Бүгінге дейін гроссмейстер атағына 40 қазақстандық ие болған. Оның 24-і ер адам болса, 16-ы – әйелдер. Бұл шахматтағы озық көрсеткіш бол­ғанымен, бір «әттеген-айы» бар.
Шахмат ойнаған озар
5,501
оқылды

Ол –­ қазақтілді тренерлердің аздығы. Шахмат ұлттың интеллектуалды әлеуетін қалыптастыратын тәрбие құралы деп есептелсе, онда бұл спорт мемлекеттік тілде үйретілуге тиіс емес пе? Қазақтілді шахмат жат­тықтырушылары неге санаулы? Бұл ойынды қазақ тілінде үйренгісі келетін бүлдіршіннің талап-тілегі қашан орындалады?

Қазақтілді орта қашан кеңейеді?

Өкінішке қарай, қазір Қазақ­станда қазақ тілінде жүргізетін шахмат комментаторлары небәрі үшеу ғана. Сол үшеудің бірі – Фар­хат Мәжитұлы. Оны Қазақ­стан шахмат федерациясы арнайы шақырып, 2023 жылғы 9 сәуірде Сент-Реджис қонақүйінде өткен Ян Непомнящий мен Дин Лижэнь арасындағы Әлем чемпионатын тікелей эфирде қазақша түсіндіріп беру міндетін сеніп тапсырды. Сол тарихи матчтағы тікелей эфир­ді тізгіндеген Фархат Мәжи­т­ұлы мен халықаралық гросс­мейс­т­ер Мұртас Қажығалиев болды.

Бүгінде шахматты үйренемін деген жас буын арнайы орталық­тар мен академияларда талабын шыңдай алады. Осындай орта­лық­тағы жаттықтырушының көбі жұмысын орыс тілінде жүргізеді. Ал ауыл-аймақтарда мұндай орта­лық тұрмақ, шахмат жаттықтыру­шыларының өзі тапшы. Фархат Мәжитұлы да ауылда кәсіби жат­тық­тырушысыз шахматты мең­герген. Ойын шартын сыныпта­сынан үйреніпті. Зиятын арт­тыра­тын шахматқа қызыққаны сон­ша, өз бетінше кітап парақтап, спорт шеберіне үміткер деңгейіне дейін жеткен. Осындай тәжірибе­ден өткен ол тіл мен білікті ма­ман­дар­ды дайындауға басымдық бергенде, бұл мәселе ауылдарда әлдеқашан шешілетін еді деген тұжырымға келді.

– Ауылды жерде білікті шах­мат маманын табу қиын. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр. Өйткені зерек, талантты бала көп. Бірақ олар шахматты мемлекеттік тілде үйренгісі келеді, кітап оқығысы келеді. Өкінішке қарай, қазақ тілінде мұндай деңгейдегі шахмат кітаптары жоқтың қасы. Айтылып отырған мәселенің түп-төркіні – қа­зіргі жаттықтырушылардың орысша білім алғанында. Бұрын­ғы буын көбіне орыс тілінде білім алғандықтан, біз өзіміз де осы қиын­дыққа тап болдық, – деді Ф.Мәжитұлы.

Бұрын бұл мәселені неге шеше алмадық? Фархат Мәжитұлының айтуынша, шахматпен кәсіби түрде айналысатын қазақтілді спортшылар өте аз. Бүгінде қазақ­стандық шахмат ортасы кеңейген. Өйткені бұл енді ғана бұқаралық сипатқа ие болып келеді. 

– Президент шахматты өте жақсы қолдауда. Шахматтың насихатталуы да қарқынды жүріп жатыр, елімізде мықты ойыншы­лар қатары уақыт өте артып отыр. Қазақ тілінде үйреніп жүрген балалар бар, олар шахматты соңғы 3-4 жылда ғана бастады. Сондық­тан бұл мәселе таяу уақытта шеші­леді деп ойлаймын. Кемі 5 жыл, ары кетсе 10 жыл ішінде қазақ тіл­інде сабақ беретін білікті ма­ман­дар, жаңа буын кадрлар дайын болады деп сенемін, – дейді ол.

Бүгін жаттықтырушыларды былай қойғанда, «өз бетіммен дай­ын­даламын» деген балаға оқу­лық не нұсқаулық жоқ. Мемле­кеттік тілде шахматты оқытатын әдебиет мүлде жазылмады десек те болады. Бар болса да, саусақпен санарлықтай. Атап айтқанда, әл­ем­нің бірнеше дүркін чемпио­ны, әйелдер арасындағы халық­ара­лық дәрежедегі гроссмейстер Динара Сәдуақасованың «Шахмат ойнап үйренейік» атты кітабы бар. Мұ­ның өзі осыдан 7 жыл бұрын жаз­ыл­ған еңбек. Ал соңғы уақытта жарыққа шыққан кітаптың бірі – жақында мектептерге жол тартқан 1-сыныпқа арналған «Шахмат негіздері» оқулығы. Бастауыш мектеп курсына арналған бұл оқу­лық балаларға ежелгі әрі зияткер­лік ойындардың бірі – шахматтың негізгі қағидаларын меңгеруге кө­мектеседі. Ал кәсіби деңгейдегі, тәжірибесі жоғары шахматшы­ларға арналған әдебиеттер әлі жазылмады. Аударма жағы да дәл осындай сипатта.

