Білім беру миграциясы – бұл қазіргі жаһандану дәуіріндегі кең таралған құбылыстың бірі.
Жолдың арғы беті: шетел асу арман ба?
3,363
оқылды

Ол кейбір ел үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашса, енді бір ел үшін экономикалық және демографиялық даму тұрғысынан елеулі қауіп төндіруі мүмкін. Бүгінде шетелде білім алушылар саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл үрдіс сапалы білімге деген сұраныстың артуымен қатар, әлемдік университеттер арасындағы үздік студенттер үшін жүріп жатқан бәсекелестікпен де байланысты.

Мәселенің төркіні қайда жатыр?

Мамандардың айтуынша, жастардың шетелге кетуіне әсер ететін негізгі фак­тордың бірі – жалақының төмендігі. Әсі­ре­се, кейбір мамандықтар бойынша айлық табыс жастардың өмір сүру сапа­сына жеткіліксіз. Нақты айтқанда, бұл мәселе ең алдымен еңбек пен оның нә­ти­жесі арасындағы теңсіздіктен туын­дай­ды. Қазақстанда мұғалімдердің орта­ша айлығы 150 мыңнан 600 мың теңге аралығында болса, дәл осы мамандық иелері Швейцарияда ай сайын шамамен 6 240 доллар (яғни, 2,8 миллион теңгеге жуық) табыс табады. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 3 900 доллар көлемінде. Гер­мания, Норвегия, Жапония секілді дамыған елдерде де жалақы бірнеше есе жоғары. Бұл тек білім саласына ғана емес, медицина, инженерия, IT сияқты жоғары сұранысқа ие салалардағы мамандарға да қатысты.

Тағы бір басты себептердің бірі ретін­де жұмыссыздық мәселесі екені де дау­сыз. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы бұл көрсеткіш 4,8% болса, 2024 жылы 4,6%-ға төмендеген. Ал 2025 жылы жас­тар жұмыссыздығы 3,3%-ды құрады. Бұл цифрлар оң үрдісті көрсеткенімен, жұмыссыз жүрген жастардың саны әлі де баршылық. Ең басты мәселе – жұмыс бар болғанымен, оның мамандыққа сай келмеуі. Университет қабырғасынан енді шыққан түлектердің біразы мамандығы бойынша жұмыс таппай, мүлде басқа салаға бет бұруға мәжбүр. Бірі саудамен айналысса, енді бірі қарапайым жұмыс­шы қызметіне орналасады.

Ал өз саласында жұмыс істеуге мүм­кін­дік таппаған немесе жалақысы төмен, болашағы бұлыңғыр қызметтерге көңілі толмаған жастар шетелге көшуге бейім болады. Олар шетелден неғұрлым жо­ғары жалақыны, мамандығына сай жұ­мыс табу мүмкіндігін және әлеуметтік қол­дауды күтеді.

– Жастарымыздың шетелге оқуға кеткенінен проблема жасауға болмайды. Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы­мен қаншама жастарымыз шетелде білім алды.  Оның көбі қайтып келіп, елімізге қыз­мет істеп жүр. Тіпті, сол жақта қалып кеткен азаматтарымыздың өзі қандай ниет­пен қалғанына қарамастан, жанама түрде болса да елге пайда келтіреді. Яғни, сонда қалып азаматтарымыз түрлі дең­гейде Қазақстанды шетелге танытуға қызмет етіп жүр. 

«Болашақ» бағдарламасынан өзге кейбір елдердің Қазақстан азаматтарын оқытуға бөлген мемлекеттік гранты бар. Мәселен, менің ұлым Венгрия үкіметі бөлген мемлекеттік грантпен Дебрецен университетінің магистратурасын ин­вес­тиция саласы бойынша бітіріп, қазір елде қызмет етіп жүр, – дейді белгілі ұс­таз, қоғам қайраткері Өмір Шыны­бекұлы.

Үмітін сырттан іздеген ұрпақ

Бірнеше жыл қатарынан жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулер жастардың өмір сүру сапасын, білім беру деңгейін, жұмысқа орналасу мүмкіндігін, саяси тұрақтылықты өздері таңдаған е­лдермен салыстыра отырып, шешім қабылдайтынын көрсетті.

