Түрлі ақпараттарға көз салсақ, осы тақырыптың түбі қол жуу мен үйде отыруға тіреліп жатыр. Сол дұрыс па? Әрине, дұрыс емес. Мәселе сонымен оңай шешілсе соншама адам жер шарында ауырып, талайы көз жұмбас еді ғой. Соны аздап ойланған жөн сияқты.Ерік БАЙЖҮНІСОВ,ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасарыБіріншіден, адамзаттың тарихы эпидемиялармен тығыз байланысты. Тіпті, біздің бүкіл тарихымыз халықты жау мен эпидемиялардан қорғаудан тұрады десек те болады.
Тарихқа көз салсақ, біздің үйреншікті «карантин» деген сөзіміз итальянша quarantа (куаранта) деген сөзден шыққан. Және ол «қырық» деген санды білдіреді. Неге? Оның тарихы былай.
XIV ғасырда оба ауруы бүкіл жер шарына таралып, 200 миллиондай адамның өмірін қиғанда, Италияның жағалауына келген кемелер мемлекетке кіру үшін 40 күн 4 шақырымдай қашықтықта тұруға мәжбүр болған. 40 күннен кейін кеме бортына сол заманның дәрігерлері көтеріліп, кемедегі барлық адамдарды тексеруден өткізген. Елге кіруге тек саулары ғана рұқсат алып, науқастардың барлығы Лазаретто деген аралға жіберілген. Осы замандағы «лазарет» деген сөз де содан шыққан.
Содан кейін де жер шарын шешек (оспа), тырысқақ (холера) сияқты көптеген эпидемиялар басып, талай адамның өмірін қиғанын білесіздер.
Соңғы 20 жылдың ішінде де атипиті пневмония, доңыз тұмауы сияқты дерттердің де әлемге тарағаны белгілі. Сондықтан эпидемиялар болған және әлі де болады деп түсінген жөн.
Коронавирус та бізге таныс вирус. Бірақ бұл вирустың ерекшелігі – вирус жануардан адамға мутация нәтижесінде жұғу қабілетін игерген. Яғни вирустың өзгерген түрі. Біздің организмнің оған қарсы иммунитеті қалыптаспаған. Вирустың кеңінен тарап жатқаны сондықтан.
Басқа таныс вирустан тағы бір ерекшелігі – өлім көрсеткіші жоғары. 3%-ға жетеді. Барлық мемлекеттердің дабыл қағып жатуының себебі де сол.
Қалай болғанда да, өткен VII ғасырдың ішінде сол заманда қалыптасқан қағидалар еш өзгермеген десе де болады. Осы күндегі біздің істеп жатқан тірлігіміз де сол Италияда жасалған іс-әрекеттер.
Бұл жұмыстың негізгі мақсаты – сау адамдарды науқастардан ажырату. Инфекцияның адамнан-адамға жұғуын тоқтатпай, оны жеңу мүмкін емес. Бұл амал жоқтықтан істелетін шара. Соны бірден түсіну қажет.
Екіншіден, осындай эпидемиялар біздің даламызда да көп болған. Аса қауіпті (оба, безгек сияқты) аурулар ел арасында тараған заманда ауруға шалдыққан елді мекендер ауыл маңына қара жалау тіккен. Сол маңайда келе жатқан керуендер ондай елді мекендерді айналып өткен. Науқас тұрған үйге адам кіруге тыйым салынып, оған тек киіз үйдің бір бұрышынан ғана тамақ берілген. Науқасты далаға шығармаған. Тіпті, кейде байлап тастауға мәжбүр болған. Біржан салдың байланып жатып ұлына арнаған «Теміртас» әнін есіңізге алсаңыз, түсінесіз қалай болғанын.
Сонымен бірге қазағымыздың жаңа туған баланы қырқынан шығарғанша тірі жанға көрсетпей ұстағаны да сондықтан. Балдырғанды тұзды суға шомылдырып, суға күміс салу себебі де сол ауруға жол бермеу. Күмістің бактерияларды жою қасиеті бар.
Микроб, бактерия, вирус дегенді білмесе де ата-бабамыз адам өмірін сақтау үшін осындай іс-әрекеттерді қабылдаудың арқасында халқымызды аман сақтап қалған.
Сол заманда қалыптасқан дәрет алу рәсімі де негізінен тазалық арқылы аурудың алдын алуға арналған. «Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөз де сол заманнан қалды емес пе?!
Сондықтан бастан кешіріп отырған бүгінгі эпидемия – сол эпидемиялардың кезектісі. Сондықтан ойбайға салып, елді дүрліктірудің еш себебі жоқ. Осы заманның мүмкіндігін ескерсек, бұл қиындықты да аман-есен өткізуге толық мүмкіндігіміз бар.
Біздің қателігіміз – 20 жылдың ішінде жаңа ұрпақ дүниеге келіп, цифрлы технологиялардың кеңінен дамуына байланысты көптеген «білгіштер» сол кеңістікте жалған ақпарат таратуының нәтижесінде халық арасында вакцинациядан бас тартушылардың қатары көбейіп кеткенінде. Тіпті, «адам арасында табиғи іріктеу болу керек» деген опасыздардың да қатары көбейді.
