Осындай WhatsApp желісіндегі аудио және қолжазбаларды көргеннен кейін көңілімізге күдік ұялап, төтенше жағдай жарияланған дүйсенбі күні кешкілік Тараз тойханаларына рейдке шықтық. Жарты сағат өтпей көзімізге Лермонтав көшесі бойындағы «Аяулым» мейрамханасында дүркіріп той өтіп жатқаны түсті. Ішке енсек, кәдімгі 200 адамға арналған үйлену тойы өтуде. Бетперде тағып немесе адам көп шоғырланған орында сақтанып отырған бір пенде жоқ. Асыр салып би билеп, бір-бірімен құшақтасып, құттықтасып жатқан халық. Тойхана меңгерушісі Гүлжан Жамированы сөзге тартып, не себепті төтенше жағдайда мейрамханада той тойланып жатқанын сұрадық. – Президенттің үндеуін естідік. Індетке қарсы ескертуін де біліп отырмыз. Алайда той иелері қоймай қойды. Ташкенттен шақырған қонақтары келіп қойыпты. Малын да сойып қойған. «Соттаса да, басқа қылса да той өтуі керек» деп қоймаған соң, бүгін той өткізіп жатырмыз. Алайда уәде беремін, ертеңнен бастап той өткізбейміз, – деп мейрамхана меңгерушісі ант-су ішті. Әрине, көптен күткен қуаныш болғаннан кейін қазақ ештеңеге қарағысы келмейтіні белгілі. Алайда Өзбекстан мемлекетінде өткен аптада коронавирус дерті тіркелгенін ескерсек, Ташкенттен келген қонақтардың індет жұқтырып әкелмегеніне кім кепілдік бере алады? Беті аулақ әрине, алайда ертең сол тойханадағы 200 адам бірдей карантинге жабылып, ауруға шалдыққаны анықталып жатса, елге не бетімізді айтамыз? Президент Жарлығында шекара шегенделсін деп тапсырма берілгенде, Өзбекстан мемлекетінің азаматтары Тараздағы тойда қалай тайрандап жүр? Жарлықта: «Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызметінің персоналын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен Қазақстан Республикасына келетін халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына көліктің барлық түрлерімен кіруге, сондай-ақ оның аумағынан шығуға шектеулер белгіленсін» делінген. Ташкенттен келген той қонақтары төтенше жағдай жарияланғанға дейін елімізге кіріп қойды дегеннің өзінде, олардың жүріс-тұрысын бақылап, тексеріп отыруы тиіс бір құзырлы орган болуы керек емес пе?Билік тарапынан қатаң шара қажет
Біз осылайша небәрі жарты сағаттың ішінде екі бірдей тойханада той тойланып жатқанын көзбен көрдік. Бұл түні қаланың басқа жерлерінде тағы қанша той тойланғаны бір Құдайға аян. Енді мұндай жауапсыздыққа не деуге болады? – Алдыңғы күні ғана тойда болдым. Коронавирус дертін ойлап жатқан тойхана иелері де, той берушілер де жоқ. Кәсіпкерлер әрине ең бірінші шығынға түсіп қалмауды ойлайтыны белгілі. Мұндай жағдайда билік тарапынан қатаң шара керек. Ораза кезінде де бір айға той тоқтағанда кәсіпкерлер шыдайды ғой. Неге қазір де олар сабырға келмей отыр? Естеріңізде болса, өткен жылы тойды сағат 19.00-де бастап, 00.00-ге дейін аяқтау туралы билік тарапынан талап қойылғанда бәрі соған мойынсұнды. Осы сынды атқарушы билік тарапынан батыл қадамдар керек. Оған қоғам белсенділері мен зиялы қауым өкілдері көмектесуі қажет. Азар болса, тойханалар мен өнер иелері аз-маз табыстан қағылар. Беті аулақ, алайда бір тойханада болған халықтың бәрі коронавирус жұқтырыпты дегеннен гөрі, осы дұрыс емес пе? – дейді ақын Үміт Битенова. Бұл пікірмен халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген де келіседі. «Жамбылда күнде той болып жатыр. Жерлестеріміз әлеуметтік ортақ жауапкершілік бар екенін түсінбей ме, әйтеуір ерегісіп жатқандай той жарысын тоқтатар емес. Тойхана иелері меніңше бетімен кеткен, тоңмойын, ақша үшін Құдайдан да қорықпайды. Екі мейрамхананың наурыз айына 40-тан аса тапсырыс қабылдап қойғанын естідім. Қазіргі жағдайда осындай тойханаларға той өткізуге қатаң тыйым салу қажет», – деп облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Мылтықбайұлы Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді. Иә, аға буын үлкендер төтенше жағдай кезінде тойдың өткізілуіне қарсы. Алайда кәсіпкерлер мен той иелері мұны құлаққа ілмей жатқандай. Ал жергілікті билік «арнайы топ құрып, тексеріп, ескертіп жатырмыз» дегенімен бұдан нәтиже шықпай жатқан секілді. Олай дейтініміз, кеше Тараздағы кафелер мен демалыс орындарының бірқатары жұмыс істеп тұрды. Ал түнгі сағат 23:00 шамасында қала тұрғыны GALAXI ARENA ойын клубында 100-ге жуық жасөспірімнің бетпердесіз, бір орында шоғырланып отырғаны туралы әлеуметтік желіде жазды. Артынша-ақ облыстық Полиция департаменті аталған мекенжай бойынша арнайы топ жіберілгенін мәлімдеді. Міне, осы сынды кәсіпкерлердің жауапсыздығы алаңдатып тұр. Ал тойханалардың бірі төтенше жағдайда еш қымсынбай той өткізіп жатса, енді екіншісінің меңгерушісі WhatsApp топтар арқылы тойды тыныш өткізіп жіберуге шақыруда. Сондай-ақ Шу ауданында тойы наурыз айына белгіленген той иелері «Бізге ешқандай тапсырма келген жоқ. Сондықтан тойды өткізе береміз» деп отырғандары туралы да хабар жетті. Сонда мұндағы жұрт төтенше жағдай дегенді түсінбей ме? Әлде облыста құрылған мобальдік топ тиісті деңгейде жұмыс жасамай отыр ма? Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл мәселені толықтай зерделеп, жауаптыларды жауапкершілікке шақырады деп сенеміз. Әйтпесе мұның арты жақсылыққа апармайтыны анық.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы