Ұлттық қауіпсіздік – мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін ең басты тіректердің бірі. Ақпараттық кеңістікті қорғау мен кибер шабуылдарға қарсы тұру да ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігіне айналып отыр.
Киберқылмысқа қарсы күрес күшейді
4,769
оқылды

«Төртінші индустриялық революция дәуірінде ақпаратты бақылауға алған тарап, әлемдік ықпалға ие болады» деген тұжырым өз маңыздылығын жойған жоқ. Цифрлық және желілік технологиялар жаңа деңгейге шыққалы бері ақпараттық кеңістікте бұрын-соңды болмаған өзгерістер орын алды. Әсі­ресе, бұл құбылыс азаматтардың қоғамдық белсенділігіне, ұлттық ақпараттық алаңға және медиа жүйесіне елеулі әсер етті.

Соның салдарынан жаңа медианың ық­палы артып, ол дәстүрлі ақпарат құралдары­ның орнын басып, халықтың қоғамдық белсенділігін, өмірлік құндылықтары мен салт-дәстүріне де өзгеріс әкелуде. Осындай ауқымды ақпараттық өзгерістердің қауіпті қырларын зерттеу – бүгінгі гуманитарлық және қолданбалы ғылымдар үшін аса өзекті міндеттердің бірі. Себебі ақпараттық әсердің күшеюі қоғамның тұрақты даму үдерісіне, оның коммуникациялық инфрақұры­лымының дамуына және саяси-қоғамдық мәліметтердің нақтылығына тәуелділікті арттырып отыр.

Еліміздегі киберқылмыстар шамамен 2010 жылдан бастап жиі тіркеле бастады. Бұған екі басты фактор ықпал етті: біріншісі – смартфондардың кең таралуы, екіншісі – онлайн банк жүйелерінің қарқынды дамуы. Бұл бір жағынан өмірді жеңілдетсе, екінші жағынан – алаяқтарға сан түрлі цифрлық шабуыл жасауға жол ашты. Әсіресе, пан­демия кезінде халықтың қашықтан жұмыс істеуге көшуі кибершабуылдардың санының үш есеге жуық өсуіне себеп болғанын ресми статистикадан байқауға болады.

Қазақстанда ақпараттық иммунитеттің әлі толық қалыптаспауын ескерсек, бізге кибершабуылдарға қарсы күресті жүйелі түрде ұйымдастырып, цифрлық қауіпсіздік саласына жоғары білікті мамандарды тарту аса қажет. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік жайлы халық арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұл сала мемлекеттің стратегиялық даму жоспарында алдыңғы қатарға қойылуы тиіс.