Сонымен бірге көптен бері тіркелмегендіктен инфекция мәселесіне атүсті қарау да қалыптасты. Санитарлық-эпидемиологиялық сұрақтарды кей заманда назардан тыс қалдырдық.
Ал инфекциялар ешқайда кеткен жоқ. Олар әлі де арамызда. Сәл ғана жұмысты баяулатсақ, лап етіп бас салуға әзір. Бүгінгі жағдай соның дәлелі.
Не істеу керек? Бұл сұрақта екі түрлі қауіп бар. Біріншісі – дерттің күшін менсінбеу, атап айтқанда, ол кәдімгі тұмау сияқты екен деп проблеманың күшін сезбеу. Қалай десек те, бұл өте қауіпті дерт. Сақтықта қорлық жоқ емес пе?! Соны ескерген жөн.
Елмен араласуды азайту керек.Карантин қатаң тәртіпті және бағынуды талап етеді. Инфекция адамның әдеттері мен дағдыларын жағалап жүретінін ұмытпау керек. Неғұрлым халық арасында қол беріп амандасу, жиналып отырып, бірге тамақтану, ойын-сауыққа көп көңіл бөлу, жиі той жасау сияқты дәстүрлер кеңінен қалыптасқан сайын вирустың тарауына да шексіз жол ашылады.
Сондықтан біз күнделікті әдеттерімізді қайта қарастыруымыз керек. Үйде бесіктегі бала бар екен – «бауы берік болсын» деп келушілердің қатарын қысқартыңыздар. Қазақ атамыз сондықтан туған баласын жаман киіндіріп, сұрағандарға: «Өй, бұл көршінің жаман баласы» деп бөтен адамды жақындатпаған.
Қазір не көп? Той көп.Шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, тілашар деп жас баланың өскенше жанын қоймай тойлай береміз. Маңдайына күйе жағып, оны төрге отырғызамыз.
Күйе жаққанда да қазақ көз немесе тіл тимесін деп елді жақындатпауға ұмтылған емес пе? Ол заманда вирустың бар екенін кім білген? Әйтсе де, дерттің адам қатынасынан тарайтынын түсінген ата-бабамыз балаларын көздің қарашығындай сақтаған. Аман, Тұрар, Есен, Берікжан, Теміржан сияқты есімдер сол заманнан қалған. Туған балалары шетінен шетіней бергендіктен себебін түсінбеген халық қол жайып, Аллаға сыйынып, тағдырды алдаудың амалын іздеген. Сол сияқты қазақтардың арасындағы орыс есімдерінің кездесуінің бірден-бір себебі – осы.
Ал біз болсақ, қазіргі заманда балаларымызды бүкіл әлемге көрсетуге асығамыз. Бала-шағаны шұбыртып тойға барамыз, сауда орталықтарында жүреміз. Қонаққа барсақ та жанымыздан тастамаймыз. Содан инфекция жұқтырғанда ауруханаға жеткізіп әлек болып жатамыз.
Соны тоқтатайық, ағайын! Уақытша болса да. Өйтпесек, эпидемияны доғару қиын болады. Менің тәжірибемде талай тойда тараған аурулардан кейін сол тойға қатысқандарды іздеу жұмысы болды. Бүкіл Қазақстаннан іздейсің. Кім келгенін айтпайды кейбір той иелері. 500-ден астам адамды барлық облыстан іздеу салып, тауып, оларды карантинге жатқызумен әлек болып жатамыз.
Соны дұрыс түсінген жөн. Той жасалған күннің өзінде кімнің қайдан келгенін тез анықтап таба алсақ, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға мүмкіндік пайда болады. Ол өмір мен өлімнің арасындағы сұрақ. Оған немқұрайды қарауға болмайды.
Сонымен бірге үйде жүкті әйелдер мен қарттар бар болса, карантин шараларын күшейткен жөн. Қарт адам – үйдің берекесі, шаңырақтың негізі. Сондықтан қарттарымызға ерекше көңіл бөлетін кез келді. Инфекция жұқтырмайтын жағдай жасауымыз керек. Күн сайын дене қызуын тексеріп, дер кезінде емін беріп отырған абзал. Неғұрлым ауруды ерте анықтасақ, соғұрлым жазылуға жағдай жасалынады. Естен шығармайық соны. Ол кісілердің: «Өлсем, үйде өлейін, ауруханаға бармаймын» деген сияқты сөздеріне құлақ салмай, тезірек дәрігер шақыртып немесе жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізген жөн. «Жасарын жасады ғой» немесе «Бәрі Алланың қолында» деген сияқты ұғымды ұмытқан жөн.
Аман алып қалатын аурулардан адамды сақтау керек. Емге көнетін ауру болса, неге алып қалмасқа? Соны ескеріңіздер.
Келіндеріңіз бен қыздарыңызды қадағалаңыздар. Көп шықпасын далаға. Әсіресе, жүкті болса немесе емшектегі балалары бар болса, шыдау керек. Кемінде 1 ай. Қиын емес қой. Әңгімелесіп, бала тәрбиелеп, бала-шағамен шай ішіп отыратын заман келді.
Ештеңе жоқ, көппен көрген – ұлы той. Бұл заманнан да өтеміз. Көк шығып, күн жылысын. Бұл – бір сын. Талайынан өттік емес пе? «Ел аман болсын» деген сөздің айтылар кезі – осы.