– Барлық сапалы, мазмұнды кітаптар орыс тілінде жазылған. Терминология да, әдістемелер де сол тілде қалып қойды. Мәселе мынада: біз балаларды оқытып жүр­ген ең мықты кітаптар – әйгілі шеберлердің, жаттықтыру­шы­лардың, кеңестік шахматшылар­дың еңбектері. Егер біз осы ма­ңыз­ды, іргелі шахмат кітаптарын қазақ тіліне аудару мәселесін көтерсек, өте жақсы болар еді. Сонда қалалық та, ауылдық та балалар өз бетінше кітап арқылы шахматты үйрене алар еді. Менің ойымша, алдағы 5-10 жылда бұл мәселе қазақ тілінің пайдасына ше­шіледі. Кәсіби деңгейде қ­а­жетті негізгі әдістемелер, партия­лар жинағы, әйгілі гроссмейс­терлердің үздік ойындары мен терең талдаулары, мысалы, Бот­винниктің, Каспаровтың «Менің ұлы ізашарларым» секілді еңбек­тері қазақ тіліне әлі аударылған жоқ. Осындай сапалы кітаптар аударылса, керемет болар еді. Алайда қазіргі таңда баспа ісінде әлі де жүйесіздік бар, сондықтан күтіп отырмыз. Баспа ісі мен аудар­ма реттелсе, қазақтілді шах­матшылардың сапасы мен саны да арта түсері сөзсіз, – дейді Фархат Мәжитұлы. 

Сонымен қатар әлемдік матч­та комментатор болып, қазақша ақпарат таратқан Фархат Мәжит­ұлы комментаторлық бағытта әлі де тұрақты жүйе қалыптаспағанын алға тартты.

– Менің ойымша, бұл жерде мәселе – көрерменнің жоқтығын­да емес, мәселе – шахматтың қазақ аудиториясында енді ғана танымал бола бастағанында. Иә, қазірше комментаторлық бағытта айтарлықтай жүйе қалыптаспаған, бірақ бұл уақытша құбылыс деп сенемін. Себебі болашағы зор, дарынды жастарымыз көп. Жақын арада бұл мәселе де шешімін та­бады деп ойлаймын. Өйткені елі­мізде шахматқа деген қызығушы­лық күн санап артып келеді, – деді.

Оның айтуынша, шахмат ком­ментаторы болу үшін жүйелі сөй­лей білу жеткіліксіз, ол шахматты терең түсінетін, тәжірибелі ойын­шы болуы керек. Әсіресе, шебер­лердің партияларын талдап беру үшін өзі де жақсы деңгейде ойнай алуы шарт екенін айтты.

Терминологияға бірізділік керек

Кей мектептерде шахмат пән ретінде оқытылып жүр. Айдос Тұрғанбай – Астана­да­ғы Zerdeli халықаралық мектебін­де шах­маттан балаларға қазақ тілінде сабақ өтіп жүрген жалғыз тренер. Ол нұсқау­лықтарды пайдалану әлдеқайда қиын екенін айтады.  Оның себебі мек­теп жасындағы балаларға арнал­ған оқулықтар жоқ.

– Шахмат ақыл-ойды өсіреді. Бірақ қазақша ойланатын бала үшін бұл қиындық туғызып жа­тыр. Өйткені қазақ тілінің тер­ми­но­логиясы дұрыс қалыптаспаған. Қазір әр ойыншы өзінше аударып жүр. Меніңше, сөздіктерге мемле­кеттік деңгейде назар аудару ке­рек. Филологтар мен шахмат шебер­лері келісе отырып қазақша нұсқаулықтарға бірізділік енгізсе, шахматтың қазақша ауқымы да кеңейер еді. Бастауыш оқып жүр­ген кезде шахматты хобби ретінде бастап едім. Қазір байқасам, содан бері ауылымда кәсіби маман да, шахматтан жетістікке жетіп жүрген бала да жоқ, – дейді ол.

Шахмат – баланың мінезін қалыптастырады: зеректік, шешім қабылдау, сабырлық, өзін өзі ұстау сияқты басқа да адамгершілік қасиеттер интеллектуалды ойын арқылы бойға дариды. Мектеп қабырғасында бұлар ойын арқылы ғана емес, арнайы дайындалған бейнеролик пен анимациялар арқылы да түсіндіріледі. «Осындай мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмай жатырмыз», – деген Айдос Тұрғанбай қазақтілді бағдарла­малар жасау керегіне тоқталды. 

– Сабақ барысында балаларға үзіліс ретінде бейнежазбаларды көрсететін кездер болады. Әлеу­меттік желіден іздейтін болсақ, тек орысша материалдар шығады. Қазақшасы табылғанның өзінде сапасы өте нашар, балалар одан ештеңе ала алмайды. Содан орыс­ша бейнематериалдарды амалсыз пайдаланамыз. Кітап шығару қиын болса, қазір бәрін электрон­ды түрде жүзеге асыруға да бола­ды. Неше түрлі программа бар. Сондай жүйелерге қазақ тілін орнат­сақ, кедергілерден әжеп­тәуір арылатын едік. Қазақша ойлаған бала қазақ болып өседі. Сондықтан шахматқа спорт деп емес, ұлттық құндылығымызды дамытатын мүмкіндік деп қарауы­мыз керек, – дейді Айдос Тұрғанбай.

Шахматта қазақ тілінің дұрыс өркендемеуінен дарынды балалар мен білікті ұстаздар өз әлеуетін толық аша алмай отыр. Шахмат тақтасында қазақ тілі үстемдік құрса, елдің ертеңі терең ойлы, зерделі, ұлттық рухы берік ұрпақпен бекемделері сөзсіз. Бұл – тек бір спорт түріндегі тілдік жеңіс емес, ұлттың зияткерлік биігіне бет алған рухани серпілісі. Ендеше шахматтағы әр жүріс – тіл тағдырына жасалған нақты қадам.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