Алматыдағы PaperLab зерттеу орта­лығының деректеріне сүйенсек, жас­тар­дың 42%-ы шетелге көшуге дайын екен­ін немесе көшуге ниетті екенін айт­қан. Ал Ұлттық статистика бюросы­ның мә­лі­метіне сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан­нан шетелге 12 800 адам көшіп кеткен, оның ішінде 37,5%-ы – 20 мен 35 жас ар­а­лығындағы жастар. Бұл  4 800-ден астам жас азаматтың өз болашағын туған елден тысқары жерде көріп отыр­ғанын білдіреді.

Жастар арасында жүргізілген сауал­нама нәтижелері қазіргі буынның шет­ел­ге көшуге деген көзқарасын ашып көр­сетті. Зерттеуге қатысқан респон­дент­тердің тек 3,8%-ы ғана шетелде білім алып, сол жерде тұрақтап қалған. Ал 8,8%-ының Қазақстаннан тыс жерде алты айдан артық уақыт тұрған тәжіри­бесі бар. Бұл ретте жастардың басым бөлігі – 64,8%-ы шетелде оқымаған, тұр­ған емес және алдағы уақытта көшуді жос­парламайды. Дегенмен 26,7%-ы бола­шақта елден кетуге ниетті екенін жеткізген.

Шетелге көшу ниеті жас ерекше­лік­теріне қарай өзгеріп отыратыны байқал­ды. Шетелде оқуды және өмір сүруді қа­лайтын жастардың 33,2%-ын 14–19 жас аралығындағы жасөспірімдер құра­са, әрбір төртінші адам – 25–29 жастағы азаматтар. Зерттеушілер бұл көрсеткішті үлкен жастағы жастардың өмірлік жағ­дайын тұрақтандырып үлгергенінің көрінісі деп бағалайды. Себебі бұл жас шамасындағы азаматтар көп жағдайда білім алып, отбасын құрып, тұрақты жұ­м­ысқа орналасып үлгереді. Демек, адам есейген сайын эмиграцияға ұмтылу дең­гейі төмендейді.

Сауалнамада жастардың шетелге көшуге деген жалпы ниеті де сұралған. Нәтижесінде, жастардың 61,6%-ы басқа елге көшуді қаламайтынын ашық біл­дірген. Ал 11,5%-ы мүмкіндігінше тезі­рек кеткісі келетінін айтса, 17,1%-ы «көше­тін уақыт келеді» деп есептейді.

Нақты мамандықтар бойынша да қызықты деректер бар. 2024 жылы кет­кен­дердің ішінде 1 677 адам – жоғары білімді мамандар, 843 адам – техникалық сала қызметкерлері, 445 адам – эконо­мистер, 249 адам – педагогтар, 132 адам – заңгерлер, 222 адам – сәулет және құрылыс саласының мамандары.

Студенттердің шетелге кетуінің тағы бір себебі – шетелдерде білім сапасы жоғары деген пікір әр азаматта бар. М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ уни­вер­ситетінің Басқарма басшысы Талғат Нәрікбаев студенттерді елімізден кетуге тыйым салу мүмкін емес, бірақ мемлекет азаматтардың қалуы үшін бар жағдайды жасауы қажет деп санайды.

– Әрине, әрбір жас бай, табысты, кәсіби маман болғысы келеді. Сол се­бепті жастарды елімізден кеткісі келмес үшін мемлекет оларға барлық жағдайды жасауы тиіс, еңбек нарығында жалақы мөл­шері жоғары болуы қажет. Сондай-ақ мамандарды жұмысқа алу процесі ашық жүргізілуі керек.  Жастар жұмысқа танысы, туысы арқылы емес, кәсіби біл­ік­тілігінің арқасында адал жолмен орна­ласуға тиіс, – деді Талғат Нәрікбаев.

Еліміздегі жас өрендеріміздің жаппай шетелге кетуі – ұлтық мәселедегі дағ­да-р­ысқа жататын түйткіл. Бұл үрдісті тек та­­биғи көші-қон ретінде қабылдау қате­лік болмақ. Бұл бір жағынан, қоғамдағы сенімнің қаншалықты әлсіз екендігінің көрінісі. Сондықтан елге деген сенімді қайта қалпына келтіруіміз керек. Жастар тек материалдық игілік үшін ғана емес, мағынасы бар өмір үшін де кетіп жатыр. Ал егер Қазақстан жастарға сол мағына­ны, мүмкіндікті, еркіндікті бере алса, олар ешқайда кетпейді. Тіпті, кеткендері де қайтып оралуы бек мүмкін.

Әсет ҚАЛИ